Облыс медицина қызметкерлері мерекелерін салтанатты түрде атап өтті
Атаулы күндердің ішінде осы бір мерекенің орны бөлек. Әсіресе, ақ халатты абзал жандар үшін. Өйткені, қым-қуыт күйкі тіршіліктен серпілетін күн болса, ол – жылына бір келетін медицина қызметкерлерінің төл мерекесі. Бейнеті ауыр еңбегінің еленетін шағы да осы кез. Содан да болар, «Баласағұн» орталық концерт залына жиналған медицина қызметкерлері жүздері жадырап, ерекше көңіл-күйде отырды. Денсаулық сақтау саласы сақшыларының құрметіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысып, төл мерекелерімен құттықтады. Аймақ басшысы өз сөзінде өңірімізде саланы дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Медицина қызметкерлеріне артылған жауапкершілік жүгінің ауыр екенін тілге тиек етті. «Халқымыз денсаулықты бірінші байлыққа теңейді. Жан мен тәннің саулығы қашанда адам өмірінің өрнегі, көңілінің айнасы. Мемлекетіміз үшін адамның денсаулығы мен өмірінен артық жоғары құндылық жоқ. Сондықтан да, адам жанының арашасы ақ желеңді абзал жандарға зор сенім артылады. Бұл қадірлі әрі жауапкершілігі мол, қиын кәсіп. Оның сынын саралап, сапасын көтеру, тынымсыз ізденісті, тиянақты тірлікті қажет етеді. Осынау салтанатты сәтте барша медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын!» – деді Кәрім Нәсбекұлы. Бүгінде саладағы басымдық – бастапқы медициналық көмекті дамытуға беріліп отырғаны белгілі. Облысымызда осы бағытта қыруар жұмыс қолға алынған. Алғашқы көмек көрсетілетін емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы қайта жарақтандырылуда. Жыл санап денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға бөлінетін қаржы көлемі де ұлғайып келеді. Облыс әкімі К. Көкірекбаев айтып өткендей, соңғы бес жылда құны 29 миллиард теңгені құрайтын 75 жаңа медициналық мекеме бой көтеріп, ел игілігіне пайдалануға берілуі – саладағы ілгерілеушіліктің көрінісі. Соның арқасында облыс тұрғындары арасында аурушаңдық көрсеткіштерін төмендетуге мүмкіндік туып отыр. Бұған әрине, медицина мекемелері арасындағы бәсекелестіктің септігі тиіп отыр десек, артық айтқандық емес. Облыста мемлекеттік емдеу-сауықтыру нысандарымен қатар, жекеменшік медициналық орталықтар тұрғындарға өз көмектерін ұсынуда. Жалпы, салада жүргізіліп жатқан реформаның басты мақсаты да осы. Бәсекелестік орта тудырып, тұрғындардың сапалы көмек көрсететін мекемені таңдауына мүмкіндік туғызу. Осы тұрғыдан алғанда, облыс әкімі атап көрсеткеніндей, өңірімізде «Кардиохирургия және трансплантологиялық» ғылыми-клиникалық, «Жүрек» кардиохирургиялық, «Мейірім» орталықтарының көш бастап тұрғаны анық. Салтанатты жиында осылайша денсаулық сақшыларының атқарған жұмыстары сараланып, еңбектеріне баға берілді. Солардың ішінде жұртшылықтың алғысына бөленіп жүрген ісіне адал ақ желеңді абзал жандарды облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы марапаттап, сый-сияпат көрсетті. Еңбегі еленгендер арасында облыстық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Гүлзира Әбуева, Тараз қалалық №3 емханасының бас дәрігері Өмірхан Байдарбеков, Шу аудандық орталық емханасының бөлімше меңгерушісі Роза Шарапиева «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ал облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлфия Гусейнова, «Мейірім» медициналық орталығының стационар меңгерушісі Жанар Әлімбекова, Т. Рысқұлов аудандық орталық ауруханасының емхана меңгерушісі Мырзағали Сейтжапаров, Тараз қаласындағы №5 емхананың бас дәрігерінің орынбасары Бақыт Түсіпова «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегерлері атанды. Тағы бір топ сала үздіктері облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болды.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді