«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаз. Аптап. Өрт...

Жаз. Аптап. Өрт...
ашық дереккөз
Жаз. Аптап. Өрт...

Облыстық әкімдіктің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Қойбақов Мемлекет басшысының  «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауынан туындайтын міндеттер туралы облыстың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен дәстүрлі баспасөз мәслихатын өткізді. Басқарма басшысы Жолдау талаптары және оны орындауда атқарылып жатқан жұмыстарды жан-жақты әңгімелеп берді. Одан әрі ол басқарма тарапынан қолға алынып жатқан тірліктерді баяндады. Оның мәлімдеуінше, облыста мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4 миллион 434 мың гектарды алып жатса, оның орман ағаштары көмкерген жері 2 миллион 229 мың гектар көрінеді. Орман қоры жерлері облыстың жер аумағының 30,8 пайызын, ал орманды жерлері 15,47 пайызын алып жатыр екен. Орманды күзету, қорғау және оның қорын молайту шараларымен облыс бойынша 14 орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі мен «Ормандарды қорғау жедел қызметі» мемлекеттік мекемесі айналысады. Бұл мекемелерде 629 адам қызмет атқарса, оның 246-сы орман қорықшысы, 34-і  шебер, қалғандары инженерлер мен мамандар. 2015 жылғы өрт қауіпсіздігі кезеңіне орман өртінің алдын алу және жою шараларына бюджеттен 32,3 миллион теңге қаржы бөлініп, облыс орман қоры аумағындағы өртке қарсы іс-шараларды жүзеге асыру үшін белгіленген жоспар бойынша орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелеріне бөлініп берілген. Табиғат өртінің жылдам таралуына тосқауыл қою мақсатында орман қоры аумағында өртке қарсы 174 шақырым минералды жолақтар жасалса, бұрынғы жылдары жасалынған 6826 шақырым осындай жолақтарды күтіп-баптау жұмыстары аяқталып келеді. Орманға жақын орналасқан елді мекендердің төңірегіне, орман қорындағы үлкен жолдардың бойына өрт қауіпсіздігін сақтау туралы жазылған  257 тақтайша және 38 панно жаңартылған. 42 өрт сөндіретін топ құрылып, олар 356 адаммен жасақталған. Орман шаруашылығы мекемелері жанынан мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет құрамы 9 адамнан тұратын 126 бірлік жасақ дайындалған. С.Қойбақовтың сөзіне қарағанда облыс орманшылары алдағы аптап ыстықта өрт қауіпсіздігін сақтауға сақадай сай көрінеді. Қажетті техникамен толық жабдықталған. Тіпті, биылғы 10 сәуірден бастап, Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті «Қазақ авиациялық орман күзету» мекемесінің бір ұшағы мен бір тікұшағы 3,2 миллион гектар орман қоры алқабын әуеден күзетіп жүр екен. Хабарламашы «тілсіз жаудың» алдын алуда атқарылып жатқан басқа да шараларды тарқатып айтып берді. Журналистер өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына нақты жауаптар алды.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар