Электронды Үкімет: келешегі мен дамуы

Электронды Үкімет: келешегі мен дамуы
ашық дереккөз
Электронды Үкімет: келешегі мен дамуы

Сәуір айында электронды Үкіметтің қолданысқа енгеніне тоғыз жыл толды. Порталдың дамуы төрт сатыдан өтті: ақпараттандыру мен интеграциялау. Елбасымыз 2004 жылы халыққа дәстүрлі Жолдауында тиісті мамандарға электронды Үкіметті құруды тапсырған болатын. Байланыс және ақпарат министрлігі тапсырмаға сәйкес жобаның инфрақұрылымын дайындап, заңнамалық базасын әзірлеп, 2006 жылдан бастап порталды іске қосты. Алғашқы сатыда портал тек ақпараттық қызмет көрсетумен шектелді. Осының өзі оңайға соқпады, білікті мамандар көп ақпараттың басын біріктіру үшін мұрнынан шаншылып жұмыс істеді. Ақпарат базасын құру, құрылған базаны ақпаратқа толтыру және кері байланыс тетіктерін құрастыру көзге көрінбейтін қыруар жұмыс. Халыққа қызмет көрсетуде электронды Үкіметті енгізу үшін осының өзі тек дайындық сатыларына жатты. Бүгінгі уақытқа дейін портал 93 миллион адамға қызмет көрсетіп үлгерді. Берілген тапсырманың көздеген мақсаты орындалды. Ендігі саты – мобильді Үкіметке көшу. Мұндай портал айдынында үздік нәтижеге жеткен мемлекеттердің қатарына Оңтүстік Корея, Сингапур және Эстония жатады. БҰҰ өткен жылғы қорытындысы бойынша электронды қызмет көрсетуден Қазақстан 193 мемлекеттің ішінде 28 орынға тұрақтаған. Электронды Үкіметтің екінші Жаһандық форумы БҰҰ ұсынысымен Қазақстанда өткені көп нәрсені аңғартып тұр. Сол жолы форумға қатысуға келген 79 мемлекеттің өкілі «eGov» порталының қызметін көзбен көріп, даму қарқынына жоғары баға берген болатын. Мобильді Үкіметтің дамуы азаматтардың ақпаратты тек компьютер арқылы ғана емес, сонымен бірге кез-келген смартфон ұялы байланысымен «SMS» түрінде және қысқа мәтінді (USSD) форматында алуға да қолжетімді етеді. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік қызметті пайдалану жеңіл әрі оңай жолға түспек. Жуық арада смартфон иелері 50-ге жуық сервистік қызмет көрсетуге қауқарлы «Egov.kz» бағдарламасын (Play Market және AppStore) жүктей алады. Қазақстандықтар сонымен қатар қызмет түрін SMS түрінде қабылдайды, электронды қол қоюды SIM-картасына жүктеу мүмкіндігі туады және көптен күтіп жүрген қызықты функциялармен толығады. Мәселен, банк өз тұтынушысынан талап ететін анықтамаға өз бетімен қол жеткізе алады. Демек, несиені рәсімдеу үшін мекен-жай анықтамасына, зейнетақы көрсеткішіне басқа да анықтамаларға табан тоздырып, әуре болмайсыз. Банк үшін тұтынушысының жеке бас құқығын бұзбай, оның рұқсатымен ЖСН нөмірін енгізіп, қажет болған анықтамаларды сұрастыруға жолы ашылады. Электронды Үкімет порталының жеке кабинетінде бір банктің бір азамат жайында анықтама сұрастырғаны тіркеледі. Әлбетте, сіз жеке кабинетіңізді ашқан соң келісесіз бе, келіспейсіз бе ол өз еркіңіз болып қалады. Егерде мобильді Үкіметке тіркелген болсаңыз, сіздің смартфоныңызға SMS түрінде ескертпе келеді. SMS түрінде жауап беру мүмкіндігіне ие боласыз. Инвестиция және даму министрлігі мен Әділет министрлігі бірігіп, мобильді Үкіметтің қосымша функцияларының заңдылығын қарастыруда. Ағымдағы жылдың маусым айынан бастап, пилоттық жоба «Тұрғынүйжинақбанкі» жұмыс механизміне енгізіледі, ойдағыдай шықса басқа да банктерге тарайтын болады. Мобильді Үкіметке тіркелуге қызметті пайдаланушының ұялы телефон нөмірі мен ЖСН нөмірі базаға сақталады. Мысалы егер сіз 414 нөміріне «тұрғын үйге кезек» деп жазып жіберсеңіз портал сізге (ЖСН нөміріңіз сәйкес келсе) кезек жайлы ақпаратты жауап ретінде жазып жібереді. Дәл қазіргі уақыттың өзінде сіз техникалық байқау уақтысы мен үй кезегін анықтай аласыз. Қызметтің осы түрін пайдалану үшін сізден электронды қол талап етілмейді. Жеке кабинетіңізге кіріп айыппұл, салық төлеу уақтысы, құжаттардың жарамсыз уақтысы туралы ескертпелерді жеке нөміріңізге ескертпе түрінде келіп тұру мәзірін де қосу мүмкіндігіне ие боласыз. Азаматтың жеке кабинетінде оның жеке бас анықтамасы сақтаулы тұрады: туған жылы, туған жері, жеке бас куәлік туралы мәлімет, өз атына тіркелген мүлік. Электронды Үкімет даму жолын тоқтатпайды. Осы уақытқа дейін көптеген қызмет түрлері электронды форматқа сәйкестендірілсе, ендігі кезекте мобильді үкіметке ойысады. Бұл – әлемдік үрдіс. «eGov» айдынында Ашық үкімет үрдісі де концептуалды түрде бастау алды. Порталда 200-ге жуық мәзір түрі азаматтарға қызмет көрсетуге әзір: дәріхана, балабақша, мектеп, нотариус... Ақпараттандыру заңы мемлекеттік құзырлы мекемелер өз жұмыстарын ашық жүргізу үшін статистикалық құжаттарын, тексеру нәтижелерін басқа да ашық құжаттарын жария етуге міндеттейтін заңмен толықтырылды. Келесі саты «Интернет - зат» ұғымына сәйкес келеді. Яғни, азамат қажет анықтамаға қол жеткізу үшін физикалық қуатын жұмсамайды, түймелерді басу арқылы тапжылмай керегін қанағаттандырады. Есте сақтауға кеңес: әрбір азаматтың сұрастырған анықтамасы үлкен ақпарат базасында тіркеліп, тарихы сақталып тұрады.

Облыс әкімі аппаратының мемлекеттік қызметті дамыту бөлімі.

Ұқсас жаңалықтар