«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қателесуге қақысы жоқ маман

Қателесуге қақысы жоқ маман
ашық дереккөз
Қателесуге қақысы жоқ маман

Өмірлерінде бірде-бір рет қателесуге  қақысы жоқ мамандықтың бірі – медицина. Аурудың жасқа да, кәріге де қарамастан, ұрымтал жерден соға беретіні ақиқат. Сондықтан ине мен қандауырды өмірлеріне серік еткен ақ желеңді, алтын қолды дәрігерлер қауымына баланың да, қарттың да айтар алғысы шексіз болар. «Көктемде еккен дәннің жемісі күзде көрінеді», демекші дәрігерлер мен медбикелердің еңбектері мен төккен терлері – Медицина қызметкерлері күнінде еленіп, марапатталып жататыны бар. Әсіресе, ғасыр дертіне айналған обыр ауруына шалдыққандарды емдеп, олардың ортаға сауығып, қайта оралуына уақыты мен жігерін сарқыған дәрігерлер қандай марапатқа болса да лайық-ақ. Себебі, бүгінгі таңда ең қауіпті сырқаттың түріне жататын бұл ауру елімізде қаншама жанның өмірін жалмап, әлем бойынша өлім-жітім себебімен бірінші орынға шыққан кесапат болып табылады. Осындай дертке шалдыққан әрбір науқастың қас-қабағын бағып, сәбидей өбектейтін абзал жандардың еңбегін құрғақ сөзбен жеткізу мүмкін емес. Осы орайда облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Абай Нұржановтың да осы салада еткен еңбегі ерен. Медицина саласының барлық сатысынан өткен білікті басшы ұжымның ұйымшылдығы мен кәсіби мамандықтарын шебер меңгерулері жолында аянбай еңбек етіп келеді. Мәселен, басшымыз Абай Құралбекұлының тікелей қолдауымен ауруханамызда 35 дәрігердің 70 пайызының жоғары санатқа жетуі, жас білімді мамандар мен психологтардың толыға түсуі – осының айғағы. Дәрігер мамандығының иесі болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Тек сырқаттың ғана емес, Жаратушының алдында да жауапты сезінетін күрделі сала. Ол үшін, әрине, терең білім, кемел ақыл, біліктілік пен іскерлік керек. Осы аталған қасиеттердің барлығы дерлік Абай Нұржановтың бойынан табылады. Оның науқастармен тілдесуінің өзінен нағыз психологқа тән қабілетті байқауға болады. Абай Құралбекұлы білікті басшы ғана емес, қолы жеңіл оташы ретінде де облысымызда аса танымал. Әрбір науқастың жүрегіне үміт сәулесін сеуіп, өмірге деген құштарлығын арттыратын қасиетін былайғы жұрттар ерекше ықыласпен айта жүреді. Қиналғанда көмек сұрап, ауырғанда шипа іздеп алдына барған кез-келген пендеге қолдау көрсететін, өмірлеріне қауіп төнген сәтте араша түсіп, тіпті екінші ғұмыр сыйлайтын бұл саланың білікті маманы болған Абай Құралбекұлы абыройлы басшы ғана емес, отбасының беделді отағасы, ардақты әке, аяулы жар. Зулфия Алиева, дәрігер, химия-терапия бөлімінің меңгерушісі.

Оташы Қауіпті де қасиетті мамандық, Тайталасар жақсылық пен жамандық, Өмір-өлім арпалысар сын сағат, Тұру үшін кесел кетіп, адам тік. Жою үшін сан сырқаттың жолдарын, Хирург деген дирижердей ол – дарын. Тек алдында оркестр жоқ, адам бар, Тән үстінде ойнатады қолдарын. Жан жүректі босаңсытпай қамшылап, Тұншықтыру – ауыр дертті жаншылап. Жауға шапқан жауынгердей шүйлігер, Ал маңдайдан ағады тер тамшылап. Секундтар мен минуттардың арасы, Күткен жанға ғасырмен тең қарашы!.. Сәтті шыққан әр отаға қуанар, Одан жоқтай бақытты жан баласы. Эра Орманова.

Ұқсас жаңалықтар