Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Үкіметке елдің барлық өңіріне газ құбырын тартып, әр елді мекенді табиғи отынмен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Мемлекеттік бағдарлама жемісін алғашқылардың бірі болып, Құмарық ауылдық округіне қарасты Алғабас ауылының тұрғындары көрді. Үкімет көмегінің арқасында ауылға газ кіргізу тұрғындар үшін арзанға түсті. Себебі, әр отбасына небәрі 45 мың теңгеден айналды. Бұл көршілес ауылдағы тұрғындардың жұмсаған қаражатымен салыстырғанда 6 есеге арзан. Мән-жаймен тереңірек танысу мақсатында Құмарық ауылдық округінің әкімі Бейімбет Айдаралиевке жолыққан едік. – Елбасының сарабдал саясатының арқасында ауылдың әлеуметтік жағдайы күннен-күнге көтеріліп келеді. Күре жолдың бойында орналасқан ауылымыз кешкісін самаладай жарқырап тұрады. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен аудан әкімі Жарылқасын Айтақовқа ауыл тұрғындары атынан ризашылығымызды білдіреміз, – деді ауыл әкімі. Ауылға алғашқы болып «көгілдір отын» Арыстанбек Аяпбергеновтің шаңырағына жеткізіліпті. «Осы ауылда 100 шақты түтін бар. Бүгінде соның 30 пайызына газ кірді. Қалған үйлерге де газ кіргізетін құбыр, бөлшектер әкелініп, жұмыс жалғасу үстінде. Тағы бір ерекшелігі, бізге газ келетін газ құбыры жердің астына орналастырылды. Бұның жұмысы қиын болғанымен, қауіпсіздігі жағынан тиімді», – деп ағынан ақтарылса, үйдің отанасы Перизат Иманқұлова: «Өзім мектепте кітапханашы болып жұмыс істеймін. Бұрын отын-суды тасып әуреленетін едім. Енді мектептен келгенде оны тасып әлекке түспейтін болдық», – деді қуанышын бізбен бөлісіп. Жалпы, осы ауылға «көгілдір отын» тартуға мемлекет тарапынан 59 миллион теңге қаржы жұмсалған екен. Құрылысты жүргізген «Тараз Строй-2004» фирмасына жергілікті жұртшылықтың айтар алғысы шексіз. Сонымен қатар, ауылға газ тарту мәселесін алға тартып, Астанаға дейін барған жергілікті азамат Арын Мамытбеков пен Бөкен Ысқақовтардың да еңбегі зор.
Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол». Т. Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді