Бүкіл әлем көз тіккен көрме

Бүкіл әлем  көз тіккен көрме
ашық дереккөз
Бүкіл әлем көз тіккен көрме

«ЭКСПО» көрмесі еліміздің тағдырына бұйырған бақыт дер едім. Оған олимпиада ойындарындағыдай, бүкіл дүниежүзінен өмірімізді, өнерімізді көруге миллиондаған адам келеді. Мұны ақыл-ой жарысы, заманауи техника мен жаңа технологиялар жарысы деуге де болады. Сондықтан, «ЭКСПО»-ны шығын деп ойламай, инвестиция ретінде қарауымыз керек. Әлемдік тәжірибелерге сүйенер болсақ, мұндай ауқымды шараларға он миллионға жуық туристер келеді екен.

2017 жылғы 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығындағы үш айда Астана көрмесіне, кем дегенде, бір миллион турист келіп, шамамен әрқайсысынан үш мың доллардан тастап кетеді дегеннің өзінде, үш миллиард доллар кіріс түседі екен. Ал Елбасы сауатты ұйымдастырылған стратегия арқылы 5 миллион адамның келуіне қол жеткізуге болатынын айтты. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесін өткізуге дайындық жөніндегі кеңесте: «Бұл – Қазақстанды, еліміздің мүмкіндіктерін бүкіл әлемге көрсететін басты жоба», – деп атап көрсетті. Елбасы төрткүл дүние көз тігіп отырған бұл шараға дайындықтың кейбір мәселелеріне көңілі толмайтындығын да жасырмады. Расында, әлем көз тіккен көрмеге дайындыққа екі жылдан да аз уақыт қалды. Ал атқарылатын шаруалар ұшан-теңіз. «ЭКСПО» көрмесін абыроймен атқару, оны өз деңгейінде ұйымдастырып өткізу – еліміз үшін үлкен міндет. Бастысы, Қазақстан үшін дауыс берген 103 елдің үмітін ақтау керек. Елбасы көрмені табысты өткізу оның тақырыбының толық ашылуына байланысты болатынын айтты. Елдің неғұрлым көбірек қатысуына ықпал етудің, келушілерді тарта білудің, жаһандық серіктестермен, демеушілермен жоғары деңгейде жұмыс жүргізудің де маңыздылығына тоқталды. Мемлекет басшысы бұл мәселелерді бекерге қозғаған жоқ. Бұл халықаралық көрме бізге не береді дегенде, жүзге жуық мемлекет өз жетістіктерін паш ететін сән-салтанаты жағынан бірінен-бірі өткен дербес павильондарын тұрғызып, қаланы көркейтуге атсалысатынын ойлауымыз керек. Ол ғимараттар Астананың меншігіне айналады. Қалада көптеген жаңа қонақ үйлер, мейрамханалар салынады. «ЭКСПО» инфрақұрылымдарын дайындау, ғимараттар салу кезінде қаншама жаңа жұмыс орындары ашылып, отандық құрылыс ұйымдары пайда табады. Жергілікті құрылыс материалдарын сапалы өндіретін кәсіпорындар көбейеді. Жел энергетикасы – «ЭКСПО» көрмесінің басты тақырыбының бірі. Облысымыздың энергияны ешқандай қалдықсыз табиғаттан өндіру бойынша алдыңғы орында келеді. Осы көрмеге дайындық аясында біздің компания Қордай асуында қуаты 21 МВт-ты құрайтын жел электр стансасын салуды қолға алды. Өткен жылдың соңында Президентпен болған телекөпір барысында оның алғашқы кезегі іске қосылған еді. Бүгінге дейін 9 МВт-ты құрайтын Германияда шығарылған тоғыз жел генераторы тұрғызылды. Жалпы, 12 жел генераторын салу жоспарланған. Жел электрстансасы биыл толық жобалық қуатында іске қосылып, сұранысты қамтамасыз ететін болады. Бұл оңтүстік өңірде энергия тапшылығын жоюға қосқан сүбелі үлесіміз болатыны анық.

Евгений Омашев,  «Виста-Интернешнл»  ЖШС директоры.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар