Жасыратыны жоқ, сауда орталықтарында, қара базарда күн сайын тұтынушылардың құқығы жиі бұзылады. Бұл жағдай, әсiресе, жабайы сауда нүктелерiнде көптеп ұшырасады. Азық-түлiктiң сапасыздығы, тазалық талаптарына сай келмейтіндігі, көлік кептелістерін тудыратын жөнсіз автотұрақтар, айта берсек, мұндай олқылықтар жетіп артылады. Мұның бәрі – тұтынушылардың денсаулығы мен жүйкесіне кері әсер етеді. Сондықтан барлық бейберекет сауда орындарына ескертулер айтылып, айыппұлдар салынып, заңсыз сауда нүктелерін жабу жұмыстары жүргізілуде. Осы жабайы сауда орындарындағы жайсыздықтарды түзету мақсатында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев арнайы қаулы қабылдап, жергілікті атқарушы орындарға тапсырма берген болатын.
Бұл мәселе ағымдағы жылдың 25 мамырында облыс әкімінің қатысуымен өткен кеңес хаттамасында бекітілген еді. Хаттамада облыс орталығындағы «Мыңбұлақ» және «Салтанат» сауда базарларын заңнама талаптарына сәйкес қайта жаңғыртуды бақылауда ұстау, қолданыстағы заң талаптарына сай келмейтін «Нұралы», «Жібек жолы», «Ақбұлақ», «Ысты» базарларын, «Мыңбұлақ» шағын ауданындағы «Зарина» бейберекет сауда нүктесін, «Ауыл-Береке» базарының маңындағы заңсыз «Хладокомбинат», «Якасарай», «Береке», «Тараз», «Хан» және басқа да сауда нысандарын, Ташкент көшесінің бойындағы және бұрынғы Көк базар аумағындағы «Тәжібай», Адамбаев, Байзақ батыр, Қазыбек би көшелерінің бойындағы заңсыз сауда орындарын, сондай-ақ облыс орталығындағы шағын аудандардағы тіркелмеген бейберекет сауда орындарын жабу қарастырылған болатын. Сондай-ақ сауданы реттеу мақсатында облыс базарларындағы киім-кешек саудасын «Атакент» базарына көшіру бойынша нақты жұмыстар ұйымдастыру, Тараз қаласындағы бейберекет сауда нүктелерін жабу мақсатында құрамына прокуратура, құқық қорғау, жергілікті атқарушы, төтенше жағдайлар, мемлекеттік кірістер, санитарлық-эпидемиологиялық, сәулет және қала құрылысы органдарынан жұмысшы топ құру жөнінде тапсырма берілген. Шаһардың шырайын қашырған сауда Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Балабек Нарбаев бастаған жұмысшы тобы бұрынғы Көк базар маңындағы Байзақ батыр көшелерінің бойында шоғырланған бейберекет сауда нүктелерін аралады. Алдымен қала орталығындағы Байзақ батыр көшесіндегі сауда нүктелерін аралаған топ мұндағы саудагерлердің көпшілігінің саудамен айналысуға рұқсаттары жоқ екенін анықтады. Мемлекеттік акті бойынша құжат тұрғын үй ретінде рәсімделген. Бірақ, олар өздері тұрып жатқан үйлеріне жеке контейнерлер орнатып алып, сауданы қыз-қыз қайнатуда. Аядай ғана дүкендер мен дүңгіршектердің алдын базарға айналдырып алған сауда орындарының ешқандай санитарлық талапқа сай келмейтіндігі былай тұрсын, қауіпсіздік шаралары да сақталмаған. Шаңы бұрқырап жатқан шағын көшелердің қиылысында қаптаған көлік кептелісі. Комиссия мүшелері көше бойын жайлаған дүкендер мен контейнерлерге жеке-жеке бас сұғып, саудагерлерден тиісті құжаттарын талап етті. Сауда нүктелеріндегі саудагерлердің барлығы дерлік сауда орындарын жалға алғандар болып шықты. Сондықтан, олар тиісті құжаттарын көрсете алмай, меншік иелеріне қоңырау шалып жатты. Б. Адамбаев көшесіндегі бір дүкенші комиссия мүшелеріне басында дөрекілік көрсетті. Құжаттарының түгел екенін айтып, бет бақтырмаған сатушының тексере келе олардың түгел еместігі анықталды. Тексеру барысында тек сауда-саттық талаптары ғана емес, атаулардың қатесіз жазылуы да назарға алынды. Қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Кенжебек Олжабай кейбір жабайы сауда орындарындағы жарнамаларда өрескел қате жіберілгенін сынға алды. Бірақ, базбір дүкеншілер кемшілігін мойындаудың орнына комиссия мүшесіне қарсыласып бақты. Жабайы саудадан туындайтын келеңсіздіктерден тұрғындардың да ығыры шыға бастаған секілді. Тексеру кезінде сол маңда тұратын үйлердің иелері сыртқа шығып, наразылықтарын білдірді. – Биыл Қазақ хандығының ұлы мерейтойын тойлағалы жатырмыз. Әр заманның өз талабы бар. Қазақ хандығының 550 жылдық тойы біз үшін үлкен мақтаныш. Сол той қарсаңында еліміздің барлық облыстары жаппай абаттандыру, көріктендіру жұмыстарымен айналысып жатыр. Барынша көмек қолын созып жатыр. Тойға он мыңнан астам қонақ келеді деп күтілуде. Мемлекет басшылары да ат басын тірейді. Сондықтан қаланың көркін қашыратын әрі заңсыз мұндай сауда орындарын тоқтату керек. Өркениетке бет алған мемлекетте мұндай жабайы сауда орындары болмауы тиіс. Бүгінде үлкен базарлар облыс орталығының шетіне көшірілді және алдағы уақытта мал базары да сыртқа орналасады. Олардың жұмысы санитарлық бақылауға мүлдем сай емес. Мемлекетке кіріс тікелей салықтан түсетінін білесіздер. Жабайы сауда бұл міндетті орындауға тосқауыл болуда. Сондықтан тек заң аясында ғана жұмыс жасаңыздар,-деп түсіндірді тексеру жайын қалалық мәслихаттың хатшысы. Балабек Нарбаев «Ауыл-Береке» базары санитарлық талапқа сай келмейтінін, оның үстіне, онда да жабайы сауда етек жая бастағанын айтып, саудагерлерді біртіндеп А. Асқаров көшесінде орналасқан Орталық базарға көшіру көзделіп отырғанын тілге тиек етті. Мұнан кейін комиссия мүшелері Төле би көшесіндегі «Чайка» сауда кешені маңайын жайлаған жабайы сауда орындарында болды. Бұл жерде негізінен тамақ өнімдерінің сатылып жатқанын көрген комиссия жетекшісі Балабек Нарбаев Тараз қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы мен қалалық ішкі істер басқармасы қызметкерлеріне мұны ретке келтіріп, қатаң шара қолдануын тапсырды. Көшеней көшесінде орналасқан сауда кешеніндегі жағдай да мәз емес. Мұндағы саудагерлер еш құжаттарын көрсете алмай, соңында меншік иесіне қоңырау шалып, әлек болып жатты. Өзін қос контейнердің қожайыны ретінде таныстырған азаматша фототілшілердің суретке түсіріп жатқанын байқаған бетте комиссия құрамы сұраған құжаттарын көрсетуден бас тартты. Соңында тиісті құжаттардың мүлдем жоқ екені белгілі болды. «Бұл – мемлекеттік шенеуніктерге көрсеткен бассыздық, Ата Заңды құрметтемеушілік» деген Балабек Нарбаев барлық сауда орындарының басшыларын қала әкімдігінің ғимаратында қабылдап, бұл мәселеге орай нақты шешімдер шығарылатынын жеткізді. Жаяу жолды да «жаулап» алған Комиссия мүшелерінің айтуынша, бұл көшедегі бейберекет сауда нүктелерінің иелеріне бұдан бұрын да ескерту айтылған екен. Соған қарамастан, сауда нүктелерінің меншік иелері құжаттарында жоқ жаяу жолдарды да өз меншіктеріне иемденіп алған. Тазалық талаптары мен қауіпсіздік шаралары жайлы айтса, қолдарын бір-ақ сілтейді. Тағы бір мәселе. Ашық-шашық сатылатын тағамдардан көбіне ішек аурулары мен бруцеллез тарайды. Қазір көкөністердің маусымы болғандықтан, жабайы базарларда жеміс-жидектер көбірек саудаланатыны белгілі. Сол себепті жаз айларында тұрғындар арасында іш ауруы жиі тіркеледі. Бұл ауру әсіресе сәбилер үшін өте қауіпті. Бірақ, саудагерлер оған қарамастан, жаздың аптап ыстығында азық-түлік өнімдерінің сапасын ойламақ түгіл, тұрып қалған өнімін амалын тауып өткізіп жіберумен әлек. Тіпті кейбіреулерінде тоңазытқыш та жоқ болып шықты. Жабайы сауда көзге оғаш көрінеді. Көшедегі осындай дүкендердің сыртындағы қиқы-жиқы жазылған жарнамаларға қарап-ақ ұнжырғаңыз түседі. Сауда нүктелерінің тең жартысы сәулет-құрылыс талаптарына сай емес. Тіптен, олардың көбі көлік қозғалысы мен адамдардың жүріп-тұруын айтпағанда, коммуналдық желілерге де айтарлықтай кедергі келтіреді. Ескертулер ескерусіз қалмайды Қалалық мәслихат хатшысы Балабек Нарбаев аталмыш мәселеге қатысты қала әкімдігінде қаладағы сауда кешендерінің иелерімен бас қосты. Жиынға шақырылған меншік иелерінің біразы келмей қалды. Әйтсе де, келген сауда иелерінен тиісті құжатты талап еткен қалалық мәслихат хатшысы, тұрғындар мен меншік иелерінің талап-арызын тыңдап, тұшымды жауабын берді. – Еліміздің барлық облыстары Қазақ хандығының 550 жылдығына тарту ретінде қаланы көріктендіруге өз үлестерін қосуда. Біз де өз қаламыздың жасарып, жайнауына қолғабыс етуіміз керек. Ал жабайы сауда орындарының қала көркіне нұқсан, сол аумақтағы тұрғындарға зиянын тигізіп жатқан жайы бар. Сіздер дұрыс түсініңіздер. Сіздерді ешкім нәсіптеріңізден айырайын деп отырған жоқ. Тек барлығы заң жүзінде болуы тиіс. Атқарып отырған жұмыстарыңыз сол маңайдағы тұрғындарға залалын тигізбеу керек. Саудалап отырған азық-түліктеріңіз санитарлық талаптарға сай болуы керек, – деп түсіндірді Балабек Жәнібекұлы. Балабек Нарбаев комиссия құрамымен бірге «Қайқармет» базары мен 9-мөлтек аудандағы жабайы сауда орындарын аралап, тексеріп шыққанын айтты. Олардың заң талаптарына сай келмейтіндігін, 9-мөлтек ауданындағы жабайы сауданың тоқтатылатынын, бұдан басқа да қала көшелеріндегі бейберекет сауда орындары енді арнайы комиссияның бақылауында болатынын жеткізді.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді