«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұжымдық шарттар орындалуымен құнды

Ұжымдық шарттар орындалуымен құнды
ашық дереккөз
Ұжымдық шарттар орындалуымен құнды

Жалпы, үш жақты меморандум мәтініне сай қол қоюшы тараптар жұмысшылардың еңбек құқықтары мен кепілдігін қамтамасыз етуді міндетіне алуға тиіс. Бүгінде облыс көлеміндегі ірі кәсіпорындар мен бюджеттік, шаруашылық ісін жүргізуші басқа да мекемелермен осындай меморандумдарға қол қою жұмыстары жалғасуда.

Бұл тұрғыда облыстық, аудандық үш жақты коммиссиялардың алдына қойылып отырған басты міндет Елбасы атап көрсеткендей, халық болып, ел болып, бірлік пен ынтымақтастық көрсете отырып, тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген жетістіктердің барлығын сақтап қалу, 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, әрбір еңбек ұжымындағы әлеуметтік тұрақтылық пен әл-ауқатты арттыру үшін өз мүшелерінің күш-жігерін біріктіру, құқықтық сауаттылықты арттыру, жұмыс орындарының сақталуына, жұмыссыздықтың алдын алуға атсалысу, еңбекшілердің құқықтарының бұзылуына жол бермеу болып отыр. Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үш жақты комиссиясының кезекті отырысы, міне, осы мәселелерге арналды. Оны облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіне сәйкес ең алдымен облыстық кәсіподақтар орталығының басшысы Б. Сапарбаева өзі басқаратын мекеменің 2014 жылы өткізген іс-шаралары мен атқарылып жатқан жұмыстары жөніндегі есебі тыңдалды. Оның айтуынша, бүгінде аумақтық кәсіптік одақтар бірлестігі мүшелерінің саны 126 160-қа жеткен. Ал бастауыш кәсіподақ ұйымдары 1363 бірлікті құрап отыр. Хабарламашы кәсіподақ мүшелері қатарының жылдан-жылға өсуі байқалып отырғанын, аудандарда салалық кәсіподақ желісі ұлғайтылып, олардың технологиялық жарақтандырылуы жақсара түскенін атап өтті. Барлық ауданда дерлік қоғамдық өкілдер, үйлестірушілер, үйлестіру кеңестері жұмыс істейді. Заңгерлік тегін кеңес берулерге үш жүзден астам азамат қайырылған болса, жергілікті жерлерде еңбек дауларының алдын алу, ұжымдық шарт жасасу мәселелері, жаңаша еңбек қатынастары жөніндегі құқықтық-нормативтік актілер түсіндіріліп, осымен байланысты дәрістер өткізілу үстінде. Есепті кезеңде бірқатар мекемелердегі еңбек заңдылығы сақталуына тексерулер жүргізіліп, құқық қорғау орындарына жолданған 12 талап-арыздың басым дені жұмысшылар пайдасына шешілген. Салалық кәсіподақтар, сондай-ақ 69 еңбек дауы оң шешімін табуына ықпал етіпті. Ұжымдық шарт жасау арқылы еңбек ұжымы мен жұмыс беруші тараптар арасында әріптестік жүйе құрылып, еңбек өнімділігін арттыруға ден қойылып, даулы мәселелер ортақ мәмілегерлікпен шешіліп те жатады. «Бүгінде облыстық кәсіподақ орталығына қарасты еңбек ұжымдарының 99 пайызында ұжымдық шарттар қабылданған. Бірақ бұл барлық жалдамалы еңбекшілер ұжымдық шартпен қамтылған деп айтуға негіз бола алмайды», – деді Бахыт Қосалықызы. Ол, сондай-ақ азаматтардың құқығын қорғау жөніндегі меморандум биыл облыстық кәсіподақтар орталығы мен облыстық прокуратура арасында да жасалып, қол қойылғанын атап өтіп, облыс әкімдігінің еңбек инспекциясымен де бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Осы тұрғыда аталған инспекцияның басшысы Серғали Айдапкелов еңбек құқығын қамтамасыз ету және қызметкерді жұмысқа орналастыруды тұрақтандыру мәселелері туралы облыс аумағында әкімдік, жұмыс беруші және кәсіподақтар арасында қол үш жақты меморандумдардың орындалуы жөнінде тарата айтып берді. Серғали Өмірзақұлы есепті мерзім ішінде 2627 ұжымдық шартқа қол қойылса, биыл бұл көрсеткіштің елеулі кемуі байқалып отырғанына, бұл тұрғыда мәліметтерді айма-ай салыстырып отырудың аса маңызды екеніне де тоқталып өтті. Тиісті заңдылыққа сәйкес ұжымдық шарттың мониторингін жүргізу жүктелген аталған инспекция басшысы «Облыстағы 1721 нысандағы жағдайды тексеріп шықтық. Тоқсан пайызы талапқа сай. Бұл тұрғыда республика бойынша сегізінші орындамыз. Алайда облысымызда он төрт мекеменің осындай меморандумға қол қою арқылы мойындарына алған міндеттерін көрінеу бұзып, жұмысшыларына айлап жалақы төлемей, толық емес еңбеккүн белгілеп отырғаны анықталды. Ауыл шаруашылығы саласында жағдай бұдан да мүшкіл. Бүгінде аймақта 15394 шаруа қожалығы бар екен. Соның оннан бірі ұжымдық шарт жасасса жақсы. Оларда еңбек қатынастары бұзылуы мүмкін. Қалай болғанда да меморандумның міндеті толық орындалуы керек» деп, бұл тұрғыда ұжымдық шарттардың орындалуының мониторингін жүргізу үшін аудандарда еңбек саласы бойынша бір маманды үш жақты комиссияның хатшысы ретінде бекітуді ұсынып, аудан әкімдерін еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік шиеленісті жағдайларды анықтау картасын жасауды бірлесе жүзеге асыруға шақырды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке қорыта келе қала, аудан әкімдеріне еңбек және ұжымдық шарттардың, меморандумдардың орындалуы жөнінде облыстық еңбек инспекциясына әр айдың 15-іне дейін тиісті көрсеткіштер бойынша ақпараттар беріп отыруды, сондай-ақ жергілікті жерлерде осы істі үйлестіретін арнайы бір қызметкерді бекітуді тапсырды.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар