Cұмырай және аңшы

Cұмырай және аңшы
ашық дереккөз
Cұмырай және аңшы

Бұл әңгімені өзі басынан өткізген Шапағат атамыз былай сабақтайды. Соғыстың алды, 1939-40 жылдар шамасы еді. Менің бозбала оқушы кезім. «Қызылақырап» козхозында тұрамыз. Қынықтың Итес аталығынан шыққан Бақа Ерғали деген аңшы болды. Бәкене бойлы, көздері кішкентай, өткір, құлағы қалқиған, мінезі қатал кісі еді, жарықтық. Ауылда «Бақа Ерғали келе жатыр» десе, жылаған бала қоятын. Өзі аңшылығымен қатар құмалақшы, тамыршы еді. Аурудың тамырын ұстап жіберіп «е, пәлен күн өмірің қалыпты ғой!» деп төбеден ұрғандай айтып салатын да, айтқаны дәл келетін. Ел сонысына бола да сескенуші еді. Ол кезде тамақ тапшы. Ерекең күзде, егінге қонып, таңертең қанатына мұз қатып, бірден ұша алмай қалатын дуадақтарды ұшқыр атпен қуып, қамшымен ұрып ала беретін. Жаз болса судың ішіндегі қамыс, қоғадан пайда болған аралға көптеген қақпан құрып үйректі қырып тастайды. Түнде суға түсіп құс ататын да өнері болушы еді. Бір күні Ерғали түнде суды бойлап келе жатса, алдынан қарауытып бір кісінің сұлбасы шығады. Шақпақ шағып қараса түкті құбыжық көрінеді. Мылтықпен басып салыпты. Жаман дыбыс шығып әлгі дене құлайды. Ерекең саспай жүндес құбыжықты ауылға сүйреп әкеліпті. Ертесі ел көріп шошып кетті дейді. – Бұл суда жүретін сұмырай деген болады. Пәлені үйге кіргізбеңдер. Үйдің төбесіне шығарып мұржаға жеті жерден байлап қойыңдар. Жоқтаушысы болса келіп алып кетер, – депті бір қария. Айтқандай, алты күн өтіп жетінші күні түнде әлгі құбыжықтың денесі жоқ болып шығады. Содан былай Ерекең «сұмырай атқан Ерғали» атанып кетіпті. Сол Ерекеңнің ешкімнен сескенбейтін қасиетіне кешікпей өзім де куә болдым. Ол кезде колхоз егін егеді. Қойшекен атты егін салатын жерде егін бригадасы бар. Жалпақ егіннің бір шетіне таяу Үшоба деген жер болды. Ежелден перінің ордасы болған, пері иеленген деп елдің бәрі қорқады. Егін алқабын күзетуге де батылы барып ешкім шыға қоймады. Ерекеңнің 70-тің үстіне келген шағы. Егін күзетуге кісі таба алмағасын басшылар Ерғалиды қолқалап көндірді. Ерекең атпен жүреді. Үш мезгіл келіп қостан тамақ ішіп кетеді. Түнде егін басына қонып жүрді. Бір күні таңда қос басына келгенде: – Жезде, бетіңізге не болған? Қисайып кетіпті ғой, – деді ойнайтын балдыз әйелдердің бірі. Бәріміз жапырлап келіп қараймыз. Бақа Ерғалидың бет-аузы түп-түгел оң жағына қарай ауып кетіпті. – А, солай ма? Көптен бері аңдысып жүр еді, ақыры ебін тапқан екен ғой, – деді Ерғали, – бәсе жаңа келе жатқанымда Үшоба жақтан бір жылы жел соғып өтіп еді-ау, қап, бәлем, тұра тұр, мен де тегін қоймаспын! – деп әлдекімге кіжініп сөйледі де, қайтып ешкімге тіс жарған жоқ. Содан бері күн сайын бақа Ерғалидың бетіне қараймын. Беті баяғыша оң жағында. Өзі ешкіммен сөйлеспейді. Жатса-тұрса «Ғаршыл көрдім, Ғаршыл көрдім» деп күбірлеп аузы тыным таппайды. Мұнысы несі екен деп аң-таңмын. Осы бір ауыз сөзді 17 күн тынбастан сарнап жүрді. Он сегізінші күні ертеңгілік түнгі күзеттен келгенде, бетінің орнында екенін көрдік. – Жезде-ау, бетіңіз қалпына келіпті ғой, – деген баяғы балдызының сөзіне: – Е, шөпке де, шөңгеге де атын жария қылып айтып қоймағасын, арланып, өзі келіп түзетіп кетті ғой, – деп Ерекең кеңк-кеңк күлді. Ерекеңнің сондағы Ғаршыл дегені пері патшасының есімі екен. Жәнібек Әбілпейісов.

Ұқсас жаңалықтар