ДЕПУТАТ АСАУБАЙ МАЙЛЫБАЕВТЫҢ ҰСЫНЫСЫНА ҚОЛДАУ КӨРСЕТЕЙІК, АҒАЙЫН!
Кеше облыс әкімдігінің мәжіліс залында облыстық мәслихаттың кезектен тыс 37-сессиясы өтіп, оның жұмысына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессияның күн тәртібінде «2015-2017 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2014 жылғы 11 желтоқсандағы №33-3 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» мәселе қаралып, ол бойынша облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов баяндама жасады. Баяндамашы өз сөзінде бюджетті нақтылау негізінен Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуге байланысты жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыруға бағытталып отырғанын атап өтті. Оның ішінде бұрынғы орталық базар аумағында «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы нысандарын салуды жалғастыруға – 500 миллион, «Ұлы Жібек жолы» этнофестивалін, «Мәңгілік Ел» айтысын өткізуге, «Қазақтар» спектаклін сахналауға және тағы да басқа мәдени-көпшілік іс-шараларға – 250 миллион, «Еуразия Барысы» турнирін өткізуге – 120 миллион, ақпараттық саясат жүргізу және кітаптар басып шығару жұмыстарына 30 миллион теңге бөлу қарастырылды. Сессияда облыстық мәслихаттың депутаты Асаубай Майлыбаев сөз алып, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуге байланысты ұсынысымен бөлісті. – Қазақ хандығының 550 жылдығы – Қазақ мемлекетінің тарихында саяси салмағы үлкен айтулы мереке. Оны өткізуге Мемлекет басшысы, Үкімет, облыс әкімдері ғана емес, осында отырған бәріміз де жауаптымыз. Ертең дүбірлі тойды өз деңгейінде өткізе алмасақ, сын өзімізге келеді. Сондықтан да бұған біз, депутаттар, қоғамның белсенді мүшесі ретінде өз үлесімізді қосқанымыз жөн. Біз мемлекеттен көмек алмай жүрген жоқпыз. Мемлекеттен үлкен-үлкен көмек аламыз. Ауыл шаруашылығына субсидия бөлінеді. Кәсіпкерлікте қайтарымсыз көрсетіліп жатқан қолдаулар қаншама. Бірақ аламыз да, беруіміз шамалы.
Біз, депутаттар, оның ішінде кəсіпкерлікпен айналысып жүрген азаматтар облыс əкімдігіне қолдау көрсету мақсатында қор немесе арнайы есепшотқа қаржы аудару арқылы үлес қоссақ деген ойдамын. Егер үлес қосу туралы шешімді қабылдасаңыздар мен өзім 550 мың теңге аударуға мүмкіндігім бар. Əрбір депутат, əрбір кəсіпкер осы бастамаға қолдау көрсетеді деп сенемін. Өйткені, ол біздің өз елімізді аса құрметтейтініміздің белгісі болып табылады. Кім қанша ақша аударса да, өз еркі. Ең бастысы бұл игілікті істің басында халық сенген депутаттардың тұрғаны жөн деп есептеймін, – деді депутат А.Майлыбаев. Осы ұсынысқа байланысты облыс əкімі Кəрім Көкірекбаев өз ой-пікірін жеткізді. – Асаубай аға өте дұрыс мəселені көтерді деп ойлаймын. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту шараларына Үкімет резервтік қордан 6,4 миллиард теңге бөлу керек. Біз əлі де болса күтудеміз. Қаржы тапшылығына байланысты мəселе қиындап тұр. Осы жұмыстарды жандандыру үшін ертең Астанаға жол тартып бара жатырмын. Туындап отырған мəселені Премьер-министрдің алдында көтермекпін. Біріншіден, той республика деңгейінде тойланады. Екіншіден, ол Елбасының қатысуымен өтеді. Үшіншіден, түркітілдес мемлекеттер Саммиті Таразда өтуі мүмкін. Төртіншіден, уақыт тығыз. Үш ай ғана мерзім қалды. Астанаға сапарым да осы төңіректе болмақ. Өздеріңізге белгілі, қазір Тараз қаласында үлкен тірліктер атқарылып жатыр. Еліміздің он төрт облысы қалада абаттандыру жұмысын қолға алуда. Ендігі кезекте Астана жəне Алматы қалаларының əкімдерімен кездесуді жоспарлап отырмын. Ұлттық компаниялармен, құрылысшылармен сөйлесіп жатырмыз. Оның сыртында облыс əкімдігінің əрбір басқармасы мен аудан əкімдеріне тиісті нысандар мен көшелерді бөліп бердік. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. «Біз де осы жердің азаматымыз, қолымыздан келгенше көмектесеміз» деп үлес қосатын жандар болса, бірінші орынбасарым Бекболат Серікбекұлы басқаратын штаб жұмыс істеп жатыр. Қол ұшын созып, қолдау көрсететін азаматтардың есімдерін «Даңқ» аллеясындағы тақтаға жазып қоятын боламыз. Осындай игі тірліктер ғана ұрпаққа мұра болып қалады, – деді облыс əкімі Кəрім Көкірекбаев. Облыстық мəслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік көтерілген ұсынысты қолдап, əріптестерін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үндеу жариялауға шақырды. Сессияда қаралған мəселе бойынша тиісті шешім қабылданды.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді