Түркияның бұрынғы президенті Сүлеймен Демирел 91 жасында Анкарада қайтыс болды. Сүлеймен Демирел 1924 жылы 1 қарашада Түркия елінің Испарта провинциясында Исламкой кентінде дүниеге келген. Түркияның мемлекет қайраткері, елдің тоғызыншы президенті. 1949 жылы Ыстамбұл техникалық университетін бітірген ол саяси жұмысын 1961 жылы «Әділет» партиясына мүше болудан бастады. 1964 жылы өткен 2-құрылтайда осы партияның бас төрағалығына сайланып, үкіметте вице-премьер қызметін атқарды. 1965 жылы 10 қазанда өткен сайлауда «Әділет»партиясы көпшілік дауысқа ие болды. Сүлеймен Демирел партия жетекшісі ретінде Түркия үкіметін 4 жыл басқарды. Осы мерзім аралығында ел экономикасы дамып, әлеуметтік салада оңды өзгерістер болды. 1969 жылы 10 қазандағы кезекті сайлауда «Әділет» партиясы тағы да жеңіске жетіп, ол екінші рет премьер-министр болып сайланды. 1971 – 1980 жылдары аралығында бұл партия 3 қайтара жеңіске жетіп, үкімет құрды. Елді экономикалық дағдарыстан шығу жолдарын қарастырып, жаңа өзгерістер енгізді. Сүлеймен Демирелдің басқаруымен 1980 жылы «24 қаңтар экономикалық қаулысы» атты жаңа экономикалық саясат өмірге келді. Осы жылы қыркүйекте болған әскери төңкерістен кейін Сүлеймен Демирел көп жылға саяси қызметтен шеттетілді. 1986 жылы өзіне салынған тыйымдарды алып тастау мақсатында ұлттық науқан ұйымдастырып, бүкілхалықтық дауыс берумен 1987 жылы 6 қыркүйекте толық ақталды. 1987 жылы 24 қыркүйекте «Тура жол» партиясының бас төрағалығына сайланды. 1991 жылы 28 қазандағы жалпы сайлауда оның партиясы жеңіске жетіп, Сүлеймен Демирел жетінші рет премьер-министр болды. 1993 жылы 16 мамырда Түркия Конституциясына сәйкес ел Президенті болып сайланды. 2000 жылы өкілеттік мерзімінің бітуіне байланысты демалысқа кетті. Сүлеймен Демирел үкіметті басқарған жылдары Түркияның дамыған елдер қатарына қосылуына зор еңбек сіңірді. Түркия Еуропалық кеден одағына енді, «Қара теңіз достық аймағы» құрылды. Ол 1975 жылы алғаш рет Еуропа қауіпсіздігі хартиясына қол қоюға қатысты. ХХ ғасырдың соңындағы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының соңғы бас қосуы Сүлеймен Демирелдің бастамасымен Ыстамбұлда өтіп, әлемдік тарихқа «Ыстамбұл саммиті» деп енді. Сүлеймен Демирел туыстас түркі халықтарының ынтымағы мен іс-қимыл бірлігін жетілдіріп, экономикалық, мәдени байланыстарын нығайтуға зор үлес қосты. 1992 жылы 29 сәуір – 1 мамыр аралығында ресми сапармен Қазақстанда болып, Қ.А. Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік университетіне халықаралық қазақ-түрік университеті мәртебесін беру туралы бірлескен мазмұндамаға қол қойды. ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге университет қалашығының алғашқы іргетасын қалауға қатысты. 2000 жылы Сүлеймен Демирел қамқорлығымен Алматыда қазақ-түрік университеті ашылып, оған Сүлеймен Демирел есімі берілді. Қазақ еліне құшақ ашқан достың топырағы торқа болсын!
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді