СҰМ СОҒЫС ЕНДІ БОЛМАСЫН...

СҰМ СОҒЫС ЕНДІ БОЛМАСЫН...
ашық дереккөз
СҰМ СОҒЫС ЕНДІ БОЛМАСЫН...

1941 жылдың 22 маусымы – тарихымызға жазылған қаралы дата. Ұлы Отан шайқасы саналатын екінші дүниежүзілік соғыс өртінің тұтанып, елді шексіз қасіретке ұшыратқан бұл күн бүгінгі бейбіт күнде ата-баба ерлігіне тағзым ететін күнге айналды.   1940 жылы жасалған «Барбаросса» жоспарына сай фашистік Германия қысқа мерзім ішінде Кеңес өкіметін басып алуды көздеген болатын. Алайда, одақтас елдердің өжет рухы мен қайтпас қайсарлығының арқасында, сан мыңдаған адам шығынымен бұл соғыс біздер үшін жеңіспен, Ұлы Жеңіспен аяқталды. Қатарында мыңдаған қазақстандықтар да болған кеңес жауынгерлері Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап бұл соғыста асқан батылдықпен жауға қарсы тұрды. 1942 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстанда армия қатарына 300 мыңдай, ал соғыс кезінде 1 миллион 200 мыңнан артық қазақстандық әскери міндеттілер шақырылды дейді дерек көздері. Майданға 14,1 мың жүк және жеңіл автокөлік, 1,5 мың шынжыр табан трактор, 110,4 мың жылқы мен 16,2 мың арба жіберілді. Мұнан өзге қаншама азық-түлік тауарлары мен шикізаттар «бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деп соғыс даласына аттандырылып жатты. Осылайша, халықтың қажыр-қайраты мен тілеуінің арқасында 1945 жылдың 9 мамырында көптен күткен Ұлы Жеңіс күні туды. Жоғарыда атап өткеніміздей, бүгінде соғыс өртінің тұтанған күні – ата-баба ерлігіне тағзым етіп, олардың рухына бас иетін күн. Кеше Тараз қаласындағы «Мәңгілік алау» мемориалында жиылған жамбылдықтар алау алдына арнайы гүл шоқтарын қойды. Қала әкімі Н.Календеров бастаған облыстық, қалалық мекеме, ұйым қызметкерлері, ардагерлер, оқу орындарының қызметкерлері мен бұқара халық гүл шоқтарын қоюмен қатар, сұм соғыстың енді болмауын тілесіп жатты. Майдан даласында ерлікпен қаза тапқандарды еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол». Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.  

Ұқсас жаңалықтар