Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары қоғамымыздың барлық саласын қамтиды. Нақтырақ айтсақ, экономика, білім мен ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және мемлекеттік басқару мен ұлттық қауіпсіздік мәселелері, сот жүйесі... Стратегиялық бағдарламаның халық арасында кеңінен қолдау тауып, халықтық реформа атануы да сондықтан. Көпшілікті толғандыратыны – Президент Н.Ә.Назарбаевтың 100 нақты тапсырмасының жүзеге асырылу жолы. Аудандарда өткізіліп жатқан ақпараттық-насихат топтарының жұмысы барысында тұрғындардың осы бір игі бастамалардың игілігін көрсек деген ниеттері айқын аңғарылды.
Мойынқұм Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру мақсатынан туындаған «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарында көтерілген мәселелер ұзақ уақыт зерделеніп-зерттелген. Үлкен бетбұрыстарды қажет етеді. Мұны мойынқұмдықтар жақсы түсінеді. Ауданға арнайы жұмыс сапарымен келіп, кездесу өткізген Парламент Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазыға тұрғындар өтініш-тілектерін жеткізіп, Президенттің 100 нақты тапсырмасына байланысты ойларымен бөлісті. Оразкүл Асанғазықызы бағдарламада айқындалған бес институттық реформаны жүзеге асыруға байланысты ұсынылған 100 қадамның әрқайсысы – қазіргі әлемде орын алған экономикалық дағдарыстар кезеңінде еліміздің бағыт-бағдарына айналып отырғанын айтып, тұрғындар көтерген көптеген мәселелер осы Ұлт жоспарының жүзеге асырылғанда шешімін табатынын жеткізді. Тұрғындар қозғаған сондай түйткілдердің бірі – мемлекеттік қызметтің беделін көтеру, сайлау туралы заңдарға өзгеріс енгізу туралы ұсыныс. Депутат айтқандай, көпшіліктің көкейінде жүрген бұл сұрақтардың жауабын бес институционалдық реформада табуға болады. Қордай Степное ауылдық округі әкімдігінің мәжіліс залында дөңгелек үстел отырысы өткізілді. Аудандық ішкі саясат бөлімінің мамандары, ауылдық Мәдениет үйінің қызметкерлері мен кітапханашылар, жастар ұйымының өкілдері, ақсақалдар алқасының мүшелері қатысқан жиынның негізгі мақсаты – «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарын талқылау. Жиынды ашқан ауыл әкімі Жүсіпбек Спанов Елбасы ұсынған бес институционалдық реформаның елімізді жарқын болашаққа бастайтын даңғыл жол екенін айтып өтті. «Мемлекет басшысының бұған дейінгі «Қазақстан – 2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» бағдарламасы да мемлекет дамуының кепілі болады. Ал Ұлт жоспары деп аталатын құжат, шын мәнінде, халықтық реформа. Оның орындалуы әрбір азаматтың қатысуын талап етеді», – дейді Ж.Спанов. Дөңгелек үстелде ауылдық Мәдениет үйінің меңгерушісі Роза Айтмұратова, жастармен жұмыс жөніндегі нұсқаушы Қарлығаш Смағұлова өз ой-пікірлерімен бөлісті. Сарысу Сарысулық мемлекеттік қызметшілер Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарындағы кәсіби мемлекеттік аппарат құру реформасын талқылады. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Динара Асанова ашып, жүргізіп отырды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің Қаратау аймағы бойынша басқармасының қызметкері Қуаныш Қарашолақов баяндама жасап, мемлекеттік қызметтің мәртебесін көтеруде сыбайлас жемқорлықты болдырмаудың мән-маңызы жоғары екенін сөз етті. Президент нақтылаған «100 нақты қадамның» 13-қадамы жемқорлықты күшейтуге бағытталғанын айтып өтті. Басқосуда жарыссөзге шығып, ойларын ортаға салған мемлекеттік қызметшілер арасында аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Әсел Домалақова, Жаңатас қаласы әкімі аппаратының жетекші маманы Мұрат Лесбеков бар. Ұлт жоспарын талқылау және түсіндіру жұмыстары келесі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен дөңгелек үстелде жалғасын тапты. Басқосуда облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Әбдіжәміл Пірімқұлов Елбасының 100 нақты тапсырмасынан күтілетін нәтижені талдап айтып берді. Облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева мемлекет дамуына негіз болатын құжат тұрғындардың келешекке деген сенімін нығайта түсетінін қозғады. Жуалы Жуалылықтар Ұлт жоспарын мемлекеттің даму жолын айқындаған ұтымды бағдарлама деп бағалайды. Аудандық орталық кітапханада өткізілген жиында өз ойларымен бөліскен тұрғындар осылай деді. Аудан әкімдігі экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Г. Бекмұрзаева Ұлт жоспарының қаржы саласының дамуына серпін беретін бағыттарына тоқталды. Маманның айтуынша, алдағы уақытта мемлекеттік деңгейдегі салалық даму бағдарламалары оңтайландырылмақ. Қысқасы, өңірлер бір ғана мерзімді бағдарламаны бағдар ретінде ұстанады. Жиында аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Шолпан Исмайлова «100 нақты қадамның» білім беру ісін жаңғыртуға бағытталған 4 қадамды түсіндіріп, Елбасы тапсырмаларынан туындайтын міндеттерді сөз етті. Соның бірі – 12 жылдық білім беруге кезең-кезеңімен көшу және функциялық сауаттылықты дамыту. Әдіскер осы тапсырманы орындау үшін «Аягүл» балабақшасында бүлдіршіндерді 3 жасынан бастап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқытып-тәрбиелеудің қолға алып жатқанын айтты.
Байжан Емберді, Құрманбек Әлімжан, Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол». Абылайхан Сәрсен, журналист.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді