Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Отбасының бірлігі – Отанның бірлігі, ағайынның татулығы – атамекеннің тұтастығы болса, осы құндылықтарды дәріптейтін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы облыстық турының жеңімпаздары анықталып, қалалық Мәдениет үйінде марапаттау рәсімі болып өтті. Шараның негізгі мақсаты — жарасымды отбасы құндылығын кеңінен насихаттап, бір шаңырақ астында берекелі өмір сүру маңызын түсіндіру болатын. Шымылдық түрілісімен театр өнерпаздары «Қыздың тәрбиешісі – ақ иесі – Ана! Ұлдың тәрбиешісі – айбатты асқар тау – Әке!» атты театрландырылған көрініс қойды. Одан соң салтанатты шараны Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, «Экомед» медициналық орталығының басшысы, жерлесіміз Салтанат Байқошқарова ашып берді. – Мен алдымен өзімнің туған жерім – Жамбыл облысына келіп, ата жұртыммен қауышып отырғаныма шексіз қуаныштымын. Жаны мен жүрегін қазақ елінің әрбір жеңісі мен жемісіне, реніші мен күйінішіне арнаған Елбасымыз ұлт намысы, қазақ отбасының қамы үшін қыркүйек айының екінші жексенбісін Отбасы күні етіп белгіледі. «Отан – отбасынан басталады» деген мақал бар. Демек, отбасы тәрбиесі – еліміздің негізі де тірегі десек болады. Осы орайда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының алатын орны ерекше, – деді Салтанат Берденқызы. Жалпы, биыл аталмыш сайыста барлық аудандардан 175 отбасы бақ сынаған. Қатысушылардың барлығы өңіріміздегі ең үлгілі, тәлімі мол, өнегесі үлкен отбасылар. Алайда, арнайы комиссия шешімімен 11 отбасы іріктеліп шығып, солардың арасынан сыннан сүрінбей өткен екі жанұя жеңімпаз атанды. Сонымен, ата-аналардың бала тәрбиесі үдерісіндегі жауапкершілігін арттыру, үлгілі, өнегелі, тәлімі мол отбасыларын жұртшылық арасында кеңінен насихаттау мақсатымен ұйымдастырылған байқау нәтижесі жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша ынталандыру сыйлығын қала тұрғыны 10 бала, 19 немере сүйіп отырған Қуанышбек аға мен Әтіркүл апай, яғни, Балқыбековтер отбасы, Меркі ауданынан келген ҚР еңбек сіңірген қызметкері, медицина ғылымдарының кандидаты Дәуіт Қойшыманұлының Қадырхановтар отбасы, жуалылық Шәкірбаевтар отбасы және Тұрар Рысқұлов ауданынан Байрамуковтар отбасы иеленді. Одан соң үшінші орын жеңімпаздарын марапаттау үшін сахнаға осы шара күні неке жүзігін алмасқан Балдырған мен Айнұр Нұрахановтар шақырылды. Олар Сейдалиевтер, Омаровтар, Құрамысовтар отбасын марапаттады. Экранда жеңімпаз отбасылар туралы бейнероликтер көрсетіліп, қалың қауымға жіті таныстырылып отырды. Ал екінші орын биігінен көрінген жеңімпаздарды «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы облыстық турының былтырғы жеңімпазы Ережеповтер отбасы марапаттады. 2 орынды Дәуірбековтер мен Үсенбаевтар отбасы иеленді. Оларға «Меркі» шипажайына 2 жолдама тапсырылды. Көп күттірмей жылдың мерейлі отбасы да анықталды. Бірінші орын иегерлерін облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов марапаттады. Барлық сыннан сүрінбей өткен екі жанұя – Қордай ауданынан келген Молдажановтар мен Шу ауданының тұрғындары Молдабаевтар отбасылары. Жеңімпаздарға Ақмола облысы Щучье – Бурабай демалыс аймағындағы «Зеленый Бор» шипажайына жолдама берілді. Айта кетсек, бұл байқауда екі отбасының да үздік атануы бекер емес. Мәселен, Молдажановтар отбасында отағасы Арыстанбек Шұлғабайұлы өзінің 43 жыл өмірін білім саласына арнаған, соның ішінде 36 жыл №10 Қызылсай орта мектебінің директоры болып қызмет атқарып, зейнетке шыққан. Отанасы Тұрсынкүл Молдажанова да сол аталмыш мектепте 29 жыл химия-биология пәнінен дәріс берген. Ұл-қыздары мен күйеу бала, келіндері де осы ұстаздық жолда еңбек етіп келе жатқан отбасы жеңімпаз атануға әбден лайық. Сондай-ақ, сайыста жеңіске жеткен Молдабаевтар отбасы да өсіп-өнген жандар. Олар – отбасымен теміржолшылар. Отағасы Отан Молдабаев 45 жыл бойы темір жол саласында қызмет еткен, Шу қаласының, Шу ауданының құрметті азаматы, Құрметті теміржолшы. «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл». «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл, «Біртұтас Қазақ темір жолына – 50 жыл» медальдарымен марапатталған. Жұбайы Роза Молдабаева да осы салада. Теміржолшылар отбасында 3 қыз, 1 ұл өсіріп, 10 немере сүйіп отыр. Жалпы, отбасының еңбек өтілі 114 жылды құрайды екен. Осындай үлгілі де, өнегелі отбасылар жеңіс биігінен әрқашанда көрінері, еліміздің дамуына елеулі үлес қосатынына сенім артасың. Марапаттау салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әр уақытта да ұрпақ тәрбиесіне, отбасы және демография саясатына мән беріп келе жатқанына, отбасылардың мемлекет қамқорлығына алынғандығына, соның бір айғағы ретінде халқымыздың қыркүйек айының екінші жексенбісін Отбасы күні ретінде атап өтуді үрдіске айналдырғандығына тоқталды. Ел тәуелсіздігі жылдарында республикамыздың қол жеткен жетістіктері мен табыстарына көп ұлтты мемлекетіміздің әр отбасының қосқан үлесінің орасан екендігін жеткізді. Жеңімпаз отбасылар енді республикалық сайыста облыстың атынан бақ сынайтын болады. Жерлестеріміз жеңіс биігінен көрінеді деген сенімдеміз.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді