Жасыл желекке бөленген қаламыз күн санап жаңарып, жасанып келеді. Елдіктің тойы – Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына да дайындық барысында түрлі-түрлі гүлзарлар мен субұрқақтар ашылып, шаһар сән-салтанаты арта түсуде. Бұдан бөлек, мөлтек аудандардағы көп қабатты үйлер де жаңғыртылып, жаңарып жатыр.
Шаһарымыздағы көп қабатты үйлерді салу өткен ғасырдың 60-жылдары басталды. Содан бері олардың қаншалықты тозығы жеткенін топшылай беріңіз. Оның үстіне, кейбір тұрғындардың «жаңбырлы күні төбемізден су тамшылайды, қабырғаларымыз көгеріп, жертөлеміз суға толып кетті» деген өкпе-наздарын естіп қалатынымыз жасырын емес. Таразда біраз уақыттан бері бірқатар көп қабатты тұрғын үй жаңғыртылып, тұрғындар игілігін көруде. Әйтсе де мұның барлығы халықтың көңіліне хош сыйлайтын – мемлекеттік «Терможаңғырту» бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқанын біреу білсе, біреу білмес. Ендеше, «Терможаңғырту» бағдарламасы дегеніміз не? Бағдарлама туралы толықтай мәлімет алу үшін қаламыздағы «Тұрғын үй жөндеу – Тараз» ЖШС-ның директоры Ғазиз Ералиевке жолықтық. Тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үйлерді қайтадан жаңғыртуда таптырмас мүмкіндік болып табылатын бағдарлама 2011 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді екен. Ол коммуналдық инфрақұрылымды жақсартуға, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға арналған. – Кеңестік кезеңде көп қабатты үйдің істен шыққан инженерлік құрылғыларын жөндеу және қалпына келтірумен Тұрғын үй басқармасы мекемелері шұғылданатын. Еліміз нарықтық қатынасқа көшіп, пәтерлер жекешелендірілген кезде аталған мекемелер де жабылып қалды. Бұл жұмыспен енді пәтер иелері айналысуы тиіс болды. Өкінішке қарай, көптеген тұрғындар оны Үкімет жасап беруі тиіс деген түсініктен әлі күнге арыла алмай келеді. Таразда бүгінде 1235-тен астам көп қабатты үй бар. Оның 70 пайызы күрделі және ағымды жөндеуді қажет етеді. Тұрғындардың оларды жөндеп, қалпына келтіруге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Үкімет «Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» қабылдаған болатын. Бұл – ТМД-да теңдесі жоқ бағдарлама. Оның басты мақсаты – көп қабатты тұрғын үйлерді қайта қалпына келтіру, инженерлік жүйелерді күрделі жөндеуден өткізу. Мұның өзі электр қуаты, суық және ыстық суды, жылуды едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді. Елімізде қабылданып, жүзеге асырылып жатқан басқа бағдарламаларға қарағанда мұның өзіндік артықшылығы көп. Көп қабатты тұрғын үйдің тұрғындары мемлекет күрделі жөндеуге бөлген қаржыны пайыздық өсімсіз жеті жыл бөліп төлейді. Шатыры, инженерлік құрылғылары, кіреберістері және қасбеті күрделі жөндеуден өтіп, жаңа келбетке ие болған үйдің тұрғындары ай сайын небәрі 1,5-2 мың теңгеден төлейді. Бұдан артық қандай қамқорлық керек?! – дейді Ғазиз Нұрланұлы. Оның айтуынша, Таразда бағдарлама аясында 2011 жылы 326 миллион теңге бөлініп, 33 үй жөндеуден өткізілсе, 2012 жылы бұл көрсеткіш 572 миллион теңге және 46 көп қабатты үйді құраған. 2013 жылы Тұрғын үй инспекциясымен бірлесе халық арасында 382 көп қабатты үй ауласында бағдарламаны түсіндіру үшін жиын өткізіліп, сол жылы 126 үй жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан қорытындысы алынған. Бірақ, төлеушілердің төлем белсенділігінің төмендеуіне байланысты 2013 жылы бұл мақсатқа қаржы бөлінбепті. Дегенмен, ол жылы 2011-2012 жылдағы қайтарылған қаражат есебінен 2 үй жөнделген екен. Ал былтыр бұл мақсатқа мемлекеттен 544 миллион теңге бөлініпті. Ол қаржыға 1,2,3,4,5,6 және 7 мөлтек аудандарда 23 көп қабатты үй күрделі жөндеуден өткізіліпті. Сондай-ақ, қайтарылған қаржы есебінен 4 үй жөнделген. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде, биыл «Терможаңғырту» бағдарламасы бойынша жөндеуді жүзеге асыруға қатысуға ниет білдіргендер қатары артып отыр. Сондықтан, биыл республикалық бюджеттен 715 миллион теңге бөлінген. Оған қазіргі таңда қаламызда 30 көппәтерлі үй жөнделуде. Оған қосымша қайтарылған қаржы есебінен 3 үйге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Өткен аптада біз Тұрғын үй инспекциясының басшысымен бірге Астанаға барып, келесі жылға бюджеттік өткізілімді ұсынып-өткізіп келдік. Келер жылы бұл мақсатқа 363 миллион теңге бөлінеді деп жоспарлануда. Қанша дегенмен, тұрғындардың басым бөлігі бағдарламаның өте тиімді екенін түсіне бастады. Кейінгі кезде үйлерін күрделі жөндеуге өткізуге өтініш берушілер де көбейіп келеді»,- дейді Ғазиз Ералиев. Біз бағдарлама бойынша атқарылған жұмыстарды өз көзімізбен көріп-білу үшін, Ғазиз Нұрланұлымен бірге құрылыс басына бардық. Алдымен 7-мөлтек ауданға атбасын бұрдық. Мұнда құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр екен. «Строители Века» атты құрылыс жасағының басшысы мердігер Сергей Евгеньевич 6 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Ол фирмасының атағын шығару үшін сметада қарастырылмаған қасбетін сырлау, орындықтар орналастыру, электр үнемдегіш орнату, қоршау салу сынды жұмыстарды да қолға алыпты. Сол мөлтек аудандағы 27-үйдің жөндеу жұмыстарымен айналысып жүрген «Жарқынбек» ЖШС-нің мердігері Марат Бейсембековті де жұмыс басынан таптық. – Біз бүгінгі таңда осы мөлтек аудандағы 27-үйден басқа Төле би көшесіндегі 1 үйді де күрделі жөндеуден өткізудеміз. Жұмыстар тұрғындардың көңілінен шығуда. Бәсекелестік жоғары болғандықтан біз де сол мердігерлерден артық жасауға тырысамыз. Сондықтан, тұрғындарға жобалық-сметада қарастырылмаған кейбір жұмыстарды өз қаржымыздың есебінен жүргіземіз, – дейді Марат Жарқынбекұлы. Ғазиз Ералиевтің айтуынша, жұмыс сапасын бақылау үшін тұрғындар арасынан комиссия құрылған. Олар жүргізілген жұмысты жіті бақылап, қабылдап, атқарылған жұмыстар актісіне қол қояды. Тұрғын үй инспекциясының мамандары тарапынан жүргізілетін күнделікті қадағалау өз алдына, одан кейін техникалық бақылау, авторлық бақылау жүреді. Соның барлығы орындалғанда аталған мекеме атқарылған жұмыстың құнын төлейді. «Мердігерлердің жұмысы көңілімізден шығады. Ескі үйлер жаңа келбетке ие болды. Тұрғындар да дән риза», дейді 27-ші үйдің тұрғыны Тұрысбек Баймашев.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».
Сурет түсірген Орманов Алмаз
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді