«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

КӘСІПКЕРЛІК ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖОҚ ЖЕРДЕ ӨРКЕНДЕЙДІ

КӘСІПКЕРЛІК ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖОҚ ЖЕРДЕ ӨРКЕНДЕЙДІ
ашық дереккөз
КӘСІПКЕРЛІК ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖОҚ ЖЕРДЕ ӨРКЕНДЕЙДІ

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында Парламент Сенатының депутаты, «Нұр Отан» партиясы жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі Дулат Құсдәулетов шағын және орта бизнес саласындағы жемқорлықтың алдын алу туралы кездесу өткізді.

Кездесуді партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік ашып, сөзді Д.Құсдәулетовке берді. Сенатор «Нұр Отан» партиясы алдына Елбасы қойып отырған міндеттерге, жемқорлыққа қарсы жүргізіп отырған жұмыстарға қысқаша тоқтала келе, облысқа жасаған жұмыс сапарының мақсаты – өңірдегі кәсіпкерлік саласында қоғамның жегі құртына айналған жемқорлықтың алдын алу және оны жоюдағы атқарылып жатқан жұмыстармен жете танысу екенін атап көрсетті. Ол кәсіпкерлерді емен-жарқын әңгімеге шақырды. Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Алмас Мәдиев қысқаша хабарлама жасады. Хабарламашы негізінен субсидия бөлу мәселесіне тоқталды. Одан әрі сөз алғандар Тараз қаласының Ташкент көшесінің бойынан қоғамдық көліктің жүре бермейтіндігін, жаяу жүргіншілер жолының жоқтығын, денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктер, жер мәселесі, бизнес нысандарын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету сияқты қала әкімінің құзырындағы мәселелерді қаузады. Кездесуде Чернобыль апатына қатысушылардың жағдайы жоқ екендігі, кейбір жеке кәсіпорындарда аса ауыр жағдайда еңбек ететін жұмысшылардың алатын жалақысы бар-жоғы 40 мың теңге екенін жеткізгендер де кездесті. Кездесуді қорытындылаған Д.Құсдәулетов көтерілген мәселенің бірде-бірі ескерусіз қалмайтынын атап көрсетті. Жергілікті билік тарапынан шешілетін мәселелер әкімдіктерге жүктелетінін, ал Парламент құзырында шешілуі тиіс мәселе тікелей өзінің назарында болатынын айтты. Одан кейін Сенат депутаты азаматтармен қоғамдық қабылдау өткізді. Үйін кепілдікке қойып, банктен несие алған төрт баланың анасы несиесін қайтара алмай шарасыз күйге түскенін айтты. Депутат жергілікті қаржы институтының республикалық басшылығына шығып, мүмкіндік болса көмектесетінін жеткізді. Облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының бірінде ақылы негізде оқитын студент 80 мың теңге төлей алмапты. Ол да сенатордан көмек сұрайды. Сол жерде  белгілі кәсіпкер Қатира Аққұлиева студентті өзінің кеңсесіне шақырып, қолдан келген көмегін көрсететінін жеткізді. Құжатын реттей алмай жүрген кәсіпкер де қоғамдық қабылдауда болып, мәселені шешіп беруге ұйытқы болуын өтінді. Бұл мәселені заң талаптарына орай шешу облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы А.Мәдиевке жүктелді. Егер мәселе шешімін таппай жатса сотқа жүгінуге кеңес берді. Азаматтарды жеке қабылдаған соң, Парламент Сенатының депутаты Д.Құсдәулетов «Ақ жол» газетінің оқырмандарына арнап былай деді: – Мемлекет басшысының 5 институттық реформасын орындауда республикамыздағы жетекші партияның атқаратын рөлі зор болмақ. Бүгінгі кәсіпкерлермен болған ашық-жарқын әңгіме барысында қаншама ұсыныс-пікір айтылды.  Пікір әртүрлі болғанымен, азаматтар көтеріп отырған мәселенің бәрі орынды деп есептеймін. Осындай кездесулер тағы да бірер облыста өтеді. Сосын әр өңір бойынша  көтерілген мәселенің бәрі партияның орталық аппаратында облыс басшылары назарына ұсынылады. Мүгедектерге берілетін жәрдемақының мардымсыз екендігі белгілі. Бұл мәселені де тиісті министрлікке депутаттық сұрау салып, қозғайтын боламын, – деді сенатор. Кәсіпкерлермен өткен кездесуге «Нұр Отан» партиясы партиялық бақылау қызметінің үйлестірушісі Қанат Есмаханбетов қатысты.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол». Тараз.

Ұқсас жаңалықтар