«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Газет – менің жансерігім

Газет – менің жансерігім
ашық дереккөз
Газет – менің жансерігім

Жалпы, республикалық, облыстық, аудандық басылымдардың әр нөмірімен танысып, елімізде, өңірімізде орын алып жатқан өзгерістер мен жағымды жаңалықтардан хабардар болып отыру керек-ақ. Өз басым билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір саналатын басылымдарға ілгеріден мақала жазып келемін. Кезінде аудандық «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Құлан таңы») басылымына «Соқыр сенім – тәрбие жауы», одан бөлек еңбек адамы Ораз Байназаров туралы жазған «Озат механизатор» тақырыбындағы мақалам «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінде жарық көрді. Бұл өткен ғасырдың жетпісінші жылдары болатын. Аудандық газетке шамамен он мақалам жарияланған соң «штаттан тыс тілші» болдым. Жыл құрғатпай баспасөз қызметкерлерінің мерейлі мерекесінде мақтау қағазы табысталып, пошта арқылы қаламақым келіп тұратын. Жазғандарыма сыйлық ретінде тапсырылған «Менің Қазақстаным» атты жинақты оқу процесінде қажетіме жараттым. Сексенінші жылдардан бастап, бала тәрбиесіне қатысты мақалаларды жиі жазып жүрдім. Облыс газеттерінің қара шаңырағы саналатын «Ақ жол» газетінде мемлекеттік тіл туралы «Қолдану аясы кеңеюде» деген тақырыпта жазған мақалам жарық көрді. Мақалада ана тіліміздің қоғамдық орындарда қолданыс аясын кеңейту туралы ой қозғағанмын. Бір білетінім, көп ұзамай қаладағы әртүрлі бағыттардағы автобустардың ішіне ұлт мақтаныштарының суреттері мен даналық сөздері ілінді. Жалпы, мектепте білім нәрімен сусындатқан шәкірттерім де газет-журналға көп қызығатын. Сәбит Жусанбаев пен Бауыржан Жақсымбет сынды оқушыларым бүгінде журналистика факультетін тәмамдап, қызмет етіп жүр. Бүгінде «Ақ жол» газеті қазіргі заман талабына сай көп өзгерді. Атына заты сай басылымға айналды. Түрлі-түсті бояумен ажары ашыла түскен басылымнан мәнді, мазмұнды мақалаларды жиі оқып тұрамын. Алда баспасөз қызметкерлерінің төл мерекелері келе жатыр. Газет қызметкерлерін айтулы күнмен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілеймін.

Доқтыркүл Есіркепова, зейнеткер. Т. Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар