Негізі осы тақырыпта қалам тербеуімізге жуырда ғана әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен ақпарат түрткі болған еді. 16 жастағы бойжеткеннің әлеуметтік желі арқылы діни ағымға бой алдырған жігітпен үш рет сөйлесіп, тұрмысқа шыққаны, бір айдан кейін күйеуі оны талақ айтып, тастап кеткені туралы ақпар талайдың жағасын ұстатқан. Сорақысы ол емес. Сұмдықтың «көкесі» – әлгі жігіттің көп уақыт өтпей-ақ талақ айтқан әйелінің құрбысына үйленіп алғанында.
Ажырасудың бұл түрі ағым ба, адасу ма? Мамандардың мәліметіне сүйенсек, бүгінде талақ айтып, ажырасу оқиғалары көбейіп тұр. Мұндай үрдіс, әсіресе, еліміздің батыс өңірлерінде белең алған. Батыс Қазақстан облысындағы Дінді зерттеу орталықтары қауымдастығының директоры Юлия Денисенко ақтөбелік мектеп оқушылары әлеуметтік желі арқылы танысып, екі-үш сөйлескеннен кейін-ақ некелесетін күндерін белгілейтін жігіттерге алданып қалып жатыр дейді. Тіпті, бойжеткендердің бір айлық жұбайлық өмірлері жайлы олардың ата-аналары да білмей қалады екен. Ал ажырасуға бір ғана нәрсе негіз болып отыр. Ол – ерінің әйеліне талақ айтуы. Көне деректерге көз жүгіртсек, ер мен әйел ертеде талақ айтып, ажырасатын болған. Бірақ, кейін ислам діні орныққан соң ерлердің талақ айту құқы үшеуге шектелген. Бұл нені көрсетеді? Діннің себепсізден-себепсіз ажырасуды құптамайтынын білдіреді. Жалпы, талақ айту, ажырасу мәселесіне имамдар қандай пәтуа айтады? Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облысымыздағы өкілі, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев себепсізден-себепсіз ажырасу нәпсіқұмарлардың ісі екенін айтады. Мұндай отбасын «уақытша некеге» тұрғандардың қатарына жатқызуға болады дейді. «Бұл мәселе елім дейтін азаматтарды немқұрайлы қалдыра алмайды. Себебі, «Отан отбасынан басталады». Отбасының беріктігі – мемлекеттің қуаттылығы. Жалпы, уақытша неке, яғни біріне талақ айтып, екіншісін алу ертеректе арабтардың жәәлид дәуірінде қатты белең алған. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) оған рұқсат бермеген, қатаң тыйым да салмаған. Бірақ, хайбар соғысында пайғамбарымыз: «Алладан екі нәрсеге үкім келді. Сол екі нәрсені істеу харам. Бірі – уақытша неке, шариғатта мұны неке мұта дейді, екіншісі – есектің етін жеу. Осы екеуін Алла тағала біздерге харам етті», – деп хабар жеткізген. Сол уақыттан бастап мұсылмандарға «уақытша неке» мүлде харам етілген. Пайғамбарымыз өзінің соңғы қоштасу құтпасында, яғни сахабаларға айтқан уағызында, халыққа жеткізген аманатында «уақытша некенің» Алла тағала тарапынан тыйым салынғанын шегелеп айтқан. Содан бері мұсылман елдері және ғалымдардың барлығы бірауыздан мұның үлкен күнә екенін, оның жақсылыққа апармайтынын айтып, бір әйелді талақ етіп, екіншісін алу шариғатқа жат нәрсе деп қараған. Ал енді бүгінде кейбір теріс ағымдағылардың оны қайта қаузап, талақ айту пайғамбарымыздың уақытында да болған екен дегенді желеу қылып, сондай қадамға баруы – жұртты адастыру. Тіпті, қыз-келіншектердің бір жылда сегіз-он рет неке құрғанын естіген кезде жағамызды ұстадық. Бұлай қиянат жасау – ең үлкен ауыр күнә. Негізі Алла тағаланың адал етіп берген нәрсесін харам десе, харам еткенін адал десе, одан асқан күнә жоқ екені Құран Кәрімде де жазылған. Біз Алланың адал етіп бергенін адал, харам еткенін харам деуіміз керек. Сондықтан, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл мәселеге қатысты арнайы пәтуа шығарған. Бейнеролик жасап, жастарға жалған тән жиһадын жасаудың зиянын ашып, түсіндіруде», – дейді Данияр Әлимұхамедұлы. Имамның айтуынша, талақ айтып, бір әйелмен ажырасып, екіншісін алу «уақытша некеге» жатқызылады екен. Сол себепті уақытша отбасын құрып, еш себепсіз ажырасып жатқандарды нәпсінің қалауына ерік бергендер деуге де болады. Әбу Дәуіттің хадис жинағында ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Рұқсат берілгендердің ішіндегі Аллаға ең ұнамсызы ол – талақ», – дей отырып, жөнсіз ажыраспауға үндейді. Сондықтан да болар, кей ғалымдарымыз ажырасудың өзін жағдайына қарай уәжіп (ажырасуға міндетті), мәндуб (өз еркі) және харам (ажырасуға тыйым салынады) деп бөлген. Полиандрия немесе «халал жезөкшелік» Теріс ағымдағылардың талақ айтып, әйел «жаңарту» үрдісі қоғамда тағы бір келеңсіз жағдайлардың өрбуіне жол ашып отыр. Ол полиандрияға, яғни бір әйелдің бірнеше рет мәжбүрлі түрде күйеуге шығуына итермелеуде. Осыған байланысты бүгінгі сөз қолданысымызға «халал жезөкшелік» дейтін термин енді. Бұл бір жұқпалы дерт секілді. Халал деп көлейгелегенмен, оның артында сұмдық пиғыл жатыр. Некелі әйелін досына «сыйға» тартатын салт та осыдан пайда болған. Мәселен, жарының теріс әрекетін көрген отағасы оны талақ етеді делік. Бірақ, талақ айтумен ол әйелді еркіне жібермейді, әлдекімнің еншісіне береді. Бұл сорақылық осымен тоқтаса жақсы. Алайда, пиғылдары ұқсас «күйеулер» ол әйелді осылай бір-біріне итермелеп, тағдырын тәлкекке салады екен. Осындай «халал жезөкшеліктің» құрбаны болған атыраулық әйелдің басынан өткен жағдай әлеуметтік желілерде әбден талқыға түскені мәлім. Бұл – бес жыл бұрын болған оқиға. Күйеуінің досына «тарту» етілген әйел төрт жылда сегіз рет тұрмысқа шығуға мәжбүр болған. Ең сұмдығы – әлгі бейбақ туған ұлының әкесі кім екенін білмеуінде. «Халал жезөкшелік», «халал той», «халал такси»... Жалпы, халал сөзін кез-келген нәрсеге тіркей айтуымыздың салдары қалай болды?! Теріс пиғылдылардың іс-әрекеті жастарды адастыратынын ойладық па? Кәсібін жарнамалаудың осындай үлгісі дұрыс па? Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев халал – адал деген мағынаны білдіретінін, оның тек ас-ауқатқа ғана байланысты айтылу керек екенін айтады. «Алдымен азық-түлікті жарнамалаушылар өз өнімдеріне «халал» деген жапсырма жапсырды. Оған үндемедік. Одан кейін «халал той» деген шықты. Көпшілікке арналған дастарханда ішімдіктер қойылмайтын болған соң, солай айтатын шығар дестік. Ал енді «халал жезөкшелік» деген ұғым пайда болды. Сонда бұған да үн қатпай отыра береміз бе? Жезөкшеліктің «халал» болуы мүмкін бе? Нәпсіқұмарлықтан өткен харам нәрсе бар ма? Біз неге соны ойламаймыз?! Бұл теріс ағымдағылардың жастардың санасын улауды көздеген мақсатты әрекеті екенін түсінуіміз керек. «Тән жиһады» дегенді алға тартып, бүгінде қаншама қаракөз қарындастарымыз сонау соғыс жүріп жатқан мұсылман елдеріне барып, осындай жаман әрекетке баруда. Ондағы бүлікшілер жазықсыз елдің өмірін қиюда. Ал біздің бойжеткендеріміз солардың тән қалауын қанағаттандырып, жиһад жасап жүрміз деп ойлайды. Тіпті, өзінің отбасы, күйеуі, балалары бар әйелдердің осындай сорақылыққа баратыны сұмдық қой. Айтатын желеулері – жиһад жасағанға жұмақтың есігі ашық болады дейді. Бұл – адасу. Жезөкшелік, нәпсіқұмарлық, уақытша неке – харам», – дейді имам. Түйін: Ненің харам, ненің халал екенін түсіну үшін білім керек. Бүгінгі қоғамдағы басты қажеттіліктің бірі – білімділік, саналылық және діни сауаттылық. «Дүмше молда дін бұзар» дегендей, білімсіздік кісіні адастырады. «Құдайды да білімсіз танып-білу мүмкін емес» дейді. Рас сөз. Әсіресе, түрлі діни ағымдар қаптап тұрған қазіргі кезеңде мұны жастарға жиі айту қажет-ақ. Бүгінгі адасулардың түпкі себебі де осы. Білімсіздік.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді