Аталардың ақ жолы Қарасу ауылдық аймағындағы үлкен бір әулеттің тегіне (фамилиясына) айналған Дәуітқұлдың да, оның ұлы Бейсекенің де осы өңірдің тау-тасы мен сай-саласында сайрап жатқан іздері әлі көмескілене қойған жоқ. Артында «Дәуітқұлдың ойы», «Дәуітқұлдың сазы» деген жер атаулары қалған, көнекөздердің аузында жақсы қасиеттерімен ғана аталатын адам тегін болмаса керек-ті. Осы өңірді мекендеген Сырымбет, Өтеп ішінде төрт түлік малы жер қайысқан байлардың қатарында болмаса да, Дәукең өз игілігін адал еңбегімен жиған дәулетті адамдардан екен. Ал оның өткен ғасырмен таласа өмірге келген ұлы Бейсеке болса, мал бағып, ел басына күн туғанда Ұлы Отан соғысына аттанып, қан майданнан мүгедек болып оралған майдангер еді. Өмірінің соңына дейін шопан таяғын қолынан тастамаған жан деседі. Бейсеке Дәуітқұлов кеңестік ұжымдастырудың алғашқы жылдарында небәрі 500 қоймен артель ұжымшардың малын жетпісінші жылдары 40 мың басқа дейін өсіруге үлес қосқандардың бірі болды. Бейсекенің Дәмеш және Анна есімді екі әйелінен тараған он шақты ұл мен қыздың бәрі де еңбекқор болып өсті. Көкшіл көзді, қырғи қабақ, қыр мұрындыларының анасы – ел ішінде Нюра аталып кеткен Анна Степановна. Оның Дәуітқұловтар шаңырағына келуінің өзі бір тарихы оның. Ресейдегі столыпиндік реформаның желеуімен қазақ жеріне қара шекпенділердің қоныс аударып жатқан кезі болса керек. Бірде Қордай өңірінің сөз ұстаған көсемі Ноғайбай би Ташкенге құрылтайға барады. Сонда қала ішінде такси қызметін атқарған тарантастардың біріне мінгенде оның орыс көшірін сөзге тартса керек. Ат айдаушы Степан Куликовтың ағаштан қиып диірмен, үй жасайтын ұсталығы, бағбандық та өнері барын білгесін, оны қоярда қоймай Қордайға көшіріп әкеледі. Шарбақты өңіріне қоныстандырып, алдына азын-аулақ мал да салып береді. Куликов та уәдесінде тұрып бұл аймақта бұрын-соңды болмаған екі диірмен орнатып, Ташкеннен арба жіберіп алдырған ағаш көшеттерінен жеміс бағын отырғызады. Сол кездері оның Варвара есімді қызы бойжетіп қалған екен. Степан оны фрунзелік бір азаматқа тұрмысқа беріп, одан Анна, Надя, Таня есімді жиен немерелері өмірге келеді. Степан Дәуітқұлмен, тіпті, жақын тамыр болады. Сол достығы кейіннен жекжаттыққа ұласып, жиен қыздарының бірі Аннаны оның ұлы Бейсекеге ұзатқан екен. Бүгінде Дәуітқұловтардың қара шаңырағында төрде ілулі тұрған суретіне қарап, Анна апаны өзге ұлттың өкілі деуге қимайсың. Орамалын тамағына дейін орай қымтаған кәдімгі қазақ әйелінен аумайды. Бір қызығы, Степанның жиен қыздарының үшеуі де қазақ жігіттеріне тұрмысқа шығыпты. Бейсекең туралы ел аузында аңызға бергісіз небір әңгімелер сақталған. Соғыстан кейінгі жылдары жетім қалған Володя, Миша деген екі орыс баласын асырап алып, өз балаларындай мейірімін төккен деседі... Балалар үйінің тағы бір түлегі Николай Новиков деген тракторшы азамат «Сендердің әкелерің мені асыраған, үйлендірген» деп оның балаларына үнемі сый-құрмет көрсетіп жүреді екен... 1929 жылы елге Қажымұқан келіп, «палуанды кімнің үйіне түсіреміз?» деп дағдарғанда, басшылар «бір көтерсе сол көтереді» деп, Арпатектр жайлауында отырған Бейсекенің үйіне түсірген деседі... Аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің 1969 жылғы бір санында «Искра Ленина» колхозының үздік шопаны болған Бейсеке Дәуітқұлов туралы мақала жарияланыпты. Онда еңбек демалысына шыққан Бейсекенің алты ұлы Әбішқа, Мамыт, Сұлтан, Меден, Бүркіт және Бейқұттың еңбекке араласып, үшеуінің шопанның ақ таяғын қолына алғаны жазылған. Кейіннен Әбішқа мен Мамыт арнайы білім алып бірі ветеринар, бірі зоотехник болып еңбек етсе, Сұлтан мен Бүркіт те басқа салаға ауысады. Бейқұт техника тізгінін ұстайды. Тек Меден ғана әкенің ақ таяғына ақырына дейін адал болды. Біздің бүгінгі әңгімеміздің де өзегі сол кісі жайлы. Әке мұрагері Тоғыз баланың төртіншісі – Меден Дәуітқұлов 1938 жылы туған. Он алты жасынан мал соңына еріп, дүниеден өткенге дейін (елу сегіз жасқа дейін) шопандықтан қол үзбеді. Тіпті, зейнетке шығып та үлгермеді. Қырық жылдан аса мал соңында жүріп, денсаулығына сызат түсті. Оның шопандық кәсіпте игерген асулары мен қол жеткен табыстарының даңқы кезінде өзі еңбек еткен «Искра Ленина» колхозынан асып, облысқа үлгі болған. Жылма-жыл қозы алу мен жүн қырқу науқанында алдына жан салмайтын М. Дәуітқұлов бірнеше шақырылым бойы аудандық кеңестің депутаты болды. Суреті ауданның Еңбек Даңқы галереясынан және колхоздың Құрмет тақтасынан түспейтін. 1969 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып, көрменің күміс медалін тағып қайтқаны өз алдына бір ерлік. Өйткені, соның алдында ғана малға жұт әкелген алапат қыстан талайлар алдындағы малынан айырылып, құр таяғын сүйретіп шыққан. Ал Меденнің отарынан бір бас та кемімей, көктемде жүз саулықтан 109-дан төл алынып, шопанға «мал шаруашылығының шебері» атағы берілген болатын. Одан кейінгі жылдарда да ол отарындағы әр жүз саулықтан ұдайы 110—120 аралығында төл өргізіп, колхоз шопандарының көшін бастап жүрді. 1973 жылдың қорытындысы бойынша «Искра Ленина» колхозы КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің және ауыл шаруашылығы еңбеккерлері кәсіподағы орталық комитетінің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алып, шаруашылықтың бірқатар еңбеккерлері жоғары үкімет наградаларын иеленген болатын. Солардың алды болып еңбектегі айрықша жетістіктері үшін Меден Дәуітқұлов Еңбек Қызыл Ту орденін өңіріне қадады. 1985 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ол кезде мұндай айрықша құрметке еңбек майталмандары болмаса, екінің бірі қол жеткізе бермейтін. Ауылда ең алғаш үкіметтен машина мінген де, ең алғаш даңғарадай үлкен үй салған да Меден екен. Меденнің замандасы, бүгінде Өтеген ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрған Жасыбаев: «Мен ферма меңгерушісі болдым. Меден он бес жылдай менің қарамағымда жұмыс істеді. Сонда жастайынан мал бағудың сырын әбден меңгерген шопан екеніне көзім жеткен. Оның жоспарды орындамай қалған кездері болған емес. Бір ерек қасиеті – мінезі біртоға, бармын деп таспады, кеуде керуді мүлде білмейтін. Жас кезінен жаны да, тәні де таза көшелі кісілерге үйір еді. Солардың ұлағатты сөздерін тыңдап, оны бала тәрбиесіне орнымен қолдана білді. Ауылда жаңадан отау құрған жастардың да малданып, үй-жайлы болып кетуіне қолдан келген көмегін аямайтын. Ол әкесінің: «Саған аманат еткенім адалдығым мен маңдай терім болсын. Бейнеттен қашпа. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрем деп менің атыма кір келтірме. Қай заманда да адал еңбек адамды аздырмайды» деген өсиетін жадынан шығармады. Меденнің тағы бір әдеті Ағалатас аталатын атақоныс қыстауда болсын, Бозбесік, Түйеқарын, Утас, Ойсаз, Суықтөбе деген жайлауларда болсын, жыл бойы бие байлап, қымыз сапыратын. Арлы-берлі өткендерге дастарханы ашық болатын. Аударыспақ, көкпар десе, делебесі қозып, ат өнерінің көрігін қыздырып жіберетіні де бар екен. Тіпті, жетпісінші жылдардың ортасында аударыспақтан облыстық жарыста бірінші орын алыпты. Сәйгүлік баптайтын да өнері болған, «Меденнің қара аты» деген тұлпары талай мәрте аламан бәйгенің алдын бермепті. – Көктемде қой туыты кезінде көмекке барғанымызда өзі де жай таппай, өзгелерге де дамыл бермейтін. Ол қай қойдың егіз немесе жалқы туатынын бір қарағаннан білетін. Түн ұйқысын төрт бөліп, қорадағы малды аралап, туыты жақындаған қойларды бөлек клетке шығарып, тыным таппайтын. Ағамыз отарды таң алагеуімде өріске шығарып, түннің бір уағына дейін жаятын. Малын сәскеге дейін қорадан шығармайтын немесе кешкі апақ-сапақта әкеліп қамай салатын жалқауларға жаны қас еді. Олардан ағалық ақылын аямайтын. Өмірден түйген ойлары мен тәжірибесін бөлісіп отыратын. Мәселен, малды таңғы салқында және түнде жақсы жайылатынын үнемі айтумен болды. «Отарды жазда шұбырта, қыста тоқырата жай» дейтін. Онысын жазда қой шөптің басын жейді, қыста шөптің түбін жейді деп түсіндіретін», – дейді. Орнында бар оңалар Үздік шопан, қамқор әкенің мағыналы өмірі балалары үшін үлгі-өнеге болғаны сөзсіз. «Аманкүл жеңешем ақкөңіл, ойындағысын бүкпей айтатын ашық, ақжарқын жан еді. Ол екеуі тәрбиелеп өсірген балалары ата-аналарындай еңбекқор болып өсті. Аттарын ұйқастырып Шопан, Шоқан, Шолпан, Олпан деп қойған. Осы ұлдары мен Бибігүл, Ақмарал, Ақбота деген қыздарынан жиырмадан аса немере мен шөбере көрді, – дейді қарындасы Мейрамкүл. Қызы Ақмарал әкесінің бауырға, балаға деген ықыласы ерекше болғанын айтады. – Жас кезімізде бәрімізді айналып-толғанып, барынша еркелететін. Ал есейгенде еңбекке тәрбиеледі. Кейіннен үйлі-жайлы болғанда да көмектесіп тұрды. Балаларына ауылдан бірнеше үй салып берді. Әкеміздің қара шаңырағы ең кенжеміз Олпанның қолында. Осында жиі бас қосып, ата-анамыздың жақсы істерін еске алып, рухтарына құран бағыштап отырамын, – дейді ол... Адал еңбегімен танылып, шопандық іс-тәжірибелері кезінде бір колхоздың шеңберінен асып, бүкіл ауданға, облысқа үлгі болған еңбек майталманын ауылдастар үнемі еске салып отырады. Сондықтан Қарасу ауылында Меденнің қара шаңырағы, бауырлары мен балаларының да үйлері тұрған көшеге оның есімі берілсе дейді. Қарасу ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Айтбаев пен оның өтегендік әріптесі Тұрған Жасыбаев ақсақалдар мұндай ұсыныстың бұдан бұрын да көтерілгенін, бірақ қандай да бір себеппен аяқсыз қалғанын айтады. Енді соның орнын толтыратын кез келген тәрізді. Оның үстіне, бұл көшенің «40 лет Октября» деген ескірген атауы, қай тұрғыдан алғанда да, өзгертуді қажет етеді емес пе?!
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді