«Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдар аралығына арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі бағдарламасына сәйкес ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап елімізде «Өзіңнен баста!» атты республикалық акция өтуде. Аталған іс-шара мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік сыңайлы секторға жататын ұйымдар мен мекемелер басшыларының жеке мүлкі мен табысы туралы ақпаратты өз ықтиярларымен бұқаралық ақпарат құралдарында немесе мемлекеттік органдардың сайттарында жариялауын қамтамасыз ету мақсатымен қолға алынып отыр. Апта аралығында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткен брифингте филиал жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов акцияның аумақтағы өту барысына және алда тұрған іс-шаралар ауқымына тоқталды. Ол кең көлемді түсінік жұмыстарын жүргізу үшін филиалдың атынан облыстағы барлық жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық құрылымдары басшыларының әрқайсысына жеке-жеке хат жолданып, олардың «Өзіңнен баста!» акциясына белсене қатысуға шақырылғандығын жеткізді. Хабарламашының айғақтауынша, акция екі кезеңде өткізілетін көрінеді. Оның алғашқысында мемлекеттік органдардың басшылары, партия филиалдары төрағалары мен орынбасарлары, барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партиялық фракциялардың жетекшілері, партияның бақылау-тексеру және бақылау органдарының басшылары табысы мен мүлкі туралы мәліметтерді жұртшылық алдында жария етеді. Акцияның екінші кезеңінде мемлекеттік қызметшілер табысы мен мүлкі туралы жариялайтын болады. Акцияның қорытындысы үстіміздегі жылғы 15 маусымға дейін шығарылуға тиіс.
Брифингтен кейін іле-шала БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат журналистерге табысы мен мүлкі туралы мәліметтерді жария етіп, партиядан алатын айлық жалақысынан өзге табысы және меншігінде автокөлігі жоқтығын, жекеменшігінде кезінде ипотекалық кредитке алған тұрғын үйі барлығын, айлығының бір бөлігінің күні бүгінге дейін сол кредитті өтеуге жұмсалатындығын жеткізді. Ал партияның Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балжан Пернебекова облыс орталығында бір бөлмелі пәтері, тұрғын үй-жинақ банкінде 650 мың теңге қаржысы барлығын, айлық жалақыдан басқадай табысы жоқтығын мәлім етті. Баспасөз мәслихатын қорытындылаған филиал төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат «Нұр Отан» партиясының ұйытқы болуымен өткізіліп жатқан «Өзіңнен баста!» акциясының ең басты мақсаты, мемлекеттік органдардың басшылары мен мемлекеттік қызметшілерге, партиялық құрылымдардың жетекшілеріне жұртшылық сенімін нығайту болып табылатындығын, сондықтан табысы мен мүлкін жария етуге тиіс әр азаматтың акцияға белсене қатысуы қажеттігін қадап айтты.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді