«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сот төрелігіне сенімділік артады

Сот төрелігіне сенімділік артады
ашық дереккөз
Сот төрелігіне сенімділік артады

IMG_2658Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ұлт жоспарын жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары деп атап көрсетті. Онда кәсіби мемлекеттік аппарат құруды, Заңның үстемдігін қамтамасыз етуді, индустрияландыру және экономикалық өсімге қол жеткізуді, есеп беретін мемлекетті және біртұтас ұлт қалыптастыруды көздейтін 100 нақты қадам айқындалған. «100 нақты қадам» – «2050  Стратегиясын» жүзеге асыру мен мемлекеттігімізді нығайтатын бағыт-бағдар. Мәселен, бірінші қадам  мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғыртуға арналған. Онда мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс екені атап өтілген. Екінші қадамда төменгі лауазымдарға кандидаттарды реттеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асырылуы тиіс деген міндет қойылса, келесі қадамда  Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыру есебінен Мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданушыларды іріктеу ресімін орталықтандыру мәселесі қарастырылған. Ал келесі қадамдарда мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданушылар үшін міндетті түрде сынақ мерзімін ендіру, жалақыны қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру, еңбекақыны нәтиже бойынша төлеуге көшу, мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдық еңбекақыларына өңірлік үйлестіру коэффициенттерін қосу міндеттері бойынша нақты тапсырмалар көрсетілген. Жалпы, Ұлт жоспарының бірінші бөлімінде мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби біліктілігін жоғарылатуға, қызметін мүлтіксіз орындауына, еңбегіне сай тиісті жалақы алуына мән берілген. Мәселен, оларға жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлердің міндетті түрде берілуі, олардың үш жылда бір рет кәсіби шеберлігін арттыру, жаңа этикалық ережелерді енгізу, мансабын жоғарылату үшін конкурстық негізге көшу деген мәселелер өте орынды көтерілген. Ұлт жоспарының екінші бөлімі заңның үстемдігін қамтамасыз етуге арналған.  Онда келесі он тоғыз қадам көрініс тапқан. Аталған бөлімге кеңінен тоқталып өтсек.  Осы салада қызмет істеп жүрген азамат ретінде айтарым,  азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру, бес сатылы сот жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасау) үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшу туралы талаптар өте орынды көтерілгенін осы сала маманы ретінде қолдаймын. Мұны қарапайым тұрғындар  да қуана қабылдағаны сөзсіз. Сонымен қатар, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту да өте өзекті мәселе екенін айту керек. Мәселен сот істерін жүргізуге қатысу үшін  бес жылдық өтілі болуы керек. Сондай-ақ, кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру мақсатында  ахуалдық тестілер жүйесін енгізу қажет. Судьялыққа үміткерлер соттарда стипендия төленетін бір жылдық тағылымдамадан, одан кейін судьяның бір жылдық сынақ мерзімінен  өтуі тиіс. Ұлт Жоспарында оқуды және сот тәжірибесі арасындағы өзара байланысты күшейту үшін сот төрелігі институты мемлекеттік басқару академиясының құрылымынан бөлінуі керектігі жоспарланған. Институт Жоғарғы Соттың жанында жұмыс істеп, қызмет бабындағы судьялардың біліктілігін тұрақты түрде арттыруды қамтамасыз етпек. Ал судьялардың есеп беру тәртібі күшейтіліп, олардың жаңа этикалық кодексінің жасалуы жарқын болашақтың еншісіндегі дүние. Осы ретте азаматтар судьялардың әрекеттері бойынша еліміздің Жоғарғы Сотының жанынан құрылған арнайы сот алқасына шағымдана алатын болады. Барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу де сенімсіздік пен түрлі  қитұрқылықтардың алдын алары анық. Судьяның бейне жазуды тоқтатуға немесе аудио жазу материалдарын редакциялауға мүмкіндігі де болмайды. Алқа билер соты қолданылатын салалардың кеңейтілуі де үлкен жаңалық болып отыр. Яғни, Алқа билер соты міндетті түрде қатыстырылатын қылмыстық істердің категориялары заңды түрде анықталады. Ал инвестициялық даулар бойынша жеке сот істерін жүргізуді құру үшін, Жоғарғы Сотта ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарауға Инвестициялық алқа құрылады. Шетелдің озық тәжірибелерін елімізге әкелу де  оңды істердің бастауы. Ұлт жоспарында көрсетілгендей, шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша сот істерін жүргізуді қамтамасыз ету үшін Жоғарғы Сот жанынан беделді шетелдік судьялар мен заңгерлер қатысатын халықаралық кеңес құру – уақыт талабынан туындаған қажеттілік.  Кеңес қазақстандық сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша жоғарғы Сотқа кеңес беріп отырады. Уақыт өте келе прокурорлардың міндеттері біртіндеп судьяларға жүктеледі. Сот ресімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурорлардың қатысуы қысқартылады. Ол үшін Азаматтық іс жүргізу кодексіне тиісті өзгертулер енгізіледі. Сот орындаушылардың мемлекеттік қызметін біртіндеп қысқартып, жекеменшік сот орындаушылар институтын дамыту да болашақтағы негізгі қадамдардың бірі болып отыр. Алдағы уақытта полиция қызметкерлеріне де қатысты өзгерістер орын алмақ. Мәселен, Ұлт жоспарының отызыншы қадамында жергілікті атқарушы органдарға және жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметін құру  туралы айтылған. Онда жол-бақылау полициясының қызметкерлері полиция қызметкерлерінің жұмыс ауысымы кезінде атқарған ісінің барлығын жазып отыратын бейнетіркегіштермен қамтамасыз етіледі деп атап көрсетілген. Этикалық нормаларды бұзуға жол беретін полицейлердің іс-әрекеттеріне шағымданған азаматтардың арызын қарау жөніндегі қоғамдық кеңес жүйесін құру арқылы полицияның ашықтығын қамтамасыз етпек.  Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін мемлекеттік қызмет жүйесіне қосу да Ұлт жоспарындағы негізгі қадамдардың бірі. Жалпы айтқанда, жүз қадам мемлекет  өркендеуіндегі негізгі қадамдар болатынына күмән жоқ.

Марлен ТІЛЕУБЕКОВ, Тараз қалалық сотының судьясы.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар