«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Исі қазақтың қуанышы

Исі қазақтың қуанышы
ашық дереккөз
Исі қазақтың қуанышы

 Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы жақындаған сайын азаматтардың арасында пікір алуандығы қалыптасуда. Шаралар қай жерде өтеді, кімдер қатысады, қандай форматта өтеді деген түйткілдер көптің көкейінде жүр. Әулиеаталықтар мерекенің өтетінін ғана біледі, бірақ нақты ақпаратқа жете алмай жүргендері де жасырын емес. Осыған орай облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев «Баспасөз орталығында» тілшілермен кездесіп, мәселенің мәнісін қаузады. Өзге облыстар қыркүйектің төрті мен он сегізі аралығында Тараз қаласындағы орталық алаңда мерекеге арнайы әзірлеген концерттік бағдарламаларын қояды. Межелі уақыт аяқталар алдында үш-төрт күн бұрын Жамбылға жақын оңтүстіктегі облыстар өнер көрсетеді. Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театры Жамал Ерғалиевтің «Қилы заман» спектаклін заманауи түрде сахналамақ. Онда Керей мен Жәнібектің хан тағына отырғаны, хандықтың қалай қалыптасқаны, сол уақыттың мәдени рухани және экономикалық келбеті суреттелетін болады. М.Әуезов атындағы академиялық драма театры сахналайтын спектакль Мәдениет және ақпарат министрлігі есебінен қаржыландырылуда. Спектакльге үш жүз елу адам қатысса соның жүз жиырмасы – аталмыш театр әртістері, қалғандары – жергілікті өнерпаздар. Тараз қаласындағы жастар стадионы тарлық еткен соң бұл спектакль он алтыншы қыркүйек күні орталық алаңда қойылады деп жоспарлануда. Өзіміздің облыстық театр ұжымы көрерменге Қалихан Ысқақтың «Қазақтар» спектаклінің премьерасын ұсынады. Қыркүйектің бірі мен он сегізі аралығында «Баласағұн» орталық концерт залында «Мәңгілік Ел» идеясы аясында республикалық ақындар айтысы өтеді, оған есімі елімізге танымал азулы ақындар қатысады деп жоспарлануда. Оның бес-алтауы жергілікті ақындар болады. Айтыстың алдында облыстық ішкі саясат басқармасы тапсырыс берген Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған кітаптың салтанатты тұсаукесері болады. – Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ Елі» монументінің бой көтеретін орны анықталды. Ол Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінің маңы. Әзірге монументтің үш нұсқасы қарастырылуда, нақты бір жоба таңдалып алынған соң жұмысты бастап кетеміз. Мереке қарсаңында осы монумент ашылады. Одан бөлек, көне Тараз қаласының орнында да құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жаңа «Достық» үйінің де жұмысы басталып кетті. Өздеріңіз білесіздер, ҚХР Шэньси провинциясындағы Сиянь қаласынан шыққан керуен қазір жолда келе жатыр. Керуенде жүк арқалаған 136 түйе, көптеген саяхатшы бар. Керуен 6 шілде күні Алматы облысына қарасты «Қорғас» кеден бекетіне жетіп, елімізге  кіреді. Сол керуенді біз Қордай асуынан тосып аламыз да жолай Құлан, Ақыртөбе, Ақыртас сынды тарихи қалаларға аялдатып, он бесінші қыркүйек күні Таразға жеткіземіз. Керуенді қаламызда Төрткөл керуен сарайына аялдатамыз. Бір нәрсені ескеріңіздер мереке қарсаңында Тараз қаласындағы орталық көшелер ғана абаттандырылмайды, сонымен қатар шағын аудандар арасындағы жолдар да ретке келтіріледі, – деді сөзінің түйінінде.

Қанат Тілепберген, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар