Тұғырлы тәуелсіздіктің бастауы болған Қазақ хандығының құрылғанына биыл 550 жыл. Аталмыш мерекенің мән-маңызын айшықтауды мақсат тұтқан «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі, облыс әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қолдауымен ұйымдастырылған фотоэкспедиция Шу, Мойынқұм аудандарының тарихи орындарында болды. Белгілі фототілші Асылхан Әбдірайымұлы бастаған фототілшілер тобын баспасөз беттерінде жазылып жүрген Қозыбасы, Хан тағы, Бала тағы, Хан қорасы, Абданбайдың тоспасы сынды көне тарихи орындар қатты қызықтырды. Фотоаппараттарын сайлап келген шеберлер Керей мен Жәнібек хандар жүріп өткен тарихи орындарды жарыса түсіріп жатты. Жиырмаға жуық фототілші қатысқан экспедиция діттеген мақсатына жетті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Сағат Медеубекұлы және өзге фотошеберлер түйген ойын ортаға салып, хандықтың тойы – халықтың тойы екендігін еске түсірді. Фототілшілер хан туы көтерілген жерде ата-баба рухына Құран бағыштады. – Жылына бір рет «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшелері жиналып, еліміздің әр аймағына осындай фотоэкспедиция ұйымдастырады. Бұл жолы тарихы терең Жамбыл өңірінде бас қосуымыздың өзіндік себебі бар. Алда Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өткелі отырмыз. Бүгінгі сурет – ертеңгі тарих. Болашақ ұрпаққа тарихымызды, мәдениетімізді суреттер арқылы танытуымыз қажет, – деді Асылхан Әбдірайымұлы. Фотоэкспедицияда түсірілген таңдаулы суреттер күзде өтетін фотокөрмеге қойылып, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай мемлекеттік тапсырыспен жарық көретін «Қазақ фотошежіресі – тарих, дерек, өнер» атты фотоальбомға енетін болады.
Байжан Емберді, «Ақ жол». Тараз-Ақыртас-Шу-Мойынқұм-Тараз.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді