«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әйел ердің жары ғана емес, жанашыры

Әйел  ердің  жары  ғана  емес,  жанашыры
ашық дереккөз
Әйел ердің жары ғана емес, жанашыры

Құдіреті шексіз Алла тағала Құранда: «Әрі сендердің тыныштық, тыным тауып орнығуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім-жанашырлық пайда етуі де – Оның белгілерінен. Ақиқатында мұнда ойланып, ақылға салатын адамдар үшін дәлел-ғибраттар бар», – дейді («Рум» сүресі, 21-ші аят). Яғни, әйел – тек бір Аллаға құлшылық ету және ерінің тыныштық табуы үшін жаралды. Осы екі міндетті атқарып өткен әйел – екі дүниеде де бақытты. Ендеше, жарыңыз­дың разылығын табу жолында көмегі тиер деген ниетпен төмендегі кеңестерді ұсынамыз.

1. Жарыңыздың көзінше ешқашан дауыс көтеруші болмаңыз. 2. Күйеуіңіз ашуланғанда, отқа май құймаңыз. Ашуын сабырлықпен басуға тырысыңыз. 3. Күйеуіңізден «Сен бүгін маған разысың ба?» деген сұраққа оң жауап алмай ұйықтамаңыз. 4. Онымен қарым-қатынаста кішіпейіл болыңыз, қырсықтық таныту, өз пікіріңде қатайып тұрып алу ешкімге әбүйір әкелмейді. 5. Ол киінгенде әрдайым жанынан табылыңыз, керегін тауып беріңіз. Аяқ киімін тазалап, жағасын түзеңіз. Оны шығарып салуға көңіл бөліңіз. 6. Жарыңызбен тәһәжжуд намазына жиі тұруға тырысыңыз немесе парыз намаздарын бірге жамағат болып оқыған дұрыс. 7. Күйеуіңізден кешірім сұрағанын немесе ақталғанын күтпеңіз. 8. Оның сыртқы келбетін қадағалаңыз. 9. Күйеуіңізден алғыс күтпеңіз. Оны қуандыру үшін тосын сый жасасаңыз да, оның рахметінен үмітті болмаңыз. Олар эмоцияға берілмейді, сезімін іште сақтай алады. Ол үшін қапаланып, ісіңізге өкінбеңіз. Сіз не істесеңіз де Алла разылығын үшін істейсіз емес пе? 10. Оның көңіл-күйіне ілесіңіз. Қуанса қуанып, мұңайса бөлісіп, жанынан табылыңыз. 11. Күйеуіңіз – Алла екеуіңіздің арасындағы «көпір» десе де болады. Оның алдындағы ықыласты амалдарыңыз – құлшылық. Құлшылық үшін сауап бар. Оның артында жәннат тұр. 12. Күйеуіңіз бұйрық бергенде, немқұрайлылық танытып, кейінге қалдырмаңыз. Және өтінішін жақсы көңіл-күймен, жоғары құлшыныспен орындауға тырысып бағыңыз. 14. Оның алдында барынша әдемі киініп, ұқыпты, таза болып жүріңіз. 15. Отбасылық қиындықтарыңызды, құпияларыңызды құрбы-туыстарыңызға айтушы болмаңыз. Расымен де көмек керек болса, білім иесіне жүгініңіз. 16. Оның отбасы мүшелерімен жақсы қарым-қатынас орнатыңыз, әрдайым жағдайларын сұрап, орайы келгенде сыйлық беріп тұрыңыз. 17. Ол сізге қызықсыз әңгіме айтса да, бас изеп, мұқият тыңдаңыз. 18. Оған ескертусіз сыртқа шықпауға тырысыңыз, қонақ шақыратын болсаңыз, қонақтар санын, тамақ мәселесін кеңесіңіз. 19. Түрлі дәмді тағамдарды, оның сүйікті асын жасауды үйреніңіз. Күн сайынғы асты оның қалауын сұрау арқылы жасайтын болыңыз. 20. Күн сайын жаңа білім үйреніп, күйеуіңізге жеткізіп отырыңыз. Сахих хадистерде күйеуіңіз разы болмаса, Алла алдындағы құлшылығыңыз қабыл болмайтындығы ескертіледі, ендеше, мүмкіндік барда қолдан келгенді жасаудан аянбаңыз.

Ұқсас жаңалықтар