
Әдетте, аймақтың ауа райы мәліметін бергенде теледидардан айтылмыш ауданның төлқұжаты іспеттес тарихи ескерткіш орындары қоса көрсетілетіні белгілі. Меркіні айтса – Сыпатай, Қордай десе – Өтеген, Байзақ десе – Байзақ батырдың, Жуалы десе Бауыржан Момышұлы ескерткіштері титрден бір көрініп қалады. Бірде теледидардан біздің аудан жайлы айтқанда, паровоздың суреті көрсетілді. Сонда немеремнің «Ата, бұл паровоздың ауданымызға не қатысы бар?» деп сұрай қалғаны. «Мұның бізге әбден қатысы бар» деп, оған бұл туралы білгенімше түсіндіріп айтып бердім. Бүгінде есімі ауданымызға беріліп отырған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Т. Рысқұловтың байтақ даламыз төсінде алғаш темір жол салынуы ісінің бастамашысы болып, басы-қасында жүргені екінің біріне мәлім. Түрксіб темір жолы 1927 жылы 21 қарашада Луговой стансасына жеткізілуі салтанатында екен. Ол кісі осы паровоздың үстінде тұрып құттықтау сөз сөйлеген. Сондықтан да бұл паровоздың аудан тарихынан алар орны, маңызы зор. Дегенмен, паровоздың суретін Шу ауданының ауа райы айтылғанда да көрсетті. Шуда вагон жөндеу депосы бар болғандығынан, солай еткен болар. Қалай болғанда да паровозға қатысты айтулы дата ұмытылмауға тиіс. Түрксібтен жеткен тарихи бір жәдігер ретінде бағалап, Луговой стансасына бір паровоз алып келіп қоятын мезгіл жеткен сияқты. Оның төңірегі тал егіліп, абаттандырылып, аллея жасалса, бұл біздің елдігімізді, өткен тарихымызға құрметімізді танытқан болар еді. Әрі бұл өскелең ұрпақ үшін де тағылымы мол, қажет іс қой.
Ержет ОСПАНОВ. Т. Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Тараздық таланттың тарихи жеңісі
- 3 маусым, 2025
Жазғы демалысты қалай тиімді өткізуге болады?
- 3 маусым, 2025
Ақпарат
Таразда ауқымды Креаторлар форумы өтті
- 28 мамыр, 2025
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
TOP-10: Еліміздегі ең танымал спорт түрлері қандай?
- 6 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді