«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Фәнилік драма

Фәнилік драма
ашық дереккөз
Фәнилік драма
(рубаяттар) Бұл дүниені қайтсе де жамандаман: Алла осында етті ғой адамды адам... Бірақта бір қиыны – талай пенде, «Сұм жалған!» деп ғұмырын тәмамдаған. *    *    * – О, Жылқы-Қамбар Ата, малдың басы! Басыңды енді төмен салдырмашы. Желдей ес, жайла жалпақ жазираңды, Қазақтың мінездесі, тағдырласы! *    *    * Ел тарихы – ертеден адамға айбар, Кейде ерлерін кейінгі заманға айдар: Жиырмасыншы ғасырда қазақ үшін, Бауыржан боп соғысқан Қабанбайлар! *    *    * Құралып ап туысқан ұлыстардан, Қазақ оттың ішінде құрышталған. Даналары арқылы дарқан болса, Ақындары арқылы тілі ұстарған! *    *    * Соғыста болмаған соң жолықпаған Ажалдың түсін түстеп, қорықпағам. «Азаптан азаттаушы» деп жүр оны... Өзім де кейде солай жорып қалам. *    *    * Ақ-адалға арам тор құрса надан, Не шықпайды есепші сұм санадан! Өтірігі өрт болмай бықсып өшсе, Өтісім деп біртіндеп құм санаған. *    *    * – Жетті ақыры!.. Қойды, әне, бір ебейді!.. Бірақ бұны басшы деп кім елейді?!.. – Алла бастан биік қып жаратқандар, Басына тәж телмеңдеп тілемейді. *    *    * – Қысы-жазы, аязда, аптапта да, Тал түсте де ап жатса қаптап пара, Жүрек жұтқан батырың сол ма бүгін?!.. – Шірінді ғой... тастаса-ау таптап қана! *    *    * – Шыншыл сөзің ішіңде жанышталып, Алысудан алыстап, қалыс қалып, Арамшөптей қаулаттық арамзаны!.. Көрсек етті енді бір намыстанып! *    *    * – Еркелеп жан-жүректі сипағандай, Толқының, о, Махаббат, зифа қандай! Ал кейде... аласұрса дауылыңмен, Шығарар дал-дұлыңды қиқар аңдай... *    *    * – Айналған соң сен, қалқам, сырласыма, Өзі өзінен жөнелген мұң басыла... Дауа тапқан көңілден тілейтінім: Бақыт қонсын баянды бір басыңа! *    *    * – Жырың ащы. Демейсің ел өкпелер... – Әлдилеген желсөзбен желөкпелер замандасқа не дейін... Мен қайтпекпін Заман өзі деп тұрса: «Көмекке кел!»? *    *    * – Қаласа ұлық мақтау сөз оқығысы, Немесе оның болса той-отырысы, Өлең-жырға айналған жем жеп алып, Жаса, сарай сарыала тоты құсы!.. *    *    * Қазаққа қою үшін сап ауыздық, Баласын әр атаның алауыз ғып, Отаршыл отырған-ды. Енді өзіміз... – Өмірем қатсаң етті, о, Жауыздық! *    *    * Соңғы сөзім бұл саған... Ұғып тыңда: Сол жылы өскен жауқазын тұнып қырға... Махаббаттың демімен мені мас қып, Балқып ең ғой өзің де!.. Ұмыттың ба? *    *    * Өз атым мейлі өзіммен кетсін бірге, Мүрдеме жазсын оны, ексін гүл де. Ал әкем аты тек боп ұрпақтарға, Заманға заңғар, алыс тепсін де ірге! *    *    * – Құрбың: «Күнім аз қалды!..» деп жылайды, Ал сен болсаң қарайсың немқұрайды. Әлде саған өмірің қымбат емес?.. – Тәйт! Ұмытты деймісің мен Құдайды?! *    *    * – Досы көпте кісінің жаны азбаған, Оқшауланып қалады аразда адам... – Араз емен ешкіммен. Еш сатпайтын үш досым бар: өз ойым, қағаз, қалам. *    *    * – Ару едің, қор қылдың асылыңды!.. Төсек бірлік найсаппен жасырылды. Отбасы емес, орынтақ таңдағандық – Жалғыздықты жапсырды басы мұңды... *    *    * Сұлу еді-ау көрген жан табынатын!.. Қазір сол ғой дейсің тек танып атын. – Бұл не өштік, ей, Уақыт, дүниеде өшігуге өзге де табылатын?! *    *    * Патша бол не қоғамның ұлтарағы, Егеседі бұл өмір бұлталаңы. Күнді аумастай төбеден көрсе есірік, Жарқылдап жай аспанын бұлт алады. *    *    * Уақыттың тізгін тартпай жосылғаны – Ай, жылдап жасқа жастың қосылғаны. «Судың да сұрауы бар». Жасыңның да, «Кімсің сен?» Басты мән-ау осындағы. *    *    * – Білім қалай?.. Білік те қоңылтақ па?.. Онда ұлыққа жолыққын... жолын тап та. Қолында ғой, қаласа құйрығыңды, Дәнекерлеп тастау да орынтаққа! *    *    * Орынтақтан жақсыны кім кет дейді? Көре алмаған күйінсін күндеп мейлі. Ал хас надан антұрған ойлап па екен: «Неге мені бұл орын міндеттейді?..» *    *    * Бір ене, білетіні – шала дәстүр, Келіннен бетке тіктеп қарамас бір, Жасамақ болып еді келі-келсап, Алды оны арпылдатып қарабасқыр! *    *    * – Қарт көзінен сырғыды бір-ақ тамшы... Не дер екен, сөзіне құлақ салшы?.. Үндемейді?.. Мұң-зарсыз жас шыға ма, Неғып тұрсың безеріп?!. Жұбатсаңшы! *    *    * Қосылсақ та пенде боп былай санға, Жүргендейміз былғаныш ылайсанда. Алдау, қорлау, алалау, жалмауыздық... Жүру керек сонда да!.. Құлай салма. *    *    * «Жаратайық балшықтан мұны адам ғып», – десе Алла, мақсаты ұнағандық. Ұнамсызға ұрынған өзіміз ғой!.. Қайта орнаса-ау қайтсе де түбі Адамдық! *    *    * Көз алдымда көрініс ол түнгі анық: жатқан Талас жарқырап толқынданып, Бізбен, Аймен сырласып сылқ-сылқ күлген... Енді?.. Қане, барайық, бол, тыңдалық! *    *    * Ескерткіштер әртүрлі тұғырдағы – Замандардың зәйілі ұғымдағы... Біріне гүл қойылса, біреуі тұл... Мүлги берер өткеннің жұғындары. *    *    * – Ғұмыр дейсің... Жоқ оның қиын түгі! Бар болғаны – жылдардың жиынтығы. – Сонда да бар емес пе жұмақ, тозақ, Соңғы болса қайтер ең сыйың түрі? *    *    * – Күн ашық па... есіктей ұмыт қалған? Ол өмір ғой күтетін үмітті алдан... – Ал онда да бір есік болары хақ, Сен аша алмас. Мәңгіге құлыпталған... *    *    * Бұл не дыбыс, тәңір-ау дірілдеген, Бұрын естір құлаққа білінбеген?.. Бұ дүниелік пе өзі, әлде ана... Шақыра кеп «Жүресің бүгін» деген? *    *    * Бір найсап қол сап халық қоймасына, Тұрғызса зәулім сарай ойнасына, «Тонадым жетім-жесір, мүсәпірді!», – деген бір қалай келмес ой басына?! *    *    * – Өмір... өмір, сен – шаттық, мұң әрі сын... Күйкілік пен арманның тым алысын қосқан добы Алланың домалайтын, Махаббат пен Зұлымдық тұрағысың. *    *    * Жер мен аспан... болғанмен аралық кең, Бір қарлығаш таппадым – жаңалық па ең?.. – «Қарлығаш» деп қыздарға атың сыйлап, Бірге ұштың ба, періштем, балалықпен?.. *    *    * Бір сырым білгенге де білмегенге: ниет жоқ... өлең жазу мүлде менде! Тапсырған Абай атам: әлсін-әлсін, Жүректі жырмен жуам кірлегенде.

Арғынбай БЕКБОСЫН.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар