«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сәресі мен ауызашарда береке бар

Сәресі мен ауызашарда береке бар
ашық дереккөз
Сәресі мен ауызашарда береке бар

3Данияр Жұмабаев, ҚМДБ  облысымыздағы өкілі, облыстық «Һибатулла  Тарази» мешітінің  бас имамы:

Он екі айдың төресі саналатын қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Адамзат атаулының рухани тазаратын кезі де осы отыз күндік болмақ.  Соңғы жылдары жастардың имандылыққа бет бұрып, ауыз бекітуге деген ниеттері арта бастады. Осы орайда «Һибатулла  Тарази» мешітінің бас имамымен жедел тілдесіп, ойын білген едік. – Данияр Әлимұхамедұлы, қасиетті Рамазан айы келіп жетті. Бұл айда исі мұсылман  жұртына отыз күн ораза ұстау – парыз. Адамдардың рухани тазаратын айына өңірдің дайындығы  қалай? – Биссимилаһир  рахманир  рахим! (Алланың атымен бастаймын). Мінекей, тағы да бір жыл артта қалып, мың айдан да қайырлы Рамазанды қарсы алдық. Біздің облыс имамдары мен жалпы  жамағат, облыстық мешіт өкілдері жыл сайын оразаны үлкен дайындықпен қарсы алып келеді. Себебі, Мұхаммед пайғамбардың «Ұлылығы шексіз Алла тағала: Адам баласының ұстаған  оразасынан басқа барлық амалдары өзіне. Ал оразаның жөні бөлек. Өйткені, ораза Менің ризашылығым үшін ұсталады. Сондықтан да, оның қарымын  (сауабын) Өзім  беремін» деген хадисі бар. Бұл айда біздің облыс мешіттерінде ауызашар рәсімі жиі өткізіліп, мектеп оқушылары үшін діни лагерьлер ұйымдастырылады. Облыстық мешіттің қадірлі Қадір түнін өткізу, ораза айтын  ұйымдастыру  жөнінде де  түрлі  іс-шаралары  бар. – Сәресі  мен ауызашарда қандай  сауап бар? – Ораза ұстаған кісі кестедегі уақытқа сәйкес әр  күні сәресі ішкендері дұрыс.  Себебі, Алланың елшісі: «Сәресі уақытында ішілген аста береке бар» деді. Өзі белгілі себептермен ауыз бекітпесе де, ораза ұстаған кісілерге сәресі берген кісілер мол сауапқа кенеледі. Сондай-ақ, пайғамбарымыз Мұхаммедтің «Үйлеріңде ораза ұстағандар ауыз ашсын. Дастархандарыңнан әрдайым салиқалы, тақуа жандар дәм татсын. Періштелер сендер үшін Алладан рахым, жарылқау тілейді» деген хадисінен де сәресі мен ауызашардың маңыздылығын біле түсеміз. «Аузы берік кісіге ауыз аштырғанға ораза ұстағанның сауабындай сауап беріледі. Бұдан ораза ұстаушының  сауабы еш кемімейді»  дейді Алла елшісі. Сондай-ақ, сәресі мен ауызашар дастарханында айтылған насихат сөздердің, имандылық туралы әңгімелердің жас ұрпаққа тағылымы мол деп  ойлаймын. – Облыс жастарымен байланысыңыз қандай,  ораза  ұстаушы  көпшіліктің  жартысын  жастар құрайды  ғой... – Дұрыс айтасыз, менің жұмысым жастармен тікелей байланысты. Сондықтан, жоғары және арнаулы оқу орындарына, мектептерге кездесулерге шақырылып, еліміздің болашағы жастар тәрбиесіне үлесімді қосып тұрамын. Сол жиындарда студент-жастар әртүрлі сұрақтар қояды. Мені жастардың имандылық мәселесін терең білгісі келетіні, түсінгісі келетіні қуантады. Ораза ұстаушылардың көпшілігі жастар екені де рас. Оразаның парыз екенін, ораза ұстаған кісінің денсаулығы да жақсы болатынын жас ұрпақ ұғынып өсіп келеді. Бұл енді имамдар, дін адамдары  тарапынан жүргізілген жұмыстардың жемісі  дер едім. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан  Есет  Досалы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар