«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Елдігіміз бен елімізге сын

Елдігіміз бен елімізге сын
ашық дереккөз
Елдігіміз бен елімізге сын

Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандан-дырылған көрмесі – Қазақстанды, еліміздің мүмкіндіктерін бүкіл әлемге көрсететін ірі жоба. Оны ойдағыдай өткізу – елдігіміз бен елімізге үлкен сын. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда Елордада өткізген кеңесте оны өткізуге дайындық барысын саралап, құрылыстың жүргізілуіне алаңдаушылық білдірді. Орын алып отырған кемшіліктерді қатты сынға алды. Оған жауапты басшыларға тиісті тапсырма берді.

Қазақстанда жаңартылмалы энергия көздерін кеңінен қолдануға үлкен мүмкіндіктер бар. Кейінгі кезде бұл бағытта еліміз, оның ішінде облысымызда ірі жобалар жүзеге асырылуда. Оңтүстік өңірде орналасқан облысымызда қыс қысқа, жаз ұзақ болатындықтан, күн, жел және судан арзан әрі экологияға зиянсыз қуатты көптеп өндіруге болады. Келешекте аймақтың қуатқа деген жаздағы қажеттілігінің – 80, қыстағы 40 пайызын жаңартылмалы энергия көздерінен алу көзделуде. Әлбетте, бұл орасан ресурстар мен қаржылай шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. «Бурное Солар-1» ЖШС өткен жылы Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылдық округінің аумағындағы егістікке жарамсыз 150 гектар тастақты алқапта 50 мегаватт қуат өндіретін күн электр стансасының құрылысын бастаған болатын. Оны жүзеге асыруға 23,6 миллиард теңге қарастырылды. Жоба аймақтың Индустрияландыру картасына енгізілген. Компания жұмысты дұрыс ұйымдастыру нәтижесінде тапсырманы белгіленген мерзімде орындады. Күн электр стансасы үстіміздегі жылдың шілде айының алғашқы он күндігінде іске қосылды. Станса үстіміздегі жылдың соңына таман толық қуатында жұмыс істейді. Еуропалық банктер келешекте осында салынған стансаны кеңейту әрі қайта жарақтандыру арқылы қуатын 100 мегаватқа жеткізу үшін қаржы қарастыруда. Күн электр стансасы осындай дәрежеге жеткен кезде 30 мың ауланы онымен қамтамасыз ете алады. Күн сәулесі арқылы өндірілген қуаттың бағасы көмір, газ және мазутқа қарағанда бірнеше есе арзан болады. Оның құрылысына жұмсалған қаржы бірнеше жылдардан кейін толық өтеледі. Стансаның өнімі жалпы қазақстандық электр жүйесіне қосылады. Мұның өзі біраз жылдан кейін аймақта қуат бағасының едәуір арзандауына игі ықпалын тигізеді. Ол толық қуатында жұмыс істегенде облыстың энергияға деген қажеттілігінің жартысына жуығын өтейтін болады. Күн электр стансасының қызметімен «ЭКСПО-2017» көрмесіне келетін шетелдік қонақтар да танысады. Көрме еліміздің халықаралық деңгейдегі мерейін өсіреді және мәртебесін биіктетеді.

Қуаныш Мешелов, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар