елдік деңгейде өтуі тиіс деді Облысымызға жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев
Кеше Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен облысымызға келді. Мәртебелі мейманды «Әулиеата» әуежайынан облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған лауазымды тұлғалар күтіп алды. Вице-премьер ең әуелі Тараз қаласындағы көпбейінді облыстық балалар ауруханасына ат басын бұрды. 200 төсекке арналған жаңа ауруханада бүгінде 61 жоғары білімді дәрігер жұмыс істеуде. Нысан сонымен қатар заман талабына сай озық үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда атқарылып жатқан жұмыс барысымен аурухананың бас дәрігері Марат Рабандияров таныстырды. Бердібек Машбекұлы аурухана ғимаратын аралап көрді, дәрігерлер қауымымен жүздесіп, пікірлесті. Ол кездесу барысында осындай зәулім де сәулетті ғимаратта халыққа көрсетілетін қызмет сапасының жоғары болуы керектігін, әсіресе балалар арасында өлім-жітім оқиғаларына жол бермеу қажеттігін атап өтті. Вице-премьер келесі кезекте «Тараз-Арена» спорт кешеніне қарама-қарсы орналасқан аумақта Қазақ хандығының 550 жылдығына орай бой көтеретін монумент жобасымен және атты спорттық іс-шаралардың жоспарымен танысты. Мұнан соң Тұңғыш Президент атындағы саябаққа аялдады. Мұнда Үкімет басшысы орынбасарының назарына стенд арқылы Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу аясында Тараз қаласы аумағында жүргізілетін абаттандыру жұмыстарының барысы ұсынылды. Айту керек, тарихи шаһардың ажарын ашып, абаттандыруға еліміздің барлық аймағы жұдырықтай жұмылуда. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысы Тәуке хан көшесі бойындағы Оңтүстік қақпаны қайта жарақтандыруға қол ұшын созса, жетісулықтар Жамбыл алаңын жаңғыртпақ. Маңғыстаулықтар қаржы көзін қарастыру арқылы Жамбыл даңғылындағы «Тараз» қонақ үйінің алдында гүлзар құрылысын бастап кеткен. Бұл жұмысты жергілікті «Алимжан Компани» серіктестігі жүргізуде. Бұл жерде гүлзардан бөлек Маңғыстау өңірінің әктасынан аппақ үлгідегі киіз үй де бой көтермек. Бұл нысан да қаланың сәулетін аша түсетін болады. Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев өңірлерден келген жауапты тұлғалармен әңгімелесіп, бастаған істерінің барысын сұрады. Барлық орындардағы жұмыс өз мерзімдерінде аяқталуы керектігін ескертті. Осы орайда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев белгіленген нысандардағы жұмыс биылғы 10 тамызға дейін аяқталатынын жеткізді. Кәрім Нәсбекұлы сонымен қатар осы жерде Қытайдан келе жатқан керуеннің бағдарламасымен таныстырды. «Шығыстағы көршіміз Қытай елінен 136 түйеге мінген керуеншілер қазір жолда келе жатыр. Биылғы 6 шілдеде олар Қорғас кеден бекетіне келетін болады. Ал 1 тамызда біздің облысымыздың шекарасына жетеді. Керуен облысымыздың барлық ауданын аралап, 17-18 қыркүйекте Тараз қаласына кіреді деп жоспарлап отырмыз», – деді Кәрім Нәсбекұлы. Бердібек Машбекұлы мұнан соң «Қарахан баба» кесенесі маңына тоқтап, ондағы жұмыс барысына назар аударды. Бұл жерде Қостанай және Қызылорда облыстары әкімдіктерінің демеушілік етуімен абаттандыру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Мердігер – «Жасұлан и К» серіктестігі. Вице-премьер Бердібек Сапарбаев бастаған топ қаламыздағы «Жастар» стадионына бас сұғып, елдігіміздің мерейін асыратын той Қазақ хандығының 550 жылдығына орай аталмыш стадионның қаншалықты жаңғыртылатынын барлады. Алаң жиегінен мәртебелі меймандарды қарсы алған М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Ерлан Біләл сөз алып: «Айтулы датаға орай біздің театр Жамал Ерғалиевтің «Қилы жол» атты шығармасын сахналауды жоспарлап отыр. Бастапқыда қойылымды қала ішіндегі алаңдардың бірінде жұртшылық назарына ұсыну туралы ойлар болғанымен, ол жерлердің ауқымы кіші болуына байланысты қойылымды осы стадионға қою туралы келісімге келдік. Шығарманың сахналық қалыбын қалыптастыру мақсатында бүгінгі таңда толассыз жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сценография да орнымен жасалуда. Жалпы қойылымның сахналық жобасы стадионның үштен бір бөлігін алады. Орта есеппен алғанда, ені 36 метр болса, биіктігі – 8 метр, ал сахнаның өзінің биіктігі – 2,5 метр. Төменнен келген арнайы құрылғылар биікке көтеріліп, сахнаның үстінде де, сахнадан тысқары да көріністер ойналады. Сонымен қатар әр сахнаның көріністерін көрсетіп тұратын экран орналасады. Спектакльдің жалпы ұзақтығы бір сағат он бес минутқа жоспарланған. Орналасқан бірнеше сахнадағы көріністер 3 минут пен 8 минуттың аралығында өз кезектерін алып отырады. Академиялық театр труппасынан 100 адам қатысса, жалпы 260 адамға дейін қойылымға жұмыс жасамақ», – деп оның жобасымен таныстырып өтті. Жалпы спектакль Жәнібек пен Керей хандардың дәуірінен бергі аралықтағы жаугершілік кезеңді қамтиды деп күтілуде. Қазіргі кезде мақсатты жұмыстар сәтімен атқарылып, стадионның жаңғыртылуы қалыпты жұмыс ырғағымен өрбімек. Оған жеткілікті көлемде қаржы да қарастыру ойластырылуда. Вице-премьер мәселенің мәнісімен танысқан соң жұмысты әрмен қарай жандандыру керектігін айтса, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев «Жастар» стадионы арқылы мерейтой кезінде жұртшылық спорт ошағына үш жердегі арнайы қақпа бойынша еркін кіре алатынын сөз етті. Бұдан кейін Вице-премьер бастаған топ бұрынғы орталық базар аумағындағы «Көне Тараз» қазбалар үстіндегі павильон мұражай саналатын тарихи орынның жай-күйімен танысты. Алып аумақты алып жатқан жобаның сметалық құны миллиард теңгеге жуық қаржыны құрайтынын айтып өткен ләзім. «Бұл жерде негізгісі музей болуы керек. Жинақталған тарихи-мәдени орталық болғанда ғана бұл аумақ елдің қызығушылығын тудырады. Кейбір жобаларға қарағанда көптеген жәдігерлер табылған «Көне Тараздың» құны шамалы арзандау» деп Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өз пікірін білдіріп өтті. Одан бөлек, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев: «Жоба, жалпы алғанда, сараптамалардан өткен. Бәрі де дайын», – деп Бердібек Сапарбаевқа мән-жайды түсіндірді. Сонымен қатар, мұндағы құрылыс жұмыстарымен шұғылданып жатқан мердігерлер «Астана автострой» компаниясының өкілі Александр Михаенко, «UDC corporation» ЖШС-ның директоры Беделхан Елмаз мұндай жұмыстармен бірінші рет айналысып жатпағанын айтып, межелі мерзім ішінде мойындарына алған міндетті атқарып шығатындықтарына сендірді. Облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлы болса жұмысшылардың күн-түн демей жұмыс жасайтындықтарын атап өтті. Бұл мәселеге назар аударған Бердібек Машбекұлы алдағы уақытта жоба жұмысын дер кезінде аяқтауға қаншалықты мүмкіндік бар екенін бағдарлап, тиісті азаматтардан мердігерлердің техникалық, базалық мүмкіндігін сұрады. Мәселені Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және өзге азаматтар ойластырып көретінін ескерді. Мұндағы жұмыстар аяқталған соң төменгі қабаттағы тіршілікті, нысанның мәдени маңызын жұртшылық тамсана тамашалайтынын, жалпы Тараздың мақтанышына айналатын орын болатынын Кәрім Көкірекбаев өз сөзінде қайталап айтты. Қос жобаның құны орасан қаржыны талап ететін болғанымен, мәдени-тарихи орталық пен «Көне Тараз» мұражайына қаржыны қолдан келгенше тауып, көмек көрсетуге күш салу қажеттігін А. Мұхамедиұлы тілге тиек етті. Мұнан соң Бердібек Машбекұлы орталық стадионның мүмкіндігімен танысып, жоғары бағасын берді. Сапарының соңында Бердібек Сапарбаев Тараз химия-технология колледжіне ат басын бұрып, осы жерде әлеуметтік салада жүргізіліп жатқан реформалар мен Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу мәселелері бойынша кеңес өткізді. Кеңеске Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев, Тараз қаласы мен аудандардың әкімдері, облыстық басқармалардың басшылары, әлеуметтік сала қызметкерлері мен ірі кәсіпорындарының жетекшілері, бизнес және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Басқосуды облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ашып, жүргізіп отырды. Кеңес отырысында облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова ҰБТ-ға өңір түлектерінің дайындығы мен аймақтың білім айдынындағы перспективасы туралы баяндама жасады. «Білім берудің 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы саланың жандана түсуіне айрықша серпін берді. Мәселен, 2010 жылмен салыстырғанда білім саласын қаржыландыру 1,8 есеге ұлғайып, бүгінгі таңда 75 миллиард теңгені құрап отыр. Елбасы бекіткен «Балапан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бес жылдың бедерінде 10 миллиардтан астам қаржы қарастырылды. Бұл өз кезегінде көрсеткішіміздің көңіл көншітерлік жағдайға көтерілуіне септесті. Мектепке дейінгі білім желісі өркендеді. Межелі мерзімде алты мыңнан астам орынға жоспар артық орындалды. Мектепке дейінгі білім беру мекемесіндегі балалардың саны артты. 2010 жылмен салыстырғанда 3-6 жас аралығындағы балалардың қамтылуы да едәуір жақсарды», – деген Сұлушаш Сәтбекқызы үш ауысымды мектептерді азайту жолында атқарылып жатқан мақсатты жұмыстарды, өңір білім алушыларының халықаралық білім бәсекелеріндегі жетістіктерін және өзге мәселелерді айтты. Сондай-ақ техникалық-кәсіптік білім мекемелерінен оқудан өткен азаматтардың жұмысқа орналасқандарының басым бөлігіне жұмыс берушілер зейнетақы қорына тиісті он пайыз қаражатты аудармай отырғанын, ондай қадамға жол беріп отырған кейбір жеке шаруашылықтардың бұл мәселеге дұрыс қарауына Бердібек Сапарбаевтың көмектесуін сұрады. Өзге де өзекті мәселелерді баян етті. Облыстағы ҰБТ сынақтарын қабылдайтын он пункттің барлығы да талапқа сай оның сегізі аудан орталықтарында болса, қалған екеуі облыс орталығында екенін сөз еткен өңірдің бас педагогы дайындық барысы жақсы екенін атап өтті. Осы орайда әңгімеге араласқан Бердібек Машбекұлы: «ҰБТ айналасында болып жатқан өзгерістермен барлық өңірлерді хабардар етіп отыруларыңыз керек. Сондықтан жұмысты ширатып, әсіресе соңғы өзгерістерді балаларға нақты жеткізіңіздер», – деп тапсырма берді. Кеңестің күн тәртібінде, сондай-ақ Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың облысқа биылғы ақпан айында жасаған жұмыс сапарында өндірістік процестерді тұрақтандыру және жұмысшылардың еңбек құқықтарының сақталуы бойынша берген тапсырмасының орындалу барысы қаралып, ол бойынша облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Серғали Айдапкелов баяндама жасады. Бұдан кейін мінберге көтерілген «EL PRODUCTION COMPANY» ЖШС-ның көркемдік жетекшісі Ғалым Доскен сөз алып: «Мерейтойға орай бірнеше жоба жасалды. Қазіргі кезде әкімдік тарапынан тапсырылған тапсырма бойынша төрт сахналық алаңды жасақтау ұсынылған. Меніңше, шағын қалада мұнша сахналық алаң жасау тиімсіз сияқты. Қазір эскиздер көрсеткеніммен ол өзгеруі ықтимал, сондықтан нақтылап айтар болсам, екі сахналық алаң жасасақ, мәдени этнографиялық шоуды қамти аламыз. Бұл жерде қазақ елінің хандық кездегі рухы, тұрмыс салты қандай болды, осы мәселелерді қамтуымыз керек. Көшпенділер мәдениетімен қатар Азиялық отырықшылар мәдениетін де өнер шаралары арқылы көрсетсек деген ой бар. Жұрт көне өркениеттерді сезінсе дейміз. Қазір осы бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатыр», – деп өз ойымен бөлісті. Еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сөз алып, ұлы мерейтой хақында өз ойын ортаға салды. «Бүгінгі таңда айтулы мерейтоға орай көптеген шаралар еліміздің әр қиырында өтіп жатыр. Алдағы уақытта Ұлытауда «Ұлытау ұясы» атты ғылыми-тәжірибелік конфереция, Бұланты шайқасы өткен жерде көрсеткіш белгіні салтанатты түрде ашу, «Мәңгілік Ел» картинасын жасау, ежелгі қалалар орнын реставрациялау жұмыстарын жүргізу секілді шаруаларды іске асырып жатырмыз. Бұл өткізіліп жатқан ақындар айтысын, «Қазақ Елі» қойылымын Тараз төрінде сахналау да ойда бар. Қазақ хандығының сол кезеңдердегі бейнесін ашатын телесериал, анимациялық дүниелер де түсіріліп, жұртшылық назарына ұсынылатын болады. Қабырғалы қаламгер Ілияс Есенберлиннің тарихи кітабы да үш тілде шығып жатыр», – деп бірқатар мәселелерді айтып өткен Мәдениет және спорт министрі алдағы уақытта атқарылатын толағай шаруалардың жайымен таныстырды. Кеңесте Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев сөз сөйледі. Бердібек Машбекұлы өз сөзінде облысқа жасаған сапарының басты мақсаттарының бірі – Елбасы тапсырмалары мен әлеуметтік реформалардың қалай жүзеге асып жатқандығын, Қазақ хандығының 550 жылдық тойына дайындықтың барысын көзбен көру екендігін айтты. Вице-премьер әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан әлеуметтік салада ауыз толтырып айтатындай ешқандай қиындықтардың жоқ екендігін атап көрсете келе, елдік тойын жоғары деңгейде мерекелеудің маңыздылығына айрықша тоқталды. – Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі, біріншіден, Жамбыл облысы үшін үлкен көмек. Тараз қаласының ажарына-ажар қосылып, көркейе түседі. Егемендік алғалы еліміз осындай талай тойды өткізді. Сонда көптеген облыстардың орталығы мен жекелеген қалалары шырайланып шыға келгені сөзсіз. Біздің басқа облыстарды да көмекке тартып отырғанымыз сол. Әне-міне дегенше қыркүйек айы да келіп қалады. Мерекелік іс-шараларға көптеген елдерден қонақтар келетін болады. Олар біздің елімізде Астана мен Алматы ғана емес, өзге де қалалардың өркендеп, дамығандығына көз жеткізуі тиіс. Елбасының осындай үлкен ауқымдағы іс-шараларды, дүбірлі тойларды еліміздің әр аймағында өткізуге мұрындық болып жүргені де сондықтан. Тараз да осындай дүбірлі думанға бөленгелі тұр. Осындай мүмкіндікті тиімді пайдалану керек деп ойлаймын. Әрбір нысан бойынша күні-түні жұмыс жүргізсек, ұтылмаймыз. Келген қонақтар Қазақ хандығының туы тігілген қасиетті мекеннің жоғары мәдениеті мен тазалығына тамсанып кетсе – бәрімізге абырой. Осы орайда асар жасауымыз керек. Қазақ халқы қиын-қыстау кездердің өзінде асарлатып, қолмен арықтар қазған. Бір ғана мысал, Түркістан қаласының 1500 жылдық тойын өткізгенде республикалық бюджеттен 68 миллион теңге алған болатынбыз. Ал 2 миллиард 300 мың теңгенің жұмысын жасадық. Соның бәрі – осы асардың арқасында. Түркістан қаласы тойға дейін қандай еді, тойдан кейін қалай ажарланды? Міне, сондықтан да Тараз қаласының түрленуі үшін асар жасау керек. Қаладағы абаттандыруды баяу жүргізіп жатқан өңірлермен тиісті жұмыстарды жүргізетін боламыз,– деді Бердібек Сапарбаев. Мерекелік шаралар бойынша қосымша түсінік берген облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бекітілген облыстардан бөлек әрбір басқарма мен аудандарға тиісті нысандар белгіленіп берілгенін, ол аумақтарда күнделікті жұмыс жүріп жатқанын жеткізді. Сөз соңында Үкімет басшысының орынбасары кеңеске қатысушыларды Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі еңселі елдіктің тойы екендігін атап өтіп, сондықтан да оның жоғары деңгейде өтуіне жұдырықтай жұмылуға шақырды.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол». Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді