«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Атына заты сай ауылымыздың

Атына заты сай ауылымыздың
ашық дереккөз
Атына заты сай ауылымыздың

Егемен ел болғанымызға көп уақыт өте қоймағанмен, Елбасының сара саясаты мен халқымыздың ауызбіршілігінің арқасында бүгінде әлемдегі дамушы елдермен тереземіз тең жағдайға жеттік.  Әсіресе, еңбексүйгіш, елжанды жастарымыздың болашаққа нық сеніммен қадам басып келе жатқаны қуантады. Олар үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуінен танбауда. Ауылымыз аудан орталығынан шалғайда, жартылай шөлейт өңірде орналасқанмен, күнкөрісіміз бен мәдениетіміздің деңгейі басқа елді мекендерден еш кем емес. Мұның барлығы да ауыл жастары мен әр жылдардағы түлектердің арқасы. Егемендік олардың арасында да серпіліс туғызғандай. Бес-алты жылдан бері түлектер  мектепті  бітіргендеріне 10, 20, 30, 40 жыл толуын атап өтіп, өздерінен естелік болсын деп  оқушыларға  компьютерлер тарту етуден бастап, көшелерді жөндеу, жарықтандыру, түрлі жеміс ағаштарын отырғызу, мәдениет үйіне музыкалық аспаптар алып беру, ауылға кіреберіске үлкен айшықты арка орнату секілді  ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруда. Биыл алтын ұядан түлеп ұшқандарына 20 жыл толғандар мектепке – 80, Ұлы Жеңіске, сондай-ақ ауылымызға 70 жыл толуы құрметіне ауылдан тарихи-өлкетану музейін ашты. Әр жылдың түлектері кезегімен жыл бойы айтулы мерекелерге орай ауылда түрлі мәдени-көпшілік шаралар өткізуді дәстүрге айналдырды. Кезектері биылға дөп келген түлектер тобы ауылда жаңажылдық кешті  қызықты өткізді, соңынан мол дастархан жайып ауыл тұрғындарына дәм беруді де ұмытпады. 20 мен 40 жас аралығындағы түлектер өз орталарынан қаржы жиып, ерлер және әйелдер күресі, асық ату, кір тасын көтеру, арқан тарту, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, тай, құнан, аламан бәйгелер, салым көкпар секілді барлық ұлттық және ат спорты ойындарын қамтып, биыл Наурыз, Жеңіс күні мерекелерін де дүрілдете өткізді. Жоғарыдағы жарыстардың жүлделері де қомақты болды. Ауылымыздың бүгінгі кейпі осындай келешегі де нұрлы боларына сеніміміз кәміл. Ауылымыз Балуан шолақ бабамыздың, мектебіміз Мәлік Ғабдуллиннің есімін иеленгенін де мақтаныш етеміз. Ауылдың атына заты сай болып, жастар бастамасы жарқын істерге бастай беретініне бек сенімдіміз.

Қосшығұл МАШАХАЕВ, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы. Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар