Қордайдағы «Балауса» жазғы сауықтыру-демалыс лагерінде жыл сайын ауданның барлық мектептерінен үздік оқитындар мен жағдайы төмен отбасыларынан мыңнан аса, оның ішінде көрші аудандардан да балалар келіп екі аптадан демалатын дәстүр қалыптасқан. Бүгінде бұл мекен балалардың бал күлкісіне толы. Маусымның 10-ында іске кіріскен лагерьде, алғашқы екі кезекті қосқанда, 580 бала он күннен демалған. Енді үшінші кезекке 260 бала қабылданып отыр. «Балауса» аудан орталығына таяу жерде елді мекендерден жырақтау қалың бақтың ішіндегі ғимараттарда орналасқан. Үш жүз орындық жатын жайлары бар алты корпустан тұрады. Мұнда 150 орындық орталық асхана, жаздық сахна, кітапхана, ашық бассейн, ойын алаңдары жұмыс істейді. Айналасы қоршалған. – Лагерьге 8-14 жас аралығындағы балалар қабылданады. Оларға біздің он шақты қызметші мен мектептерден алынған он төрт тәрбиеші, вожатый, тәлімгерлер қызмет көрсетеді, – деді лагерьдің директоры Қалимолда Керім. – Бұрнағы жылдары бізде демалуға бірқатар көрші аудандардан да балалар қабылданатын еді. Бірақ, биыл олардан сұраныс болмады. Соған қарамастан, өз ауданымыздағы елуден аса мектептің оқушылары-ақ лагерімізді толтырып жатыр. Он күндік демалу ақысы 15600 теңге болса, демалушылардың жартысынан астамын құрайтын үздік оқушылар мен табысы төмен отбасының балалары үшін бұл қаржы бюджет есебінен төленеді. Ақысын өзі төлеп, балаларын әкелуші ата-аналар да аз емес... Енді балалардың мұндағы әр күні бірінен-бірі қызықты өтіп, шын мәнінде, денсаулықтары шыңдалып, ой-өрісін байытатын пайдалы шараларға толы болуы маңызды. Аудан орталығындағы №6 мектеп директорының оқу ісі бойынша орынбасары Шолпан Айнақожаева – алғашқы күннен лагерьдің бас тәлімгер-жетекшісі. Оның айтуынша, балалар алты отрядқа бөлініп, өзара ойын-сауық, өнер, спорт түрлерінен сайысқа түсіп, лагерьдегі күндерінің қызықты өтуіне өздері септеседі екен. Әр отрядқа мектеп мұғалімдерінен, студенттерден жетекшілер бекітілген. Солардың бірі Айнұр Мұхтар – осы ауылдың тумасы, қазір Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің төртінші курс студенті екен. Бастауыш сыныптар педагогикасы мамандығы бойынша оқитын ол жазғы каникулда туған ауылына демалысқа келіп, бір жағынан біліктілігін шыңдауда. Лагерьде «Қош келдің «Балаусаға!» деген алғашқы кешпен басталатын он күннің әрқайсысына түрліше ат қойылып, «Жігіт сұлтаны», «Балауса» аруы», «Екі жұлдыз», «Алло, таланттарды іздейміз» тәрізді мәдени шаралар ұйымдастырылады. Аудандық спорт мектебінің тәлімгері Жомарт Шолпанбаевтың бастауымен балалар ашық аспан астындағы бассейнде шомылып, күнге қыздырынып, футбол, волейбол, теннис, шахмат, дойбы ойнайды. Күнде кешкілік өнер жарыстырып, концерт қояды, би үйренеді. Дискотека, викториналық, тақырыптық кештер өткізеді. Қай кезде де кітапты басты досы санаушыларға кітапхананың есігі әрдайым ашық. Осылай, балалар «Балаусада» әрі демалып, әрі денсаулығын шыңдап, басқа мектептерден келген жаңа достармен қауышып, әр күндерін көңілді өткізуде. Лагерь демалушыларына күніне бес мәрте дәмді ас-ауқат беріліп, медицина қызметкерлерінің күнделікті бақылауында болады. Тамыз айының орта шеніне дейін мұнда тағы талай бала демалатын болады.
Қордай ауданы.Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді