«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

"Тараз" тоғызыншы орынға сырғыды

"Тараз" тоғызыншы орынға сырғыды
ашық дереккөз
"Тараз" тоғызыншы орынға сырғыды

Футболдан Қазақстан премьер-лигасында «Тараз» футбол клубы ала-құла ойнап жүр. Он алтыншы тур аясында елордаға қонаққа барған «Тараз» футбол клубы жергілікті аяқдоп шеберлеріне 4:1 есебімен жол берді. Жерлестеріміз бұл ойында алаң иелеріне барлық компонент бойынша есе жіберді. Ойынның 20-минутында Таңат Нөсербаев мергендігімен танылып, Астананы алдыға шығарса, 62-минутта «Тараздың» экс ойыншысы Алексей Щеткин есепті еселеді. Бұдан соң «Тараздың» ойыны тіпті сұйылып кетті. Матчтың 75-минутында Георгий Жуков есеп айырмасын үш допқа дейін жеткізген соң, араға бес минут салып Тимур Досмағамбетов пенальтиден бір гол соқты. Ойын аяқталуға үш минут қалғанда Фокси Кетевеома да қанжығасын майлап, қорытынды нәтижені тіркеді. Алдыңғы турда қарсыласына оңбай ұтылған «Тараздың» аяқдоп шеберлері он жетінші турда Қызылорданың «Қайсарын» 3:0 есебімен тізе бүктірді. Салған жерден шабуылға иек артқан жерлестеріміз матчтың үшінші минутында есеп ашты. Стандартты жағдайды сәтімен пайдаланған Александр Пищур гол авторы атанды. Алғашқы кезеңнің отыз бірінші минутында айып добын әдемі орындаған Санат Жұмаханов есепті ұлғайтты. «Тараз» матч нәтижесі айқындалды деп тоқтап қалған жоқ. Ойынның жетпіс бірінші минутында Йован Голичтің айып алаңының сыртынан бағыттаған керемет соққысы ақтық нәтижені тіркеді. Осылайша айқын басымдылықпен жеңіске жеткен жерлестеріміздің ойыны түзелді деп отырғанымызда бәрі біз ойлағандай болмай шықты... Он сегізінші тур аясында Қостанайға аттанған «Тараз» футбол клубы жергілікті «Тобылға» 0:3 есебімен жеңіліп қалды. Кездесудің он екінші минутында Игорь Юрин есеп ашса, жиырма бірінші минутта Игорь Зенкович нәтижені  еселеді. Ал қырқыншы минутта дубль авторы атанған Игорь Юрин командасының айқын басымдықпен жеңіске жетуіне себепші болды. Он сегіз турдан кейін «Тараз» 20 ұпаймен тоғызыншы сатыға сырғыды.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар