Тәуелсіз Қазақстан тарихы жаңа оқиғалармен толығуда

Тәуелсіз Қазақстан тарихы жаңа оқиғалармен толығуда
ашық дереккөз
Тәуелсіз Қазақстан тарихы жаңа оқиғалармен толығуда

Бүгінгі бағындырған белес­теріміз – тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихына айналары анық. Соның ішінде еліміз ұзақ күткен Дүниежүзілік сауда ұйымына қабылданған күн тарих төрінде айрықша орын алады деп сенемін. Зейнеткер болсам да әрбір жаңалықты қағыс қалдырмауды әдетке айналдырғанмын. Әсіресе, шетелдік сарап­шылардың пікірлеріне көбірек құлақ түремін. Олардың пайымдауынша, Қазақстан соңғы жылдарда халықаралық сауда нарықтарында жоғары жетістіктерге қол жеткізген. Мұның барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың абырой-беделінің, салиқалы саясатының жемісі екені даусыз. Дүниежүзілік сауда ұйымына кірудің артықшылықтары жайлы аз айтылып жатқан жоқ. Одан ең алдымен қарапайым халық, тұтынушылар ұтады. Енді елімізге осы сауда ұйымына мүше көптеген елдердің тауарлары ағылып келе бастайды. Бағалары да қолжетімді әрі таңдау жасау мүмкіндігі де кеңейе түспек. Мәселен, ауылдағы шаруа адамдары бұған дейін шетелдік жақсы комбайн, тракторларды удай қымбат бағаға сатып алса, ендігі жерде сауда ұйымына мүше болғандықтан сол елдегі сатылымдағы бағамен алуға болады. Сонымен қатар, отандық тауарларды әлемдік нарыққа шығару жолдары кеңейеді. Мысалы, мамандар Қазақстанның қатты бидайы құнарлы екенін айтады. Сондықтан, қазақ бидайының және одан жасалған өнімдердің құны қандай нарықта да өз орнын табатын болады. Отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігі сыналар тұс осы. Сондықтан, Елбасы үнемі айтып келе жатқандай, өңдеу кәсіпорындарында ғылым жетістіктеріне негізделген жаңа технологияны кеңінен қолдану керек. «Қазақстанда жасалған!» деген белгімен өнімдерімізді көбейтіп қана қоймай, ең бастысы сапасын арттыруға айрықша көңіл бөлетін кез келді. Шетелден сапалы тауарлар көптеп келіп, сапасы төмен болса, отандық тауар өндіруші кәсіпорындардың жұмысы тоқтап қалу қаупі туындайтынын Президенттің өзі ескертті. Міне, сондықтан «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының «Индустрияландыру және экономикалық өсім» бағытында көрсетілген тұтастай елу қадамда Елбасы еліміздің экономикалық әлеуетін жаңаша өркендетудің жолдарын көрсетіп берді.

Асық Валиев, зейнеткер, ауданның Құрметті азаматы.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар