«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ҚАЗАҚТЫҢ АҚ БАС СИЫРЫ

ҚАЗАҚТЫҢ АҚ БАС СИЫРЫ
ашық дереккөз
ҚАЗАҚТЫҢ АҚ БАС СИЫРЫ

Еті құнарлы, сүті нәрлі жануар

Қазақтың ақ бас сиыры –  еті құнарлы, сүті нәрлі жануар. Шетелдің асыл тұқымды малынан еш кем түспейтін ірі қараның осы тұқымын өсіру өңірімізде кеңінен қолға алынуда.

7Жақында Меркі ауданында «Қазақтың ақ бас сиыры» республикалық палатасының ұйымдастыруымен семинар өтті. Оларды көбейту жолдары талқыланған семинарға Алматы облысының 5 ауданынан және облысымыздан мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер қатысты. Ет экспортын ұлғайту – асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың жұмысына тікелей байланысты. Облыста «Қазақтың ақ бас сиыры» республикалық палатасына мүше 20 шаруашылық болса, соның төртеуі Меркіде. Семинарда Астанадан келген мамандар кәсіпкерлерге қазақтың ақ бас тұқымды малын  көбейту ісін ұйымдастыру шараларын, ветеринариялық талаптар мен мал ауруларын емдеу жолдарын кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар палатаның Алматы, Жамбыл облыстары бойынша базалық орталығы болып табылатын «Талдыбұлақ» шаруа қожалығының жұмыс тәжірибесі көрсетілді. Семинарда палата директорының орынбасары Әнуарбек Сейтмұратов палата тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар, асыл тұқымды малды көбейтудің әдістері,  оларды қолданудың артықшылықтары мен кемшін тұстары жөнінде кәсіпкерлерге мәліметтер берді. 2014 жылы палата республиканың 7 облысында 13 оқу-тәжірибелік семинар өткізіпті. 2015 жылы да осындай семинарларды өткізуді жоспарлап отыр екен. – «Талдыбұлақ» шаруа қожалығын таңдаған себебіміз, ол ірі кәсіпорындардың бірі болып табылады. Және де бұл шаруашылықтың инфрақұрылымы, технологиясы, мамандары бізге осындай семинарды өткізуге мүмкіндік береді, – дейді Ә.Сейтмұратов. Бұдан соң палатаның менеджері, ветеринар-маман Александр Суминов ақ бас сиыр өсірумен айналысатын кәсіпкерлерге төлді көбейтудегі ветеринариялық шаралар туралы кеңінен мәлімет берді. Семинар «Талдыбұлақ» шаруа қожалығында жалғасты. Мұнда қазіргі таңда 2500 бас қазақтың ақ бас тұқымы бар. Шаруашылық бұл бағыттағы жұмыстарды жылдан-жылға жандандырып келеді. – Бүгінгі күнге дейін біз өсірген төлдерді 1 жасқа жеткізбей, 8-9 айда сатып жіберетінбіз. Биылдан бастап, мал бордақылайтын қора соғып алдық. Соған 1000 бастан 2000 басқа дейін байлаймыз. 1 жасқа дейін байлап, етін 200 килоға дейін жеткізіп сататын боламыз, – дейді шаруашылық басшысы Мақсұт Несіпбаев. Семинарға қатысушы кәсіпкерлер «Талдыбұлақ» шаруа қожалығында жаңадан соғылған 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңының құрылысымен, оны салу технологиясымен танысты. М.Несіпбаев асыл тұқымды мал өсірудегі өзінің іс-тәжірибесін әріптестерімен бөлісті. Палатадан келген ветеринар мамандар кәсіпкерлерге Германияда жасалған жаңа УЗИ аппаратын таныстырды. Малдың репродуктивті ауруларын анықтауға арналған «Аgroscan» аппараты буаз сиырлардың жағдайын тексеріп, төлдің неше айлық екенін дәл анықтап береді. Палата мамандары оған мүше шаруашылықтардан өтініш түссе,  осы аппаратпен малды тексеруден өткізеді екен. – Біз Алматы облысындағы Сарқанд қаласынан келіп отырмыз. 2 жылдан бері жыл сайын Меркіде осындай семинар өтеді. Осында келіп, көп нәрселерді үйреніп жатырмыз. УЗИ аппаратын көрдік. Мұндай заманауи технологиялардан хабардар болу – келешекте біздің жұмысымыздың алға басуына пайдасын тигізеді, – дейді  Алматы облысындағы «Арлан» шаруа қожалығының жетекшісі Қайратбек Бершімбеков.

Нұрбану КАМАЛ, журналист. Меркі ауданы. Суретті түсірген Еркін Жасыбаев.

Ұқсас жаңалықтар