«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлы тойға дайындық Ұланғайыр

Ұлы  тойға  дайындық Ұланғайыр
ашық дереккөз
Ұлы тойға дайындық Ұланғайыр

Өңірімізде Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Еліміздің он төрт облысы мерейтойдың лайықты өтуіне атсалысып, көгалдандыру, көгеріштендіру жұмыстарына қол ұшын бермек. Оның ішінде жеті облыс, анығырақ айтсақ, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстаннан келген азаматтар жұмысқа кірісіп кетті. Сонымен қатар таяу күндері өзге өңірлердің кәсіпкерлері саябақтарды қайта жаңғыртып, қаладағы негізгі көпірлерді қалпына келтіріп, көшелерді көгалдандыру жұмыстарын қолға алмақ. Бірнеше көрнекті жерлерде жаңа скверлердің құрылысы басталып, шаһарымызда ескерткіштер бой көтереді деп күтілуде. Аталған жұмыстарға шамамен 32-102 миллион қаржы жұмсалмақ. Атыраулық «Жаңа Кемер Құрылыс» ЖШС «Астана» мөлтек ауданының маңайында жаңа сквер құрылысын бастады. Ол жерде үлкен екі субұрқақ орнатылып, емен, шырша ағаштары отырғызылатын болады. Құрылыс жұмыстары  52 миллион теңгені құрайды. Бұдан бөлек, Қостанай және Қызылорда облыстары бірлесіп, Қарахан кесенесінің маңайын аллеямен гүлдендірмек. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын лайықты атап өту үшін облыстың 17 басқармасы мен он аудандық әкімдікке жиырма алты орталық және магистральды көшелерді ретке келтіру жұмыстары жүктелген. Бүгінгі таңда аталмыш көшелерде көгалдандыру, шымдарды қалыпқа келтіру, жаяу жүргіншілер жолын жөндеу, жеке сектордағы үйлердің айналасын қалыпқа келтіріп, жарықтандыру жұмыстары басталды. Жоғарыда аталған жұмыстарды жүйелі жүргізуге 500 миллион теңге қарастыру жоспарланған.  Сол көшелерде орналасқан 305 көп қабатты үйлердің қасбетін әрлеуге 200 миллион теңге қарастырылса, жергілікті қазынадан қаладағы он бір көшені жарықтандыруға – 252 миллион, көгалдандыру және көгеріштендіру жұмыстарына – 269,6 миллион, аялдамалардың қайта жаңғыртылуына 100 миллион теңге жоспарланған. Естеріңізге сала кетейік, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қыркүйек айына бекітілген. Айтулы мереке аясында театрландырылған қойылымдар, республикалық «Мәңгілік Ел» тақырыбындағы айтыс, «Қазақ хандығының құрылуы және тарихы» атты кітаптың тұсаукесері, «Тараз – ғасырлар куәсі» көрмесі, Президент жүлдесі үшін қазақша күрестен «Еуразия Барысы» халықаралық турнирі, Ұлы Жібек жолының бойымен Қытайдың Сиань қаласынан шыққан керуенді күтіп алу секілді ауқымды шаралармен қатар «Қазақ хандығының 550 жылдығы» монументінің ашылу рәсімі өтеді деп күтілуде.

    Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ұқсас жаңалықтар