«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақша қате жазу қасірет емес пе?

Қазақша қате жазу қасірет емес пе?
ашық дереккөз
Қазақша қате жазу қасірет емес пе?

Егеменді ел болғалы мемлекеттік тілді дамыту үшін бірталай шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, елімізде тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Қазір барлық өңірде аталған бағдарламаны іске асыру жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында  мемлекеттік тілді оқыту орталығы мен үкіметтік емес ұйымдар, Қазақстан халқы ассамблеясының облыстық хатшылығы мен этномәдени бірлестіктер, жоғары және орта арнаулы оқу орындары мен білім беру мекемелері, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы бірлескен шараларды тұрақты түрде ұйымдастыруда. Өз кезегінде прокуратура органдары да осы іске белсенді үлес қосуда. Және осыған қатысты заңнамалардың сақталуын тексеріп, қадағалауда. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабына сай, бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде, сонымен қатар, көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады делінген. Алайда, прокуратура органдары жүргізген тексеру қорытындысында Қордай ауданында аталған талаптарға сай келмейтін, орфографиялық қателерге толы 80 пайызға жуық жарнама билбордтары анықталды. Көпшілігінде жарнаманың жоғары бөлігіне орыс тіліндегі нұсқасы орналастырылған немесе қазақ тіліндегі мәлімет беру ұмыт қалған. Әсіресе, дүкен сөрелеріндегі тауарлар жайында мәліметтері орыс тіліндегі нұсқасы еш қатесіз жазылады да, ал мемлекеттік тілдегі нұсқасы қателерге толы немесе тіпті жазылмай кеткен. Аталған заң бұзушылықтар – уәкілетті органдар, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің насихаттау жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмегендігінің айқын дәлелі. Жоғарыда көрсетілген кемшіліктер негізінде прокуратура тарапынан заң бұзушылықтарды жою туралы аудан әкімінің атына ұсыныс енгізіліп, нәтижесінде екі лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Өкініштісі сол мұндай кемшіліктер облысымыздың басқа аудандарында да кездеседі. Облыс кәсіпкерлерін ана тілімізді қастерлеп, жоғарыда көрсетілген қателіктерге жол бермеуге шақырамыз.

Абырой АЗАМАТОВ,   облыстық прокуратураның 1-басқармасы бөлімінің аға прокуроры.

Ұқсас жаңалықтар