Сәулелі болашаққа сенімді қадам

Сәулелі болашаққа сенімді қадам
ашық дереккөз
Сәулелі болашаққа сенімді қадам

«Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасы Қазақстанның алдағы ауқымды келешегін айшықтап берді. Ал «100 нақты қадам» бағдарламасы Қазақстанның ішкі әлеуетін артты-руға негізделгені баршамызға мәлім. Бұл бағдарламалар жариялана салысымен-ақ, күллі қазақстандықтар тарапынан қолдауға ие болып, шетелдік сарапшылардың да жоғары бағасына іліккенін бәріміз байқап отырмыз. Ішкі бірлігі мықты, бірыңғай, білігі мен білімі жетілген біртұтас ел ғана сыртқы тасқындарға қарсы төтеп бере алады. Бағдарламада қамтылған бастамалардың барлығын халықтың жаппай қолдауы керек деп ойлаймын. Неге десеңіз, бұл – заман талабына сай жасалып отырған реформа. Ал оны жүзеге асыру үшін елдің бірлігі мен ынтымағы алғы шепте тұрғаны абзал. Айта кету керек, 130-дан астам ұлт пен ұлыс мекендейтін Қазақстанда халық арасындағы достықты нығайта беру сәулелі болашаққа сенімді қадамдар жасауға өз септігін тигізері сөзсіз. Қазіргі таңда «Нұрлы жолға» түскен Қазақстанның ең биік мұраты «Мәңгілік Ел» болуы тиіс деп топшылаймын. Тәуелсіздігімізді тұғырлы, мемлекеттілігімізді ғұмырлы ету барысында үлкен жобалар қолға алынып жатыр. Айталық, солардың бірі де бірегейі – «Мәңгілік Ел» патриоттық акциясы десем қателеспеймін. Мемлекет басшысы аталған акцияны одан әрі дамыта беруді тапсырғанын білеміз. Сонымен қатар, азаматтық біртектілікті нығайту үшін «Менің елім» ұлттық жобасын әзірлеп, жүзеге асыруды міндеттеді. Осы жобаның негізінде «Қазақстан энциклопедиясы» атты кең көлемді интернет порталы құрылмақ. Мұндағы мақсат әрбір қазақстандық азамат пен шетелдік қонақтарды еліміз туралы жан-жақты ақпаратпен таныстыру болып табылады. Порталда Қазақстанның 3D үлгісіндегі бейне турлары, елдің тарихы мен мәдениеті, қызықты оқиғалар мен қарапайым адамдардың өмірі жайында ақпараттар жарияланады. Яғни, портал Қазақстанның «сапарнама карточкасына» айналмақ. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы өзі төрағалық еткен үкіметтің кеңейтілген отырысында ұлттық құндылықтарды және өскелең ұрпақ санасындағы патриотизмді нығайтудың маңыздылығына жете тоқталып өткендігі бізді сүйсінткен. «Үлкен ел – Үлкен отбасы» жобасын іске қосу қажет. Оның аясында кинофильмдер, сериалдар және ел тарихы, қазақстандық мәдениет, елдің бүгінгі өмірі туралы хабарлар түсірілетін болады. Туристік бағдарламалар мен этноауылдар ұйымдастырылады. Мәдени инфрақұрылым барлық қазақстандықтар үшін қолжетімдіге айналады. Мәңгілік Ел құндылықтарын мектеп стандарттарына қалай енгізу керектігін ойластыру керек», – деді онда Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасымыз негізге алып отырған «Мәңгілік Елге» біз мәнді қадамдармен ғана жете алатынымыз айдан анық. Сондықтан да, әрқайсымыз өз саламызда көреген Көшбасшымызға тірек болып, әр бастамасына ұйытқы бола білсек, жас мемлекетіміздің асар асуы алыста емес. Ал бес халықтық реформа барысында бұл тараптағы жұмыстар одан әрі қарыштай түсері сөзсіз.

Гүлнұр Өмірбаева, сазгер.

Ұқсас жаңалықтар