«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кеңесіп пішкен тон келте болмас

Кеңесіп пішкен тон келте болмас
ашық дереккөз
Кеңесіп пішкен тон келте болмас

Өткен жылғы 5 шілдеде  Республика Президенті қол қойған  жаңа редакциядағы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы  кодексінің» 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілгендігі, нақтылы кезеңде елімізде заңгерлердің, сот билігі өкілдерінің, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атсалысуымен «Әкімшілік іс-жүргізу кодексі» жобасының қызу талқыланып жатқандығы белгілі. Апта аралығында осындай іс-шара облыстық соттың оқу орталығының ұйымдастыруымен облыстағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәжіліс залында да өтті. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманы қолдану және әкімшілік құқықтағы жаңашылдықтар» тақырыбындағы дөңгелек үстелге облыстық, аудандық және соларға теңестірілген соттардың судьялары, прокуратура, облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің заңдылықты қамтамасыз ету басқармасы, облыстық әділет департаменті және ОІІД әкімшілік полициясы басқармасы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Облыстық соттың судьясы Гүлнәр Сыздықованың модераторлығымен өткен басқосуды облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істері жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Асқар Смайылов қысқаша сөз сөйлеп ашты. Бұдан кейін Тараз қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Думан Мәуленов, Талас аудандық сотының судьясы Ләйла Дүкенбаева Тараз қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Қамар Үсенбаева, облыстық прокуратураның №4 басқарма прокуроры Мәлдібек Үшкемпір, Тараз қалалық прокуратурасының бөлім басшысы Алмаз Жұмабеков,  ОІІД әкімшілік полиция басқармасының аса маңызды тапсырмалар бойынша аға инспекторы, полиция капитаны Жалғас Джакупов,  Тараз қалалық әділет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нағима Ақынбекова, облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті заң басқармасының басшысы Бағылан Байгараев тақырыптық  баяндамалар жасады. Жалпы, Елбасының «Қазақстан Республикасының Әкімшілік іс жүргізу кодексінің» жобасын дайындауды жеделдету және заңдық құжатты 2017 жылдан бастап қолданысқа енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, нақтылы кезеңде ҚР Жоғарғы сотының жанынан құрылған жұмыс тобы  кодекс жобасын дайындап, жоба әрқилы деңгейдегі мемлекеттік құрылым институттарында, ғылыми мекемелерде кеңінен талқылану үстінде. Негізінен  6 бөлім, 37 тарау, 336 баптан тұратын «Әкімшілік іс жүргізу кодексі» жобасы мамандардың айтуынша, мемлекеттік басқарудың ішкі бақылау жүйесін сот әкімшілік юстиция бақылауы жүйесімен ауыстыру идеясынан туындаған көрінеді. Сондықтан, оны талқылауға барлық мемлекеттік органдардың құқықтық қамтамасыз ету құрылымдары тартылып, олардың ұсыныстары ескерілуі тиіс. Осыған орай дөңгелек үстелге  қатысушылар да еліміздің қолданыстағы «Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне» және «Әкімшілік іс жүргізу кодексінің» жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде басқосу барысында айтылған ұсыныстарды талқылап, ҚР Жоғарғы сотының жанынан құрылған жұмыс тобына жіберу туралы шешім қабылдады.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар