ДСҰ еліміздегі автокөліктер бағасының арзандауына әсер ете ме?
- author «Ақ жол»
- 5 тамыз, 2015
- 213
Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында Қазақстан автокөліктерге кедендік бажды төмендететін болады. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика министрлігі Сыртқы сауда қызметін реттеу департаментінің директоры Жанель Күшікова осы мәселеге орай өз пікірін білдірді.
Оның айтуынша, кедендік баждың төмендеуі көлік бағасына қаншалықты әсер ететінін болжау әзірше мүмкін емес.
«Дегенмен, кедендік баж міндетті түрде төмендейді, ал бұдан автокөлік бағасының төмендеуі орын ала ма, мұны нарық сол кезде көрсетеді деп жауап бере аламын», - деп атап өтті департамент басшысы.
Оның айтуына қарағанда, Қазақстанда автоөндіріс енді ғана жанданып келе жатқан тұста ДСҰ аясында импорттық кедендік баж бойынша келіссөздер аяқталып кеткен болатын. «Елімізді жеңіл автокөліктер өндірісі 2010 жылы біз бірыңғай кедендік тарифті 30 және импорттық бажды одан да жоғары мөлшерге бекіткен кезде қуатты серпіліс алды. Сосын ол тұста Еуропа елдері, АҚШ пен Жапония өздерінің нарығын тазарту үшін үшінші елдерге мінілген ескі көліктерді қаптата бастағандықтан, біз елімізге оларды әкелуге мүлдем тыйым салған едік. Бұл бір жағынан отандық өндірістің жандануына да оң әсер етті. Айта кетерлігі, сол кезде ДСҰ аясында бұл нарыққа қатысты келіссөздер тәмамдалып, біз оны қайта бастай алмайтын болғанбыз», - деп түсіндірді Жанель Күшікова.
Оның сөзіне қарағанда, автокөлік саласы бойынша баж кедендік құнының 20-15 пайызы мөлшерінде қамтылады. «Әрине, бұл біздің отандық өндірісті дамыту үшін жеткіліксіз деңгей. Дегенмен, осы жылдар ішінде біз техникалық реттеу жүйелерін, түрлі стандарттарды реформалай алдық. Соған сәйкес, Кедендік одақ аясында техникалық регламентке сай келмейтін көліктер мен автокөліктер Қазақстанға импорттала алмайды. Осы арқылы біз өзіміздің тауар өндірушілерімізге қорғаныс тетігін жасайтын боламыз. Ал жалпылама келсек, отандық өндірісті қорғау бойынша кешенді шаралар қазір әзірлену үстінде. Бұл ретте ескі автокөліктерді нарыққа қаптатпас үшін салықтық жеңілдіктер, басқа да шектеу шаралары қолданылмақ», - деді департамент басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді