«Абайдың өмірбаянын зерттеп, толықтырып жазу жұмысы жетер өрісіне жетіп, аяқталған жоқ. Ерекше көңіл бөліп, кейінгі зерттеушілердің есіне салып өтер бір жайт, ақын жөнінде орыс тілінде сақталған деректер. Анығында, Абайдың өмірбаянын оқыған кісінің бәріне мәлім нәрсе, оның патша ұлығымен, қызметшілерімен кеңселерде аса көп рет кездесулері туралы болады. Крестьян начальнигі, ояз начальнигі, жандарал, округ соты, Омбыдағы корпус (генерал – губернаторлар) кеңселері барлығының мұрағаттарында Абай жөнінде әлі де бірталай жаңалықтар табуға болатын тәрізді» деп Мұхтар Әуезов кезінде дұрыс жол сілтеді. Мәлім бір дәйек – Абайдың бұл дүниеден өтерінен бірер жыл бұрын ақын ауылына Семей ояз бастығының өзі бастап келген қарулы топ қоршап тұрып, үйін және оның өне бойын сұқтана тінтуі. Тобықты елі ішінде аңыз ретінде таралып кеткен осы бір оғаш оқиғаны бір топ Абай замандастарының естелігі ретінде баспа бетінде 1940 жылы тұңғыш рет шығарушы абайтану ілімінің негізін салушы, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы болатын. Абай өмірбаяны М. Әуезов тарапынан төрт рет түбегейлі жазылып, әр нұсқа өз кезегінде тың деректермен толықтырылған. Мәнді мағлұматтарды мол қамтыған ақынның 1940 жылы латын әрпімен жарық көрген екі томдық шығармаларының екінші томында «Абай жайында Мадияр, Қатпа, Әрхам тағы басқалардың айтқан әңгімелері» деген М.Әуезовтің жазбасы басылған екен. Міне, осы жазбаның бір жерінде ұлы ақын патшалық билікке қарсы басқа жақтағылармен жазбаша байланысы бар саяси сенімсіз адам емес пе екен деген күдікпен 1902 жылы ақын үйі тінтіліп, Абай атына жазылған бөгде бір адамның хаты іздестірілгені қысқаша белгі беріп қалады. Тінтілген үйінен және ақынның бойынан табылмаған сол бір хатты ақыры әйелі Еркежан өз қалтасынан шығарып, оязға берген. Алайда, естелікте хаттың нақты мазмұны немесе одан туындаған зардаптар жайында ешқандай әңгіме болмайды. Әрине, естеліктің аты – естелік. Оның артық-кем тұстары бола береді. Міне, бұл олқылық 1950 жылы Қазақ ССР орталық мемлекеттік мұрағат қызметкері В. Киреев тапқан дәйекті деректермен біршама толықты (Қазақ ССР Орталық мемлекеттік архив, Қор – 15, тізбе – 2, іс – 339). Мұрағаттық деректер негізінде ұлы ақынның басынан өткен сол тосын ауыртпашылық туралы танымы мен нанымы мол алғашқы мақала жарық көрді (Альманах «Казахстан», 1950, №12). Мұрағат қоймасында сақталған көлемі 300 беттік осы істің ішіндегі құжаттар мазмұнына қарағанда, ХІХ ғасырдың бас кезінде қазақ өлкесін уысында шындап ұстау үшін оны басқару жүйесіндегі патша үкіметі жаңа тәртіптерді батыл енгізе түскен. Оның бір ұшығы дін мекемелері мен мектептерді де қамтыған. Сол кездегі Ақмола, Қызылжар, Көкшетау, Кереку өңірлерінде мешіттер жабылып, молдалардың мұсылман дінінің заңы – шариғат жолымен қызмет атқаруына тыйым салына бастаған. Мұндай әрекеттер кезінде ел ішінде едәуір дүмпу туғызып, сонау Омбы мен Петербургке дейін арыз- шағымдар көбейген. Ішкі істер министрлігінен бастап, дала губернаторы, ояз, крестьянский начальник сияқты алуан шенді патша ұлықтары ел ішінде мұндай үнге өте-мөте үрке қараған. Қарсы пікір айтушыларды қуғындап, жедел қатаң жазалап отырған. Мұрағаттық деректерге сүйенсек, ұлы ақын үйіне тінту, шындығында, 1903 жылы көктемде жүргізілген. Ақын өмірінен хабарлары мол Тобықты елінің қариялары М. Әуезовке айтқан әңгімелерінде тек бір жылға ғана жаңылысқан. Осы бір ақын өміріндегі қапалы да оқшау оқиға 1903 жылы 8 сәуірде Ақмола облысы әскери губернаторының Семей облыстық губернаторына берген төмендегідей жеделхатымен басталады. «Қосшығұловтан почта қолхаты табылды. Ол 1902 жылы 6 маусымда Батовскідегі Садуақас Шормановқа, Зайсандағы Кеншиновке, 1903 жылы 7 наурызда Семейдегі Құнанбаевқа хат жолдапты. Тінту жүргізу керек. Романов, Бас штабтың Ақмола облысындағы әскери генерал-губернаторы, генерал-майор». Әр тарапқа хат жазып, полицияны дүрліктіріп жүрген Қосшығұлов деген кім? Абайға жазған хаты бар ма? Бар болса, айтары не? Бұл дүрлігудің аяғы немен тынды? Рас, мұрағат қойнауында бір ғасырдан астам жатқан осынау құжаттардың мазмұны айналасында кейінгі елу жыл бойында анда-санда болса да Абай өмірін зерттеушілер, кейбір тарихшылар сөз қозғап жүрді. Әлбетте, абайтану ғылымының, Абай дәуірін, оның өмірі мен шығармашылығын, өнерін зерттеуде ерекше орын алар бұл деректерді ақынның туғанына жүз жетпіс жыл толу қарсаңында қалың оқырмандарға тағы бір рет ұсынуды жөн көрдік. Мұрағат деректерін зерделесек, қазақ жұртының тіршілігі мен тағдырына қатысы бар қысталаң шақта ел ағасы деп санап Семейдегі Абайға почта арқылы хат жолдаушы – Көкшетау мешіті жанындағы интернат мұғалімі Шәймерден Қосшығұлов екен. Сөйтіп, патша тыңшыларының құлбұраулы құрығы Ақмола облысы, Көкшетау уезіне қарасты Көкшетау мешітінің молдасы Ш. Қосшығұловтың мойнына түскен. Полиция Көкшетау мешіті жанындағы интернаттан, оның шәкірттері қолынан гектографқа басылған, арабша жазылған жүзден астам кітапшалар тауып алған. Осындай тінту барысында Қосшығұловтың қалтасынан Семей губерниясында тұратын Абай атына жолданған хаттың түбіртегі шыққан. Полиция осы іс төңірегінде қатты дүрлігіп, аталған хаттың ішінде үкіметке қарсы әлдебір оғаш пиғылдар бар ма деген күдікпен оның мазмұнын білмек үшін жанталаса әрекетке көшеді. Осыған байланысты Көкшетау мешітінің бас молдасы Наурызбай Таласов пен оның көмекшісі Қосшығұлов абақтыға жабылып, үстерінен қылмыстық іс қозғалған. Ұлы ақын есімінің полиция тізіміне ілініп, тінтуге душар болғаны осы Қосшығұловтың ісіне байланысты. Көкшетау молдасы Н. Таласов пен мешіт жанындағы интернат ұстазы Ш.Қосшығұлов және басқа би, молдалар патшалық Ресейдің отаршылдық озбыр саясатына қарсы сол кезде қазақ қауымы ортасында қылаң бере бастаған азатшыл, демократияшыл үнді тұтас қазақ өлкесін қамтитын дербес діни ұйым құрып, оны мүфтиге бағындыру дейтін әрекетке бағыттаған. Осы қимыл-әрекеттің ықпалын, пәрменділігін арттыру үшін Абай Құнанбаев сияқты жалпақ қазақ жұртына құрметті елдің адамдарына да иек артқысы келген. Патша әкімдері сонау Петербургтен бермен тартып Абай ауылына дейін қыруар тыңшылық жүйесін жедел құрып, ақыры 1903 жылы сәуірде Семей уезінің басқаруымен келген жасауылды топ ақын ауылын қоршап алып, Абайдың өзінен, балаларының бәрінен жауап алынады. Патша үкіметінің әкімшілік органдарының ісқағаздарына топтасқан көптеген құжаттардың ішінде, біздіңше, өте-мөте екі құжаттың мазмұны алабөтен қымбат, берер мағлұматы бағалы екені даусыз. Біріншісі – Семей облысы әскери губернаторының 1903 жылы 23 қыркүйекте Абай (Ибрагим) Құнанбаев жайлы сонау Петербургтегі Ішкі істер министрлігінің департаментіне жолдаған мінездемесі. Түпнұсқа орыс тілінде жазылғандықтан, оқырмандар түсініп қалар деп оны қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдік. «Киргиз Чингизской волости Ибрагим Кунанбаев имеет от роду 60 лет, женат на трех женах, от которых имеет 20 человек детей. Обладает сравнительно большим состоянием (около 1000 лошадей и 2000 баранов). Қунанбаев весьма развитый и умный. Он служил два трехлетия бием, три трехлетия управителем Чингизской волости, а затем по назначению от правительства прослужил три года управителем Мукурской волости. Служба Кунанбаева отличалась разумным управлением, исполнительностью, энергией, преданностью правительству и отсутствием фанатизма. Одним из сыновей Кунанбаева по окончании курса Михайловского артиллерийского училища был произведен в офицеры и, будучи на службе, умер в Туркестанском округе. Ныне замужняя дочь его пишет и читает по-русски. Грамоте ее учил отец. Кунанбаев весьма интересуется литературой, выписывает книги, журналы и газеты. В прежнее время он пользовался грамотным влиянием среди иногородского населения степи, но в настоящее время влияние его далеко не то. Он постарел, не принимает на себя руководства в партиях, хотя главари их часто обращаются к нему за советом. В разговорах и суждениях своих с лицами Кунанбаев обнаруживает полное понимание государственных интересов и правильные взгляды на культурную миссию нашего отечества в наших азиатских владениях. Он с негодованием осуждает попытки мусульман – фанатиков противодействовать правительству в его стремлениях. Искренность высказываемого убеждения, полагаю, достаточно доказывается его поведением. Эти данные указывают, что Кунанбаев в политическом отношений не внушает никаких опасений и должен быть причислен к числу лиц вполне благонадежных. Галкин, военный губернатор. Семипалатинской области, генерал-майор. «Исх.№ 203.23 сентября 1903 г.» Осы құжаттардың ішіндегі екінші бағалы мұра Семей уезі бастығының сол 1903 жылы 25 сәуірде Абай үйінде жазылған қаулысы дер едік. Бұл құжатта біздер үшін де, болашақ үшін де қасиеті жоғары бағаланатын және айрықша сипатты, атақ-даңқы, асыл мұрасы асқақтай көтерілген заңғар Абайдың, дана Абайдың «Ибр. Кунанбаев» деп орысша жазған өз қолтаңбасының сақталғанында. Ал жоғарыда түпнұсқасы толық келтірілген әскери губернатор кеңсесінің ресми мінездемесі Абайдың тіршілік кәсібі, ел ішіндегі алар орны, өмірге көзқарасы, отбасы жағдайы, балаларының тәрбиесі мен сауаты жайлы мәнді мағлұматтар береді. Ал қазақ елі ортасында сол кездегі абыройы асқар, беделі биік Абайды біліп, оған хат жазып жүрген Шәймерден Қосшығұлов кім? Әзірше табылған мұрағаттық деректерге қарағанда, Шәймерден Қосшығұлов 1877 жылы Ақмола облысының Көкшетау уезіне қарасты Қотыркөл болысында дүниеге келген. Ол жасынан мұсылмандық құқық негіздерін үйренуге бой алдырып, оның қайырымдылық, имандылық және сауапшылдық қағидаларын халық арасында кеңінен насихаттауға атсалысып, зорлық-зомбылық әрекеттерге қарсы үн қатып отырған. Сол мақсатпен ол Қазан, сондай-ақ Ресейдің басқа қалаларынан өз қаражатына 100-ге тарта Құран кітабын сатып алып, оны халық арасына тегін таратқан. Сондай кітаптардың бірін алу үстінде кішкене Жақып деген: Ассалаумағалейкум, ақын молдам, Дініне исламның жақын молдам. Алдырдың жүздей кітап, дін ашуға, Жарайды осы ісіңіз, мақұл, молдам, – деп, қолма-қол алғыс айтқан екен. Сондай-ақ, Ш. Қосшығұлов ел арасына баспа өнімдерін көбірек тарату мақсатымен өзге шет жақтан кітап не газет шығаратын қорғасын әріптерін де әкеле береді. Міне, осы әрекетімен қоса Абайға жазған хатында үкіметке қарсылық әрекет бар деген негізде ол 5 жылға Үркіт аймағына сот үкімімен жер аударылады. Алайда, Шәймерден Қосшығұлов Романовтар әулетінің патшалық етуіне 300 жыл толуына байланысты алғашқы кешіріміне орай еліне оралады. Ғабит Зұлхаров, мұрағат қызметкері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Аягөз қаласы. Шығыс Қазақстан облысы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді