Тәлім мен тағылым

Тәлім  мен  тағылым
ашық дереккөз
Тәлім мен тағылым

«Нұр Отан» партиясының «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында партияның облыстық филиалы ғимаратында филиал жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен жастардың партияның беделді мүшелері мен ардагерлері және  кәсіпкерлермен кездесуі өткізілді. Жастардың патриоттық сезімдерін арттыруға, оларды Отан қорғауға баулуға ықпал етуді мақсат тұтқан іс-шараға саясаттанушы, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Сенатының бірінші және екінші шақырылымдарының депутаты Жандар Кәрібаев, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің  профессоры Әбдіманап Абдраманов, «Казфосфат» ЖШС «Минералдық тыңайтқыштар» зауытының ауысым шебері, «Нұр Отан» партиясының  ХIV-ХV съездерінің делегаты Болатхан Көптілеуов, «Армстроймаркет-2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, кәсіпкер Арман Еділбаев пен жастардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты. Кездесуді партияның облыстық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Рүстем Бегалиев ашып, жүргізіп отырды. Кезінде, облыс аумағында аудандық, облыстық деңгейдегі әкімшілік құрылымдарында басшылық қызмет атқарған, еліміздің Жоғарғы заң шығарушы органына екі мәрте депутаттыққа сайланған Жандар Кәрібайұлы бүгінде халықаралық қауымдастыққа кеңінен танымал болып отырған Қазақстанның тәуелсіздігінің тұғырлы болуына өзінің тұрғыластарының айтарлықтай үлес қосқандығын, бұл ретте Ұлт Көшбасшысының сарабдал саясатының тиісті нәтиже әкелгендігін, ел келешегінің кемел болуы, қазіргі таңда саны 4,5 миллион адамды құрап отырған жастардың білімділігі мен біліктілігіне тәуелді екендігін ашып айтты. Сондай-ақ, егемен елдің іргесін бекітіп, қорғаныс қабілетін нығайтқан, экономикасын өрлеткен, әлеуметтік мәселелерінің шешімін тапқан аға ұрпақтың жастық шағының ашаршылық нәубеті, саяси қуғын-сүргін зобалаңы, Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау күндері сияқты қиын кезеңдермен тұспа-тұс келгендігін, олардың сол қиындықтардың өтінде шыңдалып жетіліп, қоғамнан өз орындарын тапқандығын, қазіргі кездесуге қатысып отырған жастардың да күні ертең мемлекеттік машинаның бір-бір тетігіне ие болып, ел тәуелсіздігін нығайтуға үлес қосуға тиіс екендігіне тоқталды. Жас ұрпақтың сыбайлас жемқорлық сияқты жегі құртпен бітіспес күрес жүргізулері, жат діни ағымдардан бойларын аулақ салулары қажеттігін де атап көрсетті. Сонымен қатар жиында сөз алған Әбдіманап Абдраманов, Болатхан Көптілеуов, Арман Еділбаев сияқты ғылым, өнеркәсіп, кәсіпкерлік сияқты салалардың өкілдері жастардың өздеріне жасалып отырған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, сапалы білім алуы әрі оны өмірде қолдана білуі қажеттігі туралы айтты. Жас ұрпақтың  азаматтық белсенділігінің жоғары болуына, өмірлік ұстанымдарына адалдық танытуына игі тілектерін білдірді. Соңынан аға буын өкілдері жастардың тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар