алпысқа келген ақынын ардақтады
«Қаратаудағы Ұлбике ақын атындағы Мәдениет үйінде атағы алты Алашқа мәлім Шорабек ақынның жүлдесі үшін республикалық ақындар айтысы өтетін болыпты» деген хабар жетісімен сол күнді таластықтар тағатсыздана күтті. Шынтуайтында, жұрт қазақ ауыз әдебиетінің асқар шыңы – айтысты аңсап, сусап, шөліркеп қалған еді. «Еее-ей, ағайын!» деп айтыстың өзегіне өзгеше стиль, мазмұн, әуен, леп әкелген Шорабегінен де халқы көз жазып қалғаны анық-ты. Анда-санда сөз сайыстырған арқалы ақындардың аузынан Шорабектің мақамын естіп, «е-е» деп елеңдесіп, жылы жымиятын халықтың тілеуі орындалғандай. Сондықтан болар, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев құп көрген бастама ақынның туып-өскен жерінде дүркіреп өтуі тегін емес. Бес жасынан таңдайы тақылдап, тұла бойы өлеңге тұнған ақын Шорабек Айдаровтың мерейлі тойына арналған аламан айтысты белгілі айтыскер ақын Серік Қалиев ашып, жүргізіп отырды. Ол алдымен айтыс – ұлттың айнасы екенін айтып, өнерсүйер қауымды Шөкең туралы түсірілген қысқа бейнефильмді көруге шақырды.
Сөйтіп, көпшілік сүйікті айтыскер ақынымен ең әуелі экранда «жолықты». Фильм арқылы айтыс өнеріне жаңашылдық леп әкелген Шөкеңді елімізге әйгілі айтыс ақындары Балғынбек Имашев, Жандарбек Бұлғақовтар өздеріне ұстаз санайтындарын әрі ұстаздарының сан қырлы екендігін білдік. Сонымен бірге, бейнефильмде бүгінде сахнада Шорабектің әуеніне салып айтысып жүрген сандаған ақындардың мысалы келтіріліп, мұның өзі ерекше мақамды ақынның айтыстағы даралығын аңғартатынын көрсетті. Айтыста қарсыласын екі ауыз сөзбен, әдемі әзілмен мысын басатын Шорабектің шоқтығының биіктігін осыдан-ақ біле беріңіз. Шөкең де ағынан жарылды. Арқалы ақынның ақиқатты Аллаһ тағаланы танудан тауып, дін исламға мойынсұнып, мұсылман баласына Хақ тағаланың ілімін насихаттайтын діндарға айналып, «Асыл арна» телеарнасы арқылы имандылықты насихаттайтын абыз ақсақалға айналғанына көрерменнің көзі жетті. Бірақ... жүрегі жыр толғаған Шорабек айтыстан біржола қол үзбепті. Оған біз құдды бір Сүйінбай мен Кенендей сақалын салалап, мерейтой иесі сахнаға көтеріліп, өзіне тән мақамымен төкпелете жөнелгенде көз жеткіздік. – Ау, ағайын! Ассалаумағалейкум, елім, жерім, Сақалым ағарған жоқ тегін менің. Ұлылардан қалған бір ұрпағымын, Сүйінбай, Шәкәрімнен бөлінбедім! – деп Шөкең ниеттес жұртшылықпен қауышып, өлеңдетіп сәлемдескені көңілдерді марқайтып тастады. Шоқ тілді шайырды облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов мерейтойымен құттықтап, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың Алғыс хатын табыстап, шапан жауып құрметтесе, Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиев ақынға «Талас ауданының Құрметті азаматы» атағын беріп, астына арғымақ сыйлап, үстіне шапан жапты. Ақынын әкімдері осылай ардақтап, ел мерейін осылай өсірді, абыройын осылай асқақтатты. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ өнерінің мақтанышы, жырау Бекболат Тілеухан құттықтау сөз сөйлеп, бір кезде сахнаға қара домбырасын мойнынан ұстап сүйреп шыққан Шөкеңнің бұл күні аузы дуалы, сөзі уәлі дарын иесіне айналғанын нақты мысалдармен айтып өтті. «Сонау 1989 жылы Қызылорданың ақынына: – Қарағым, сен де ақ маңдай, мен де ақ маңдай, Қосылса екі ақ маңдай шам жаққандай. Екеуміз Ай мен Күндей боп отырмыз, Вагонға көмір артқан солдаттардай, – деп келетін уытты әзілінің әр жолы елді қыран күлкіге қарық еткен Шөкең халықтың аузында жүретін, айтыстың ақтаңгері, ақ жүріп, имандылықты насихаттайтын абыз ақсақалы сынды тұлғаға айналды» деді ол. Сондай-ақ, той иесіне жамбылдық кәсіпкер Қайрат қажы Момынов жеңіл автокөлік сыйлап, мерейін одан әрі асыра түсті.
Кіл жүйрікте кім жүйрік?
Бұдан соң көп ұзамай жыр додасы да басталып кетті. Айтысқа тұп-тура жиырма ақын келген екен, соның тең жарымы Шорабектің шекпенінен шыққандығын айтпай кетуге болмас. Айтыс өнерінің қыр-сырын терең меңгерген қазылар алқасын Бекболат Тілеухан басқарса, сондай-ақ құрамында ақын, жазушылар Қайырбек Асанов, Әлібек Әмзеев, Көсемәлі Сәттібайұлы, Шырын Мамасеріковалар бар қазылар ақындардың сөз саптасына, ой жүйріктігіне, тақырыпты ашу мүмкіндігіне баға беріп отырды. Алғашқы жұп болып сахнаға Жамбыл ауданының жас айтыскері Нұрлыбек Құрманов пен байзақтық Рай Дөңбай көтерілді. Екеуі де өздерін Шорабектің ізбасарларымыз деген жас ақындар бірден бір-бірлерін қағыта сөз бастай жөнелді. Нұрлыбек Райдың есімін нысанаға алып, «жұмақтың орысшасы осылай аталушы еді, қазақша есім табылмады ма?» дегендей әжуалап тиісті. Ал Рай оған «Райынан қайтпайтын азамат болып өсетін боламын!» деп ойлы жауап қайтарды. Әсіресе, Рай Дөңбайдың Шорабек Айдаров жайлы толғана келіп «Бір кездергі құлыншақ айналды ғой, Құлдыраңдап шабатын Құлагерге», болмаса «Тойған жерін қорғайтын иттер жақсы, Туған жерін тонайтын адамдардан» деп жырлағаны көптің көңілін елең еткізбей қоймады. Екінші болып сахнаға байзақтық Әсет Дүйсебаев пен шулық Айым Көшербай шықса, екеуінің аға-қарындас болып әдемі айтыс жасағаны көпті сүйсіндірді. «Қаһарман Баукең туған Жамбылымның, Торғайында қыранның айбыны бар», «Қаратаудай ел барда қара жерде қалмайсың» деп өзін кішкентай санап, жасқанып отырған қарсыласын басынбай, қайта қанатына жер беріп отырды. Мектеп оқушысы Айым жас та болса тәтті шумақтарымен елді тәнті етті. Осыдан соң сахнаға таластық Асқарбек Айдаров пен шымкенттік адуынды ақын Ақмарал Леубаева көтерілді. Шорабектің туған інісі Асқарбек «Еее-ееей, ағайыыын» деп әндеткенде халық бейнебір сахнадан Шөкеңнің өзін көргендей риза болысып жатты. Ал қашаннан ойлы қалпынан танбайтын Ақмарал болса оған салмақты жауап беріп-ақ өз бағасын асырып отырды. Қаратауды құт мекенге балаған оңтүстіктің ақын қызы «Қонаев Димаш салдырған қырық қаланың, Ең биік тұрған нүктесі сен боласың» деп тебіренгенде қаратаулық айтыссүйер әлеумет риза болысқан пейілмен дуылдасып қол соғып қоя берді. Осындай жансүйсінерлік айтыстың үлгісін астаналық Айнұр Тұрсынбаева мен жетісулық Айтақын Бұлғақовтардың да сөз сайысынан көре білдік. Қазақ айтысының жалауын желбіретіп жүрген қос ақын өздерінің бұл өнердегі әккіліктері мен тәжірибеліктерін шебер пайдаланып, айтысқа сусаған таластықтардың шөлін барынша қандырды. «Хайләйлім» деп жер тепкілеп, иығын оңды-солды қисаңдатқан Айтақын Бұлғақов Шашубайлардан қалған әдіспен шашасына шаң жұқтырмауға қанша тырысқанымен, айтыстың «анакондасы» атанып кеткен Айнұрдан айласын асыра алмады. Айтақынның ұлы Жандарбекпен де жиі айтысатынын еске алған Айнұр «Бұлғақовтардан құтылатын күн бар ма екен?» дегендей әзілмен жұрт көңілін көтеріп отырса, Айтақын Шорабекке достық қалжыңдарын арнап, баршаны шат-шадыман етті. Соңыра шыққан астаналық Серікзат Дүйсенғазин мен байзақтық Алтынкүл Қасымбековалардың да жең түрген жекпе-жегі көрермендердің көңілінен әбден шықты деуге болады. Мерейтой иесінің мақамымен шыққан Серікзат айтыс арнасын әзілмен әрлеуді жөн деп ұқса, азуы алты қарыс Алтынкүл де оны қоштай жөнелді. Алтынкүлдің ірі тұлғасын қарсыласы нысанаға ала отырып қағытты. Осылайша бұл жұптың да сөз тартысы жұрттың зор қошеметіне ие болды. Бұдан басқа бес жұп та өз кезегінде сөз бәсекесін қыздыруға тырысып бақты. Айталық, Шөкеңнің алғашқы шәкірті таластық Ербол Қамбатыров пен қордайлық Күміскүл Сәрсембаеваның айтысы да елеусіз қалмады. Жуалылық Қанат Мырзахан да мықты қарсылас бола алатынын танытты. Сондай-ақ, сарысулық Алик Бекмұсаев пен тараздық Есет Досалының да айтысы көрерменнің көңілінен шықты. Алайда «жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, қазылар алқасы оза шапқан таланттарды тап басып бағалауда ойлары бір жерден шыққанын айтып өтті. Нәтижесінде, Айнұр Тұрсынбаева бас жүлдені (1 миллион теңге) қанжығаласа, Серікзат Дүйсенғазин бірінші орынды (бес жүз мың теңге) жеңіп алды. Ал жетісудың жүйрігі Айтақын Бұлғақов жүлделі екінші орын (300 мың теңге) биігінен көрінді. Ал Алтынкүл Қасымбекова мен шымкенттік Ақмарал Леубаева үшінші орынға (200 мың теңге) лайық деп табылды. Сондай-ақ, Қанат Мырзахан, Күміскүл Сәрсембаева, Ербол Қамбатыровтар ерекше сыйлықпен (100 мың теңге) марапатталса, қалған ақындар да ынталандыру сыйлықтарын (75 мың теңге) иеленді. Жеңімпаздарды қазылар алқасының төрағасы Бекболат Тілеухан және аудан әкімі Болат Рысмендиев марапаттады. Осылайша шоқ тілді шайырдың алпыс жылдығы туған жерінде ұлан-асыр тойға ұласты.
Сәулембай Әбсадықұлы, Жанғазы Ахмет, «Ақ жол».
Талас ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді