Қолдау бар, қайтарым ше?.

Қолдау бар, қайтарым ше?.
ашық дереккөз
Қолдау бар, қайтарым ше?.

Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Мәнжуовтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Кеңестің төрағасы Ерқанат Нұрбапаұлы облысымызда үкіметтік емес ұйымдардың қатары бүгінде 600-ге жеткендігін және әлеуметтік жобаларды қаржыландыру көлемі артқандығын айтты. Мәселен, өткен жылы 147 әлеуметтік жоба үшін 222,8 миллион теңге бөлінсе, биыл 306,7 миллион теңге қаралыпты.

Кеңес отырысында облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, тілдерді дамыту басқармаларының үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс тәжірибесі тыңдалды. – Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қайырымдылық көмекті жетілдіруге бағытталған қалалық «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің әлеуметтік белсенді әрекеті мадақтауға тұрарлық. Олар басқарманың мемлекеттік тапсырысы негізінде Тараз қаласы мен Жамбыл, Байзақ аудандарындағы психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедектерге әлеуметтік такси қызметін көрсетіп, балалардың жазғы демалысын және олардың мәдени шараларын ұйымдастырып келеді, – деді облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков. Жалпы, аталған басқарма бойынша әлеуметтік мемлекеттік тапсырыс шеңберінде үкіметтік емес сектормен жұмыстың бір жолға қойылғаны байқалады. Дегенмен, аудандар бойынша тиісті деңгейде жүргізілмей жатқан шаруалар да бар көрінеді. Сондықтан, басқарма басшысы жиынға қатысып отырған аудан әкімдерінің орынбасарларының әлеуметтік қорғау саласы бойынша, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бағытында жұмыс істеуге қолдау білдіретін ұйымдардың жұмысын ұйымдастыруға ықпал етулерін сұрады. Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Наржанов та өзінің есебінде басқарманың өңірде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мен этносаралық қарым-қатынасты нығайта отырып, мемлекеттік тілдің мерейін көтеру бағытындағы жұмыстарды үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып жүзеге асыруда нәтижелі шаруалар атқарылғандығын ортаға салды. Бір ғана мысал, «Жан Дауа» қоғамдық бірлестігімен бірігіп үйлерінде мемлекеттік тілдің мәртебесін биік санайтын, балаларын қазақ тілінде оқытатын және мәдениетін сіңірген қарашай, түрік, кәріс, неміс, әзірбайжан, дүнген, ұйғыр этностарының отбасыларында болып, облысты қамтыған «Тіл – достықтың дәнекері» атты ауқымды шара өткізіліпті. Биыл да ҮЕҰ-ды тартып жұмыс істеу үшін қаражат бөлініп отыр екен. Жиын барысында мемлекеттік тапсырыс аясында «Отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу орталығының қызметін ұйымдастыру» әлеуметтік жобасының үйлестірушісі «Жамбыл облысының іскер әйелдері қауымдастығы» және «Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Тарихи шайқастағы жамбылдықтар» атты іздестіру жұмысын ұйымдастыру» жобасының үйлестірушісі «Парыз» қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілері атқарған жұмыстары туралы баяндады. ҮЕҰ жетекшілері пікірлерін ортаға салып, сұрақ-жауап алмасты. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Е.Манжуов үкіметтік емес секторға зор сенім артылып отырғандығын айтып, оларды таптаурын болған құрғақ форматтан арылып, жанды шаралар өткізуге шақырды.

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар