өзінің 220 миллион теңгесіне балабақша салған кәсіпкер Қоныс Сағымбековке облыс әкімі риза болды
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың өңірдің әлеуметтік, экономикалық ахуалымен танысу мақсатындағы жұмыс сапары Т.Рысқұлов ауданында жалғасты. Сапар барысында құландықтар ауданда атқарған ауқымды шаруаларды жарқырата көрсетіп, күн тәртібіндегі кейбір көкейкесті мәселелерді де айтып қалуға тырысып бақты. Әкім әуелі «Шәушен» шаруа қожалығының Сұңқайты ауылында орналасқан мал бордақылау кешенінде болды. Негізінен жылқы және қойды бордақылау арқылы сапасы жоғары мал етін өндіруді қолға алған бұл іргелі шаруашылықта бір мезгілде 3000 бас қой мен 500 бас жылқы бордақылауға толық мүмкіндік бар. Қожалықтың атқарушы директоры Мейрамбай Дөненбаев қазіргі таңда иеліктеріндегі қой саны қозысымен қоса есептегенде 31 мыңға жуықтағанын тілге тиек етті. Жалпы, «Шәушен» шаруа қожалығы 110 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшыларының орташа жалақысы 90 мың теңгені құрайды. Өз кезегінде облыс басшысы биылғы қой жылы қой бағып, егін еккен қазаққа қарасқан жыл болғанын, ендігісі «Көктемнің бір күні жылға азық» демекші, жемшөп қорын мол жинау керектігін баса айтты.
Ауданның Юбилейное ауылында 300 орындық мектеп құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Оны облыс басшысы оқу жылына дейін пайдалануға берілуін қатаң тапсырды. Одан соң ол аудандағы қанатын кеңге жайған «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-ның осы ауылдағы жаңбырлатып суару және балық өсіру кешенімен танысты. Бұл шаруашылық бекіре тұқымдас балықты алты ай осында өсіріп-көбейтіп, ары қарай Атырауға жөнелтеді. Бүгінгі таңда кешенде 120 мың бекіре өсірілуде. Мұнан бөлек, аталған шаруашылықтың Көгершін ауылындағы тауарлы сүт фермасы да мол өнім беріп отыр. Шаруашылықтың шалқыған бұл тірлігіне көңілі толған облыс әкімі мұндай істі көпшілікке үлгі ету керектігін айтты. Келесі кезекте Кәрім Нәсбекұлы аудандық орталық ауруханаға бас сұғып, ондағы емделушілерге жасалған жағдайға назар аударды. Бұл ретте облыс басшысы «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген бабалар нақылына сүйеніп, саламатты өмір салтын қалыптастыруға баса назар аударуды, аурудың алдын алу мен жекелеген санаттағы тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жайын тапсырды. Әкім өз кезегінде жуырда Оңтүстік Кореяға барғанда ол жақтағы медицинаның адам жанын түсінуге талпынысын мысал етіп, біздегі дәрігерлерге, әсіресе медбикелерге мейірімді болу керектігіне тоқталды. Медицина қызметкерлерімен кездесуде облыс басшысы өз ойын «Халыққа қызмет көрсетуден асқан бақыт жоқ» деп түйіндеді. Облыс басшысы аудан орталығы – Құлан ауылындағы 100 орындық балабақшаның салтанатты жағдайда лентасын қиып, ашылу рәсіміне қатысты. Жалпы құны 220 миллион теңгеге жеке кәсіпкер Қоныс Сағымбеков салған бұл балабақша балаларға тамаша тарту болды. Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімі: «Қазіргі таңда тойхана, кафе, демалыс орнын соғып, тек қалтасының қамын ойлайтын кәсіпкерлер көп. Ал Қоныстың балабақша салып отырғаны – бала түгіл, баршаны қуантатын игі тірлік. Мұндай үлкен істі жасау үшін үлкен жүрек керек. Осындай үлкен жүректі азаматтар көп болғай», – деп ризашылығын білдірді. Кәрім Нәсбекұлы сонымен қатар, Құлан ауылындағы күрделі жөндеуден өткен Ұлы Отан соғысының құрбандарына арналған «Жеңіс» мемориалдық кешені мен «Луговой-Қорағаты-Тәтті» автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Облыс әкімі К.Көкірекбаев жұмыс сапарын аудан активімен болған жиында қорытындылады. «Жасалып жатқан тірлік, атқарылған шаруалармен бірсыпыра танысып шықтым. Көктемгі дала жұмыстары қызу жүргізіліп жатқанының куәсі болдық. Биыл жауын-шашын мол түскен, шаруаға жайлы жыл болды. Мұны тиімді пайдалануымыз керек. Мысалы, Қордай, Шу аудандарында тамшылатып суару әдісімен өнімді 4 есе мол алып отырған кәсіпкерлерден үйрену қажет. Десе де, ауданда атқарылып жатқан істер ауқымды», – деп атап өтті. Өз кезегінде жиынға қатысқан бірнеше басқарма басшылары өз салалары бойынша ауданда қолға алынып жатқан бастамалар мен шешілуі тиіс мәселелер бойынша тапсырмалар алды. Жиынды қорытындылаған облыс басшысы айтылған ұсыныстар, көтерілген мәселелер мен кемшіліктердің хаттамаға толтырылып, жіті назарда болуын тапсырды.
Нұрболат ӘЛДИБЕКОВ, «Ақ жол».
Т.Рысқұлов ауданы.
Суретті түсірген Виктор Барбаш.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді