Үкімет үміт ақтауда

Үкімет үміт ақтауда
ашық дереккөз
Үкімет үміт ақтауда

Кеше ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға  Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мен Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов қатысты. Жиында сөз сөйлеген Бердібек Сапарбаев Президенттің  дәл қазіргі кезде Үкімет алдына қойып отырған ең басты тапсырмаларына айрықша тоқталды. Ол – экономикалық өсу қарқынын сақтау, азаматтардың әл-ауқатын  жоғарылату және жаңа жұмыс орындарын құру жолымен жұмыспен қамту мәселесін қамтамасыз ету міндеттері. Баспасөз мәслихатында медицинаға қатысты бірқатар шаралардың қарқынды орындалып жатқанын тілге тиек еткен Премьер-Министрдің орынбасары өткен жылдармен салыстырғанда салада ілгерілеу бар екендігін ерекше атап өтті. – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2016-2020 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламаны әзірлеуге кірістік. Аталмыш бағдарламаның негізгі бағыттары –  алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту, әлеуметтік-медициналық сақтандыруды енгізу және денсаулық сақтау саласының кадрлық әлеуетін арттыру. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылуы арқасында тұрғындар денсаулығының негізгі көрсеткіштері жақсарып келеді. Оның негізгі көрсеткіштерінің бірі – тұрғындар өмірінің ұзаруы, егер бұл көрсеткішті 2010 жылмен салыстырсақ, өсім 3,6 пайызды құрайды. Бүгінгі таңда қазақстандықтар өмірінің ұзақтығы 71,6 пайызды құрап отыр. Жалпы, аналар, балалар өлімі төмендеп келеді.  Сондай-ақ туберкулез ауруы, онкологиялық аурулар, жүрек-қантамырларының ауруы да азайып келеді, – деді ол. Премьер-Министрдің орынбасарының айтуынша, ел көлемінде енгізілген ұлттық скринингтік бағдарлама бойынша былтыр 2 миллион 4 мыңдай адам тексеруден өткен. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов елімізде 2015-2017 жылдарға арналған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жоспар дайындалғанын мәлімдеді. – Соңғы уақытта балаларға зорлық-зомбылық көрсету әрекеттері үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Осыған байланысты Президент әкімшілігі, Бас прокуратура мен Үкімет арнайы мәжіліс өткізіп, оның қорытындысы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл білім беру бағдарламаларына балалардың қауіпсіздігіне арналған тақырыптар енгізіледі, – деп хабарлады Білім және ғылым министрі. Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев жыл соңына дейін 160 мектепке дейінгі мекеме ашылатынын, ол балалардың 81 пайызын біліммен қамтамасыз ететінін, мектепке дейінгі мекемелермен балаларды қамту жол картасы әзірленгенін айтып, саладағы игі істерге тоқталып өтті. Картаға сәйкес, мемлекеттік жекеменшік серіктестік негізінде 18 жеке инвестиция  есебінен 324 мектепке дейінгі мекеме салыныпты. Елбасының тапсырмасы бойынша балаларды мектепке дейінгі  біліммен 100 пайыз қамту 2020 жылға дейін жүзеге асырылмақшы. Сонымен қатар, техникалық-кәсіби білім беру колледждерінің саны 970-ке дейін жетіп, биыл елімізде 126 мектеп пайдалануға беріледі екен. – Әлемдегі экономикалық дағдарысқа қарамастан мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындап отыр. Ал жұмыспен қамту және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу үшін Үкімет барлық өңірлерде халықты жұмыспен қамтуға қолдау көрсету кешенді жоспарларын бекітіп, соның негізінде 322 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Бүгінгі таңда 191 мыңнан аса адам жұмысқа орналастырылды. 66 мыңнан аса меморандум жасалды. 2,2 миллион адам және елдің барлық ірі кәсіпорындарының 79 пайызы  қамтылды. Еңбек қатынастары мәселелері ай сайын республикалық үшжақты комиссияда және әлеуметтік әріптестік жөніндегі өңірлік үшжақты комиссиялардың отырыстарында қаралады.  Сонымен қатар,  халықтың осал тобына әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Оның ішінде  атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмектері бар, – деді Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев. Баспасөз мәслихатында мәдениет саласында да ілкімді жұмыстардың атқарылып жатқандығын, Қазақ хандығының 550 жылдығына да дайындық жұмыстарының қарқын алғанын мәлімдеген Үкімет басшысының орынбасары баспасөз мәслихаты барысында тілшілердің қойған алуан тақырыпты сауалдарына тұшымды жауабын берді.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар