Халқы үшін туған қайраткер

Халқы  үшін туған  қайраткер
ашық дереккөз
Халқы үшін туған қайраткер
2 Облыс ардагерлері Сәлімгерей Тоқтамысов туралы жақсы білетін болуы керек. Сонау 1965-1985 жылдары  облыс басшыларының арасында кескін-келбетті, нар тұлғалы, болмысынан тектіліктің  нышаны көрініп тұратын, тіпті, «Қазақ деген халықтың ұлдары осындай болады»  деп, мақтанышпен көрсетуге болатын бір азамат  жүрсе, міне, сол адам Сәкең болатын. Сәкеңнің, шындығында да, болмысы бөлек тұлға болғандығын қолымдағы құжаттар да,  кезінде қызмет жайымен бірнеше рет сұхбат құрған сәттерімдегі айтқан әңгімесі де растайды. Еліміздің тарихы мен шежіресін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын бес саусақтай білетіндігін, әлем халықтарының ұлттық-этникалық  мәдениеті мен әдептеріне жетіктігін әлі ұмытқаным жоқ. Сәлімгерей Тоқтамысұлының туған  келіні, Алматы қаласында тұратын Фарида Өлкеқызы Нысанбаеваның Тараз қаласының мемлекеттік мұрағатына тапсырған құжаттары да осы сөзімді растайды. «Сен маған досыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтайын» деген қанатты сөз осындайда есіме түсіп отыр.  Сәкеңнің достары да осалдардан емес еді. Мысалы, олар қазақтың ұлы тұлғалары Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Ілияс Омаров, Мажекен Бутин, Әмір Ержанов, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Әбділдә Тәжібаев, Бауыржан Момышұлы, Құрманбек Сағындықов, Бақытжан Байқадамов, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Құрман Оспанов, саяси қайраткерлер Әубәкір Арыстанбеков, Ахметжан Қойшығұлов, Андрей Бородин, Василий Ливенцов, Николай Журин, Алексей Неклюдов, Серікбай Бейсембаев, Роман Самарин болды. Жамбыл  өңірінде Айтбай Назарбеков, Жатай Жұмаділов, Ұзақбай Сыздықбаев, Рақыжан Ерсейітов, Асан Нұркенов, Жылқыбай Аралбаев, Хасан Бектұрғанов, Өмірбек Байгелдиев, Чапай Нысанбаев сияқты тағы басқа белгілі азаматтармен сыйлас болғанын білемін. Сәкеңе сәлем беру үшін Алматыдан жоғарыда аталған белгілі қаламгерлерден бөлек, бірнеше талантты жастар да келіп, ақыл-кеңестерін алып қайтатын болған. Жиырмасыншы ғасырдағы көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаев ақсақалдың  «О моем времени»,  генерал Сағадат Нұрмағанбетовтің  «Қыпшақ қайраткерлері», жазушы, қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың «Жизнь и философия» атты кітаптары мен «Қазақ Совет Энциклопедиясы», «Қазақ жерінің зиялы азаматтары-Почитаемые люди земли казахской» деген жинақтарда Сәкең есімі үлкен құрметпен аталып,  өмірбаяны толық жазылған. Сондай-ақ, «Егемен Қазақстан»,  «Казахстанская правдада» және басқа да басылымдарда Сәлімгерей Тоқтамысұлын  ұлтымыздың үлгі тұтар ұлағатты азаматы ретінде егжей-тегжейлі талдап жазған. Сәкеңнің өмірбаянына тоқталсақ, бұл азаматтың басынан өткен қилы-қилы тағдыры оқырманды бейжай қалдырмайды.  Өйткені оған тағдырдың небір талайын көру жазған екен. Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағатынан келген өмірбаяндық анықтамада, Тоқтамысов Сәлімгерей 1914 жылдың (шын туған жылы 1915 жыл) 6 шілдесінде Торғай облысы, Қостанай уезі, Арақарағай болысының №7 ауылында, Құдықсай деген жерде кедей отбасында туған.  Төрт жасында әкесінен жетім қалған бала  жастайынан көп тауқымет көреді. Жетімдерін тентіретпейтін қазақ халқының салтына берік тумаларының қамқорлығымен аман қалып, адам қатарына қосылады. Әкесінің немере інісі Дәуренбек Нұрмағамбетов деген кісі жас жетімекті бауырына басып, қамқорлық көрсетеді. Жас баланың бойындағы ерекше қабілетті дарынын байқаған ағасы оны Жітіқара ауданы, Боровое селосына, «Казкоммунаға» – сол кездегі ең таңдаулы мектепке береді. Бұл мектепті кезінде Ыбырай Алтынсарин салдырған екен. Мұнда ол белгілі ағартушы-педагог Спандияр Көбеевтен  тәлім  алады. Мектепте өте жақсы оқыған бала өмірдің бар ащысын басынан өткерсе де, аштыққа да, жоқтыққа да мойымай жүріп, 6 жылдық мектепті 1928 жылы үздік бітіріп шығады. Қоғам жұмысына белсене араласқан ол комсомолға өту үшін жасын бір жасқа өсіріп, құжаттарын 1914 жылы туған етіп өзгертіп алады. Мектеп бітірген соң, кәмелетке жасы толмаған оны еш жерге жұмысқа ала қоймайды, алайда, колхоздың әртүрлі жұмыстарына қатысып жүріп, өзінің нанын тауып жеп, шыңдалады. Еңбек кітапшасындағы алғашқы еңбек өтілі 1931 жылы Александровка селосындағы  III Интернационал колхозында есепші-кассир болудан басталған. 1934 жылы қызметі Қостанай қаласына ауыстырылады, мұнда ол алдымен прокуратурада хатшы, кейін тергеуші қызметіне тағайындалады. 1936 жылы Қостанай облысы құрылғанда Амангелді ауаткомының хатшысы болып істейді, 1939 жылы ол Коммунистік партия қатарына қабылданып, осыдан кейін Урицк, Амангелді аудандарында  біраз басшылық қызмет атқарады. 1943 жылы  қазан айында  Амангелді аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалған кезінде ҚКП(Б) Орталық Комитетінің кадр жұмысымен айналысатын екінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовпен алғаш рет жүздеседі. Сәлімгерей бұл жұмысқа барғысы келмейді, бірақ Шаяхметов оның бұл жұмысқа баруы керектігін түсіндірген соң, келісімін береді. Сәкең өзінің күнделігінде бұл туралы былай деп жазған екен.  «Амангелдідегі жағдай өте нашар болатын, қысқа мерзімде ауданның бірінші хатшысы жеті рет ауысты. Сыбырлап сөз тасушылық пен бірін-бірі астыртын көрсетушілік қаулап тұрған кез еді». Бұл  жердегі жағдайды аз уақыттың ішінде жөнге келтіріп, 1945 жылы қазан айында Қостанай облыстық партия комитетінің екінші хатшылығына жоғарылатылады.  Соғыс жылдарында Сәкең бірнеше рет майданға сұранады, бірақ оны босатпайды. Өйткені, тылда да іскер басшы қажет еді. Мемлекет оның ҰОС-қа қосқан үлестерін жоғары бағалап, екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» (1944), бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» (1945) ордендерімен марапаттады. Соғыс жылдарында  екі мәрте Жоғарғы Бас қолбасшыдан алғыс білдірген жеделхат алды. Қостанайда 1949 жылға дейін күн-түн демей еңбек етіп, соғыс жылдарында қатты күйзелген облыс шаруашылығын қалпына келтіруге барын салды. 1949 жылы қаңтар айының басында Семей облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне жіберіліп, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланады. 1950 жылы өзі сұранып, Мәскеудегі Жоғары партия мектебіне  оқуға түседі. Мұнда үш жыл оқып, 1953 жылы ҚКП(б) Орталық комитетіне  жауапты ұйымдастырушы болып келеді. 1954 жылдың қаңтар айынан бастап, Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады, онда 1956 жылдың тамыз айына дейін істеп, ауыл шаруашылығын көтеруде үлкен еңбек сіңірді, жаңа кеңшарлар құрылып, Орал өңірі астықты өлкеге айналды. 1956 жылы С. Тоқтамысов Алматыға Қазақстан кәсіподақтарының Орталық Кеңесін  басқаруға шақырылды. Бұл қызметті 1961 жылдың ақпан айына дейін істеген жылдарында  ол кәсіподақтар жұмысын жаңа сатыға көтерді. Алматыда тұрып, кәсіподақтар ұйымдарын басқарған жылдары республика көлемінде мемлекеттік ірі істердің ұйымдастырушысы ретіндегі талантын жарқырата ашып көрсете білді, осында жүріп, қазақтың ұлт мақтаныштары – қайраткер азаматтарымен жақын танысып, жолдас болуына тура келді. 1961 жылы ақпан айында Қызылорда облыстық партия комитетінің  бірінші  секретарі болып сайланды. Шаруа-шылығының бағытбағдары мүлдем бөлек, өнеркәсібі  дамуынан  гөрі тұралауы басым болып тұрған облысты  жедел дамыту, шаруашылық бағытын жаңа арнаға бұру, ірі өнеркәсіп орындарын салу, целлюлоза-картон комбинатын қатарға қосу,  автомобиль көлігін дамыту, ауыл шаруашылығын, ең алдымен, күріш өндіруді индустриялық арнаға көшіру   міндеттері   тұрды.  Бұл кездері  СССР-да Үкімет басына Н. С. Хрущевтің келіп, республиканы Ысмайыл Юсуповтың басқарып тұрған заманы еді. Осы екі есерсоқ басшының алақұйын әрекетімен Оңтүстік Қазақстан облысының біраз ауданы Өзбекстанға беріліп, Қазақстан ең шұрайлы жерлерінен айырылып қалды. Ы. Юсуповтың бұл сатқындық әрекетіне шыдай алмай,  Сәкең оны жақсылап сынға алады. Елдің қамын ойлап, ел мен жердің тұтастығын сақтауға әрекет жасамақ болған абзал азамат ақыры келіп, ұлты үшін запа шекті. Ы. Юсупов  өзі бас болып, С. Тоқтамысовтың үстінен үлкен арыз ұйымдастырып, «Правда» газетінде «Битая карта» деген тақырыпта фельетон шығартады. Осы қолдан жасалған қастандық әрекеттің соңы Қазақстан Орталық партия комитетінің Пленумында қаралып, С.Тоқтамысовқа жазықсыз жала жабылып, бүкіл өмірінің ойранын шығарады. Сонымен, «Ленин»,    «Құрмет белгісі», бірінші, екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен марапатталған, Қазақ ССР  Жоғарғы Советінің депутаты, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болған, Қазақстанның төрт облысын, республиканың кәсіподақтарын  басқарған қоғам қайраткері – үлкен саяси тұлғаны осындай зұлымдық әрекетпен сағын сындырып, сергелдеңге салып қойды. Осындай күйзеліп жүрген кезінде  Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші секретарі Асанбай Асқаров қол ұшын созып, Қордай ауданының «Георгиевский» совхозына директор қызметін ұсынады.  Мұнда ол 1967 жылға дейін істеді, жыл сайын табыстың тайқазанын тасытқан совхоз  жарыстың алдын бермеді. Сол жетістіктері үшін 1966 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. 1967 жылы  С.Тоқтамысов  Жамбыл облаткомы төрағасының орынбасарлығына тағайындалды. Бұл қызметте ол 1975 жылдың қаңтарына дейін еңбек етті. Осы жылдары Жамбыл облысының өсіп-өркендеуіне, мәдениеті мен өнеркәсібінің қатар дамуына өз үлесін қосып,  Жамбыл облысында да сый-құрметке бөленді. Сәкең облатком төрағасының орынбасары болып тұрған жылдары  облыстың барлық аудандарында жаңа мектептер, балабақшалар, ауруханалар, Мәдениет үйлері, пошта-телеграф үйлері, моншалар сияқты әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеріп, көркемөнерпаздар ұжымдары құрылып, облыста «Алатау», аудандарда «Сарыарқа»,  «Талас толқындары», «Меркі әуендері», «Мойынқұм әуендері», «Шу еркесі», «Қызғалдақ» сияқты ән-би ансамбльдері жауыннан кейінгі қызғалдақтай жайнап  шыға келді. Облыстың әлеуметтік саласында үлкен өзгеріс пайда болды. Бұрын аудан басшылары  Мәдениет үйлеріне бас сұғуды білмейтін болса, енді аудандардың идеологиялық жұмысы жөніндегі хатшылары мен ауатком төрағаларының орынбасарлары ғана емес, аупарткомның бірінші хатшыларына дейін Мәдениет үйлерінің нендей күйде екендігін біліп тұратын болды. Міне, сол жылдары облыста идеология саласының жұмыстары өте жақсы, қарқынды дамығанын көзкөрген кісілер жоққа шығармайтын шығар. 1975 жылы Сәкең Одақтық дәрежедегі зейнетке шығып, бұдан соң Жамбыл облысының партия, совет, комсомол ардагерлері кеңесін басқарды. Осы жылдары  жазықсыз жалалы  болып, М.С.Горбачев бастаған ылаңды жоспардан зардап тартқан ұлт зиялылары Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров, Дүйсетай Бекежановтардың  ісіне әділдік сұрап, Жамбыл облысы ардагерлерін ұйымдастырып, Орталық партия  комитетінің атына хат жазулары да үлкен азаматтық  болмысын айқындай түсетіндей. Сөз соңында айтарымыз, Қазақстанға еңбегі сіңген, ұлтымыздың ардақ тұтар абыз  ақсақалдарының бірі болған, елі үшін еңбек етіп, Отаны үшін отқа да түскен асыл азаматтары ардақтап марқұмның тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатты.

Сатыбалды ДОСЫМБЕКОВ, мұрағатшы. Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар