Биылғы жылы Халықаралық балаларды қорғау күні шеңберінде «Қазақстан балалары – нұрлы жолмен» бүкілқазақстандық акциясы өткізілу үстінде. Бұл жөнінде жуырда өткен баспасөз-мәслихатында хабардар болдық. Аталған акцияның мақсаты балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне қоғамның тұрақты назарын аудару, балалар мен жасөспірімдердің мүдделері үшін мемлекеттік саясатты жүзеге асыру болып табылады. Жиынды ашып, жүргізген облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Дәмеш Ускумбаева облысымызда 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні шеңберінде «Қазақстан балалары – нұрлы жолмен» атты бүкілқазақстандық акциясын өткізуге арналған іс-шаралар жоспары жасақталып, бекітілгенін жеткізді. Акция ағымдағы жылдың 20 мамыры мен 20 маусым аралығында өткізіледі. Бұл іс-шараны өткізуге облыс әкімдігінің білім басқармасы, облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия, аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктері, аудандық және қалалық білім бөлімдері мен өзге де балаларға қатысты ұйымдар атсалысқалы отыр. Жоспар бойынша қаламызда жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, мүгедек және аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан балаларға арналған «Балаларға жылу сыйла!», «Әлеуметтік дүкен», «Барлық жақсылық – балаларға!», «Балалық шақ автобусы» сынды қайырымдылық акциясы өткізіліп, онда мерекелік концерттер, тегін аттракциондар, тарихи-өлкетану мұражайы мен көркемсурет көрмесіне экскурсия, балаларға арналған спектакль қойылымы және сыйлықтар тапсырылу көзделіп отыр. Ал барлық аудандарда мерекеге орай «Бақытты балалық шақ», «Біз бақытты баламыз» сынды ертеңгіліктер, отбасылық, шығармашылық мерекелер, спорттық жарыстар, балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалыс кезеңінің ашылу салтанаты мен ашық есік күндерін өткізу жоспарланып отыр, – деді Дәмеш Шайхықызы. Сондай-ақ, балалардың жазғы демалысы жайына, ұлттық бірыңғай тестілеу кезіндегі туындайтын мәселелер және олардың алдын алу үшін жасалынатын шараларға да тоқталып өтті. Жиында, сонымен қатар облыстық ішкі істер департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының кәмелетке толмағандар жөніндегі бөлімшесінің бастығы Қуанышбек Қалжанов та бүгінгі таңдағы балалардың қауіпсіздігі үшін атқарылған жұмыстарымен бөлісті. Ол маусым айының 1 мен 12 күндері аралығында «Бала еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн күрес» облыстық ақпараттық науқаны өткізілетінін, осылайша Балаларды қорғау күні мереке ғана емес, болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі екендігін атап өтті. Жалпы, облыс бойынша «Қазақстан балалары – нұрлы жолмен» атты бүкілқазақстандық акцияға 112 мыңнан астам бала мен ата-аналар қатысып, 2 миллион теңгеден аса қайырымдылық көмек көрсетіледі деп күтілуде.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді