Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы және Республикалық оқу-әдістемелік қосымша білім беру орталығы мен облыс әкімдігінің қолдау көрсетуімен Тараз қаласындағы № 85395 әскери бөлімінің базасында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы аясында республикалық «Жас ұлан» әскери-спорттық ойынының үш күнге созылатын ақтық мәресі басталды. Оның ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов пен ҚР Қарулы күштері бас штабы бастығының орынбасары, тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі департаменттің бастығы, генерал-майор Мұхамеджан Таласов қатысып, сөз сөйледі, әскери-спорттық ойындарға қатысушыларға сәттілік тіледі. Ойынның ақтық мәресіне республика облыстары орталықтарында және Астана мен Алматы қалаларында өткізілген «Жас ұлан» әскери-спорттық ойынының іріктеу кезеңінде жеңімпаз атанған командалардың құрамындағы 128 жас ұлан қатысуда. Олар ағымдағы жылғы маусым айының 23-25 күндері аралығында Тараз қаласындағы № 85395 әскери бөлімінің, Жамбыл ауданындағы «Айша бибі әскери полигоны және Жуалы ауданындағы № 91678 тау-егерлік батальонының базасында ойын бағдарламасына сәйкес саптық, атыс даярлығы бойынша жеке-топтық сайыстар, әскери кросс, турникке тартылу, жүзу, саптағы байқау мен ән салу, командаларды таныстыру бойынша жарыстар және командалардың тұсаукесері аталымдары бойынша бәсекелесті. Сондай-ақ, командалар «Ұлы Отан соғысының батырлары туып-өскен жерімізде тұрады!» атты тарихи-өлкетану зерттеу жобасын қорғады. Республикалық «Жас ұлан» әскери-спорттық ойынының басы-қасында жүрген облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Дәмеш Өскенбаева мұндай сайыстардың мектеп оқушыларын тәрбиелеуде тигізер пайдасы мол екенін атап өтті. «Жас ұлан» әскери-патриоттық ойынының жастарды әскери-патриоттық тәрбиеге баулу жұмысының сапасын арттыруға, кейінгі толқынды еліміздің қарулы күштерінің сапында қызмет етуге әзірлеуде, спорттың әскери-қолданбалы түрлерін дәріптеп, саламатты өмір салтын насихаттауда алар орны ерекше. Бүгінгі өмір талабы әр мектепте әскери патриоттық клубтың болуын қажет етеді. Бұл балаларға өте қызықты. Статистикалық деректер нақтылы кезеңде республика бойынша мыңнан астам әскери клубтың бар екендігін айғақтайды.Тараз қаласында өтіп жатқан сайысқа осындай әскери клубтардың іріктеу жарыстарынан өткен ең мықтылары қатысуда», – деді ол. Республикалық ойында жеңімпаз атанған командалар және жеке біріншілікте «Үздік саптағы сарбаз», «Үздік мерген», «Үздік командир», «Ең тез, епті, күшті», «Жауынгер жүзгіш», «Ең жайдарлы», «Финал көшбасшысы» аталымдары бойынша үздік шыққандар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Ойынға қатысушылардың барлығына сертификаттар берілді.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол». Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді