малшылар ауылын береке мен мерекеге бөледі
Мойынқұмның бұйраттарында отырған малшылар судың қадірін жақсы біледі. Малға жайлы құм арасында сарқырап ағып жатқан су қайдан болсын. Малшылар кей кездері суатқа шақырымдап мал айдап барады. Уақыт зымыраған сайын техника мен технология да жаңғырып келеді. Жанармаймен жұмыс істейтін электр өндіргіш шағын машиналар шыққанда құмдағы қойшылар қатты қуанған шығар. Себебі олар сол техниканың көмегімен бірнеше метр терең құдықтардан су шығарып жүрді. Дегенмен, кәдесі шаш етектен болғанымен, оның да әуресі өз алдына көп болды. Бірінші әуресі – бензиннің соры. Сонау далаға қайта-қайта жанармай жеткізу қайдан?! Істен шықса да машақаты көбейе түседі.
Елімізде соңғы жылдары баламалы қуат көздерін өндіру бойынша да көптеген жобалар іске асырылып келеді. Су, жел мен күн сияқты табиғи қуатты керегіне жарата алған облыс энергетиктері «жасыл экономика» бойынша біздің аймақты республикада алдыңғы орынға шығарды. Алғашында таңсық дүниені тәжірибе түрінде іске асырып көрген мамандар енді баламалы қуат көздерінің нағыз пайдасын көре бастады. Соның бір дәлелі – өзіміз сөз етіп отырған құдықтардың көзін ашу жобалары. Қазір облыстың әр шалғайында орналасқан мал фермаларының жанынан шағын жел электр стансасы мен күн батареяларын және науаға сарқырап ағып жатқан суды көрсеңіз таңғалмаңыз. Себебі, былтырдан бері облыс басшылығының қолдауымен суға зәру малшылардың сарайы жанынан ондаған метр тереңдіктен құдықтар қазылып, одан сорғының көмегімен жер бетіне су шығарылып келеді. Ал сорғының жұмысына керекті қуат көзін шағын жел электр стансасы мен күн батареялары өндіріп береді. Жуырда облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов бастаған топ Мойынқұм ауданы аумағында орналасқан Жамбыл ауданының жайылымын аралап қайтты. Сапар барысында Қ.Әбдірайымов «Ақша» шаруа қожалығының «Қызыл шатыр» және «Жүнтөбе» аталатын жайылымдарында қазылған екі құдық жұмысымен танысып, оларды іске қосты. Осы жобаның басы-қасында жүрген облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиевті арнайы сөзге тарттық. – Елбасымыздың жүргізіп отырған саясатының арқасында 2013 жылы елімізде «Агробизнес – 2020» бағдарламасы қабылданған болатын. Осы бағдарлама аясында дайындалған шеберлік жоспарында былтыр облыс бойынша мал жайылымдарын суландыратын 10 құдық қаралған болатын. Бірақ, біз жоспарды артығымен орындап, 15 құдықты пайдалануға бердік. Бұл жобаларға Үкімет инвестициялық субсидиямен қолдау көрсетуде. Яғни, шаруаның құдыққа кеткен шығынының 80 пайызын мемлекет қайтарып береді. Оның құжаттары біздің басқармада құрылған арнайы комиссияның қарауынан өткізіледі. Ал енді үстіміздегі жылы бұл бағытта 30 жобаны жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Бүгінгі таңда солардың 13-інің тиісті жұмыстары атқарылып, құжаттары бізде қаралып жатыр. 19-ының құрылысы іске асырылуда. Бұйырса, олар да осы жылы пайдалануға берілмек, – дейді басқарма басшысы А.Нұралиев. Осылайша Жамбыл ауданының Мойынқұм ауданындағы мал жайылымында орналасқан «Ақша» шаруа қожалығы осы бағдарламаны пайдалана отырып, өздеріне ауадай қажет болып отырған құдықты қаздырып, тіршілік нәріне қол жеткізді. Құны 6 миллион теңге болған бұл жобаны тараздық «Баламалы қуат көздері» ЖШС жүзеге асырды. Серіктестік басшысы Самидин Көкшолақов облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымовқа күн сәулесі арқылы жұмыс істейтін өзі ойлап тапқан өзге де қондырғыларымен таныстырды. Ал шаруа қожалық өкілдерінің қуанышында шек жоқ. – Бұрын бензин шығындап, генератордың көмегімен су шығаратынбыз. Енді оны ұмытатын болдық. Қазіргі құдықтың суы салқын әрі таза. Өзіміз де, мал да жырғап қалдық. Электр қуатын өндіретін жаңа техника арқылы суды да шығарып отырмыз, үйге керекті жарықты да алып отырмыз, – дейді «Ақша» ШҚ төрағасы Кенжебай Ақшаев. Бүгінде шаруашылықтың 200-ден астам мүйізді ірі-қара және жылқы, 600-ден астам ұсақ малы бар екен. Бұрын мұнда шахталық әдіспен қазылған құдықтар болған. Жылда көміліп қалатын олардың суының құрамы да бірде ащы, бірде тұщы. Енді 26 метрден шығатын артезиан суы құмды аймақтағы тіршілікке қайта жан бітіргендей. Құдық басындағы жел электр стансасы сағатына 600 Вт қуат беріп тұр. С.Көкшолақовтың айтуынша, егер орташа есеппен станса тәулігіне 10 сағат жұмыс істейтін болса, онда жылына 6 кВт электр қуатын алады. Ал күн панельдері 1 сағатта 1 кВт электр беріп тұр. Олар бес сағат бойы күннен «қорек» алатын көрінеді. Жалпы, екі қондырғының күшін қосқанда 12 кВт электр қуатын беріп тұр. Мұндағы негізгі қондырғы – сусорғыға 10 кВт жеткілікті екен. Соңғы 5-6 жылда отандық агро-өнеркәсіптік кешенге көрсетіліп келе жатқан қаржылық қолдау саладағы біраз мәселенің түйінін тарқатты. Бұл, әрине, Елбасы саясатының жан-жақтылығының айғағы. Жүзеге асырыла бастаған президенттік 5 институционалды реформаның бір көздегені де осы агробизнес секторын барынша дамыту болып отыр.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».
Жамбыл ауданы.
Суретті түсірген Дүйсенбек Орманов.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді