Айлардың сұлтаны саналатын қасиетті Рамазан айының шығуына да санаулы күндер қалды. Күннің ерекше ыстық болуына қарамастан ықыласпен ауыз бекіткен жамағатты көргенде, қасиетті айдың қадірін білетін қауымның көбейгеніне көзіміз жетті. Ертең – ораза айт. Үш күнге созылатын бұл дәстүрлі діни мерекеге әр үй ерекше дайындық жасайтыны белгілі. Айт мерекесі – қала да, дала да, үлкен де, бала да мәре-сәре күй кешетін шақ. Осыған орай жамағаттың пікіріне құлақ түрген едік.
Айт намазына асыққан абзал
Аят Алмаханов, Тараз қалалық «Әулиеата» мешітінің бас имамы.
– Биссимилаһир рахманир рахим! Мінеки, қасиетті Рамазан айының соңғы сәттеріне де таяп қалдық. Кеше ғана барша жамағат болып осынау жақсы айды қарсы алып едік, енді ораза айттың алдында тұрмыз. Биыл біздің қала мешіттерінде де ораза айы өте бір ықыласты үлкен құлшылықпен өтті деп есептеймін. Алдымен барша жамағатқа айттарыңыз құтты болсын, Алладан шынайы ниетпен сұраған барша тілектеріңіз қабыл болсын демекпін! Айт басталар күні айт намазына асыққан абзал болады. Айт намазына қаламыздың барлық мешіттеріне азанғы 6.00-ден бастап жамағат келе берсе болады. Айт намазы отыз күнгі оразаның мөрмен мөрлеп, қол қойған секілді қорытынды іс-шарасы. Одан кейін әр үйге айттағанның да сауабы өте мол. Айт мерекесі адамдардың, ағайын-туыстың бір-біріне мейірімін, татулығын оятып, ынтымағын арттырады. Сондықтан, айт мерекесі құтты болсын, жамағат!
Бала күнімнен асыға күтетін мейрам
Бақытжан Тұрған, жеке кәсіпкер.
– Мен де көпшілік қауым секілді айт мерекесін асыға күтемін. Айтты қадірлеу ата-ана тәрбиесімен бала күннен бойымызға сіңді. Бұл күндер – Жаратушы өзі рұқсат еткен діни мереке күндері. Ол күні ағайын-туыс, жақыннан бастап барша таныстың үйіне айттап шықсаң, үлкен сауапқа кенелесің. Қаланың қарапайым тұрғыны болсақ та, айтты, оразаны ерекше қадірлейміз. Көпшілікпен бірге ауыз бекітіп, жұртпен бірге айттаймыз. Бұл күні барлық адамдардың жүзінен тек қуаныш, шаттықты байқаймыз. Соңғы жылдары облыстық мешіт имамдары демеушілердің көмегімен айт күні қала аумағында бірнеше автобусты тәулік бойы тегін жүргізіп жүр. Бұл да айт мерекесіне деген құрмет. Жалпы көпшілікке айттарыңыз берік болсын демекпін!
Ерекше құрметтеймін
Айнұр Келімбетова, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы партияның сайлауалды тұғырнамасын іске асыру және бақылау бөлімінің меңгерушісі.
– Кішкентай күнімнен айт күндерін ерекше құрметтеймін. Бұл діни іс-шара арқылы адамдардың бір-біріне құрметі артады. Түрлі ұлт өкілдері бір-бірін айт мерекесімен құттықтап, шынайы көңілдерін білдіреді. Айт – көпшіліктің жанын, жүрегін нұрландыратын жақсы мереке. Бұл күні уақыт тауып, жақын-туыстардың үйіне айттауды ұмытпаймыз. Көпшілік қауым бауырсағын пісіріп, қазанын түсіріп, бұл күндерге ерекше дайындық жасайды. Құран оқылып, жақсы тілектер айтылғанының өзі ерекшелік. Ораза айттарыңыз құтты болсын, жамағат! Әр отбасына береке, әр үйге мереке, татулық, жақсылық тілеймін!
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді